Accessibility links

Тәжікстанда халықтық медицинаға деген сенім әлі күшті


Ауырып жатқан тәжік әйелі. Душанбе, 27 қазан 2009 жыл.
Ауырып жатқан тәжік әйелі. Душанбе, 27 қазан 2009 жыл.

Тәжікстанда денсаулық сақтау қызметі – тегін, дәрігерлер мен емханалар – жеткілікті. Алайда ел дәрігерлерге қаралғаннан гөрі тәуіптерге барғанды артық көреді. Суық тисе – шиебөрінің етін, құрсақ көтергісі келсе – ұрғашы қасқырдың қынабын жейтін Тәжікстанның кей аймақтарында халықтық ем-дом ғылыми медицинаны ығыстырып барады.


Туберкулезге шалдыққан Назирджон Назиров тезірек жазылу үшін Хатлон уәлаятындағы ауруханада алты ай жатудан гөрі жайра етімен емделуді жөн көрген.

"ЕМШІ ЖАЙРА ЕТІН ЖЕ ДЕДІ"

- Ауырып қалған адам тез арада қайта жазылғысы келеді. Денсаулығым жақсарады екен деп кез-келген кеңеске құлақ аса бастайсыз. Бір емші "жайра етін жеу керек" деді. Сосын мен жергілікті аңшыларға ақша төлеп, жайра етін табуды сұрадым, - дейді Назирджон Назиров.

Мұндай әңгімелерді естіген сайын Куляб қаласындағы тубдиспансердің басшысы Рахматулло Джураев сияқты дәрігерлер дағдарып қалады.

- Біз науқастарға жайра етімен туберкулездің емделмейтінін және бұл ауруды жылдам емдеудің әдісі жоқ екенін айтамыз, - дейді Джураев.

Тәжікстандағы аурухана. Табошар қаласы, 7 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Тәжікстандағы аурухана. Табошар қаласы, 7 наурыз 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
Оның айтуынша, бұл ескертулерге қарамастан туберкулезге шалдыққан науқастар ұзаққа созылатын ем-домнан қашқақтап, өз бетімен емделе бастайды.

Душанбеде орналасқан жүрек аурулары бойынша ұлттық орталық басшысының орынбасары Хусейн Рахмонов та бұл пікірмен келіседі. Ерекше емдеу тәсілдері әсіресе депрессия, ұйқысыздық, бедеулік және созылмалы ауруға шалдыққан адамдар арасында кең тараған. «Кейде денсаулығы тым нашар науқастар да тәуіптерге жүгінеді» дейді Рахмонов.

Мұның салдары қиын болуы мүмкін. Себебі медициалық жолмен-ақ емделетін науқастар дәрігерге тым кеш барып, уақыты зая кетуі мүмкін. Кейде, әсіресе жабайы аңдардың етін жеуді әдет қылғандар үшін, мұндай ем-домның кесірі бірден байқалмауы да мүмкін.

Туберкулез кең тараған Тәжікстанның Куляб аймағында жайра еті зор сұранысқа ие болғандықтан қара базарда оның бір килограмы 40 сомони (8 АҚШ доллары) тұрады. Бұл сиыр етінен шамамен екі есе қымбат.

Ұрғашы қасқырдың қынабын жеуге де сұраныс бар, бірақ оның нақты бағасын анықтау мүмкін емес.

Құдайға жалбарынып отырған тәжік әйелі. Душанбе, 17 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Құдайға жалбарынып отырған тәжік әйелі. Душанбе, 17 қыркүйек 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Таяуда Хатлон уәлаятындағы Муминобод ауданындағы жергілікті аурухананың дәрігерлері тамақтан уланып өле жаздаған ерлі-зайыптыларды емдеді. Олар белсіздік пен бедеуліктен жазылу үшін қасқырдың қынабын жеген көрінеді. Бұл туралы дәрігер ештеңе айтпаса да, ерлі-зайыптылардың туысқанынан сұрап білдік.

Тәжікстанда денсаулық сақтау қызметі тегін, сонымен қатар елде дәрігерлер мен емханалар және ауруханалар көп. Олардың саны ауылды жерлерде де жетерлік.

- Қазіргі заманға лайық диагностикалық және емдеу құрал-жабдықтарының бәрі бар. Сонда да дәстүрлі ем-дом жасаудың көбейіп бара жатқаны таң қаларлық жайт, - дейді Рахмонов.

Бірақ бұған медициналық қызметкерлер арасында кең тарады деп айтылатын жемқорлық пен парақорлық себеп болуы мүмкін.

- Денсаулық сақтау қызметінің тегін екені - өтірік. Жақсылап емделу үшін науқастар көп ақша төлеуі керек. Мұны бәрі біледі, - дейді Душанбедегі әлеуметтік мәселелер бойынша сарапшы Давлатмурод Джумаев.

- Егер сіз тәуіпке немесе молдаға барсаңыз, қалаған ақшаңызды төлейсіз - я бір немесе үш сомони. Ал дәрігерлерге көрінсеңіз, олар тіпті ем бастамай жатып тек
Тәжікстандағы аурухана дәрігерлері. Душанбе, 17 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Тәжікстандағы аурухана дәрігерлері. Душанбе, 17 қараша 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
рецепт жазып бергені үшін ғана кемінде бес сомони (1 АҚШ доллары) төлеткізеді. Дәрі-дәрмектер де өте қымбат, науқас жандар рецептегі дәрілердің жартысын да сатып ала алмайды, - дейді Джумаев.

Оның айтуынша, бұған қоса жақсы қаржыландырылмайтын, электр жарығы бірде бар, бірде жоқ, канализация жүйесі нашар ауылдық ауруханалар медицина мамандарының беделін түсіруге себеп болып жатыр.

Жүрек аурулары бойынша ұлттық орталық жүргізіп жатқан жаңа сауалнаманың нәтижесі "неліктен науқастар емделу үшін көбінесе халық медицинасын жөн көреді" деген сауалға жауап беруі мүмкін.

Ал туберкулезге шалдыққан Назиров сияқты пациенттер дәстүрлі ем-домды тәуекел етуге тұрарлық тәсіл көреді. «Не болса да, байқап көрейін» дейді ол жайраның етін жеп болған соң.

Қазақстанда да ғылыми медицинадан гөрі халықтық емге жүгінетіндер аз емес. Бұл туралы 2010 жылы польшалық ғалым Зузанна Грзывац ғылыми зерттеуінде жан-жақты қамтып жазған еді.

Грзывац ханымның «Өзгеріп жатқан дәстүрлі қазақ емі» деп аталатын академиялық жұмысы электронды кітап ретінде жