Accessibility links

"Үрейде отырмыз". ДАИШ жесірлерінің Сириядағы өмірі


Негізінен ДАИШ экстремистік тобы содырларының отбасы мүшелері орналасқан әл-Хол лагеріндегі бала жетектеген әйел. Көрнекі сурет.
Негізінен ДАИШ экстремистік тобы содырларының отбасы мүшелері орналасқан әл-Хол лагеріндегі бала жетектеген әйел. Көрнекі сурет.

Сириядағы Рож және әл-Хол лагерлерін жас балаларымен бірге паналап отырған тәжік содырларының жесірлері Анкараның әскери операциясының кесірінен босқындарға аштық пен өлім қаупі төніп тұрғанын айтады. Тәжікстан билігі Таяу Шығыстан азаматтарын елге қайтару жоспарына түрік әскерінің Сирияға енуі бөгет болғанын хабарлайды.

ЖАРЫЛЫСТАР МЕН АШТЫҚ ҚАУПІ

Тәжістан азаматы Гулнора Орифованың сөзінше, өзі екі баласымен бірге тұрып жатқан әл-Рож лагерінде тағы 30 тәжік әйел мен балалар бар. Орифова лагерде атыс пен жарылған бомба дауысы естіліп тұрғанын айтады. Қарулы шайқас лагерден 15-20 километр жерде жүріп жатыр деп топшылайды ол.

Әл-Рож лагерінде жүрген балалар. Наурыз, 2019 жыл.
Әл-Рож лагерінде жүрген балалар. Наурыз, 2019 жыл.

- Жолдың жабылғанына төрт күн болды, азық-түлік жеткізу тоқтап қалды. Дүкендерде барлығы таусылған, енді төрт күн осылай болса аштық басталады. Бүгін түнде шатырлардың маңында төрт-бес жарылыс болды. Жарылыс болғанда шатырлар шайқалады, - деді Орифова қазанның 12-і күні Озоди радиосына.

Гулнора Орифова осыдан бес жыл бұрын Сирияға күйеуімен бірге барған. Жұбайы сол кезде Ирак пен Сирияның ауқымды бөлігін бақылауда ұстаған ДАИШ (өздерін "Ислам мемлекеті" деп атайтын экстремистік топтың арабша қысқарған атауы – ред.) мүшесі болған. ДАИШ талқандалғаннан кейін Орифова балаларымен бірге күрд жасағының қолына түскен. Қазір ол өзге тәжік әйелдермен бірге тұрып жатқан лагерь БҰҰ-ның бақылауында. Лагердің күзетін қамтамасыз ететін күрд жасақтарына қарсы қазанның 8-і күні Түркия әскери операция бастаған.

Азаттықтың Тәжік қызметіне (Озоди радиосы) Сириядан мессенджермен хабарласқан Мариям есімді тағы бір тәжікстандық әйел түрік шекарасына жақын орналасқан лагерде екенін жеткізді. Оның жазуынша, лагерге баратын жолдардың барлығы жабылып, "азық қоры түгесілуге таяған". Мариям бұған дейін азық-түлікті туыстары жолдаған ақшаға сатып алып келгенін, бірақ қазір ақша аударатын орындар жабық тұрғанын айтады.

Сириядағы әл-Хол лагері. Сәуір, 2019 жыл.
Сириядағы әл-Хол лагері. Сәуір, 2019 жыл.

Әл-Хол – Сирияның солтүстігіндегі ДАИШ содырлары отбасыларының мүшелері отырған ірі лагерь. 10 мың әйел мен бала тұрып жатқан бұл лагердегі жағдай тіпті ауыр. Бұған дейін БҰҰ аталған лагердегі балалар мен әйелдер азық-түліктен таршылық көріп отырғанын айтып, алаңдаушылық білдірген. Әл-Холда төрт жүзге жуық тәжікстандық бар деп хабарланды.

Солардың бірі, өзін Фаришта деп таныстырған тәжік әйел Озоди радиосына телефонмен хабарласты. Ол түрік әскери операциясы кесірінен аса ауыр жағдайда қалғандарын айтып шағынды. Оның сөзінше, егер қайырымдылық ұйымдарынан көмек келмесе онда екі аптадан кейін лагердегі адамдар аштық пен аурудан қырыла бастауы мүмкін.

- Барлығымыз төбемізден қашан бомба түседі немесе тағы бірдеңе болады екен деп үрейде отырмыз. Азық-түлік әбден таусылуға таяды, - дейді Фаришта.

ДУШАНБЕНІҢ ЖОСПАРЫН БҰЗҒАН ӘСКЕРИ ОПЕРАЦИЯ

Өткен аптада Душанбе Сириядағы тәжік әйелдер мен балаларды елге қайтару жоспарын әзірлеп жатқанын мәлімдеген еді. Бірақ Анкара әскери операцияға кіріскеннен кейін Тәжікстан билігінің жоспарын жүзеге асыру қиындаған. Анкараның Сириядағы әскери операциясы Тәжікстан билігінің "тәжік әйелдері мен балаларын елге қайтару шараларын қарастырып жатырмыз" деген уақытқа тұспа-тұс келді.

Тәжікстан үкіметіндегі ақпарат көзі қазанның 12-сі күні Азаттықтың Тәжік қызметіне "жоспар бірер күнде жүзеге асып, әйелдер мен балалардың бірінші тобы қақтығыс аймағынан тыс елдерге көшірілуі керек болатын. Бірақ Түркияның операциясы кесірінен жоспарды орындау мүмкін болмай отыр" деп хабарлаған.

Ақпарат көзі Түркияның әскери операциясына байланысты тәжік дипломаттарына Сирияға бармауға кеңес берілгенін хабарлады.


Тәжікстан биыл жазда Таяу Шығыстан елге 84 баланы қайтарған. Соғыс аймағынан өз азаматтарын алып шығу шараларын Орталық Азияның өзге де елдері, соның ішінде, Қазақстан мен Өзбекстан да жүзеге асырған. Қазақстан 2019 жылдың басынан бері Сириядан 516 азаматын, негізінен әйелдер мен балаларды елге жеткізген. Қазақстанға келгеннен кейін олардың кейбірінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейбірі террористік және экстремистік қылмыс жасаған деген айыппен сот үкімі бойынша түрме жазасына кесілген. Өзбекстан Таяу Шығыстан 200-ден астам азаматын алып шыққан.

2013 жылдан бері Таяу Шығыстағы қарулы жанжал аймағына Орталық Азиядан мыңдаған адам барған.

АНКАРАНЫҢ СИРИЯДАҒЫ ОПЕРАЦИЯСЫ

Анкара күрд жасақтарына қарсы әскери операциясын қазанның 8-і күні бастаған. Сириядағы қарулы жанжалда өзіне жақын тартатын оппозициялық топтарды қолдайтын Түркия күрд жасақтарын Сирияның ішкі жағына қарай ығыстыруды көздеп отырғанын мәлімдеген. Анкара күрд жасағының Түркия "террористік ұйым" деп таныған және көп жылдан бері өз аумағында күрес жүргізіп келе жатқан Күрдістан жұмысшы партиясының қарулы күшерімен байланысы бар деп санайды. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қазанның 11-і күні Түркия әскері күрд жасақтарын шекара сызығынан Сирияның ішіне қарай 32 километр жерге ығыстырғанша шабуылды тоқтатпайды деп мәлімдеген.

Ердоған Түркия Сирияның солтүстігіндегі ДАИШ содырлары мен күрд жасақтарына қарсы әскери операцияны бастауға дайын екені туралы қазанның басында айтқан. АҚШ президенті Дональд Трамп Анкараның ондай іс-қимылын құптамайтынын мәлімдеген. Сонымен бірге Трамп "егер Түркия бірдеңені бүлдіретін болса, оны шектен шығу деп қабылдап, Түркия экономикасын толығымен күйретіп, жоқ қыламын" деп сес көрсеткен.

Трамптың бұйрығы бойынша АҚШ әскерін Сириядан шығаруға кіріскеннен кейін бірнеше күннен соң Түркия Сириядағы әскери операцияны бастаған. Трамптың Сириядан әскерді шығару туралы шешімі АҚШ-та сынға қалды.

Вашингтон Сириядағы радикалды топтарға қарсы 2014 жылдан бері күрес жүргізіп отыр. АҚШ бастаған коалиция Сирия демократиялық күштеріне қолдау көрсетеді. Сириялық күрдтер – Вашингтонның ДАИШ содырларына қарсы күрестегі негізгі одақтасы.

Батыс елдері адам құқықтарын жаппай бұзады деп айыптайтын Сирия президенті Башар Асадты қолдайтын Ресей 2015 жылы Сирияда әскери операциясын бастаған.

(Азаттықтың Тәжік қызметінің материалы бойынша әзірленді.)


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG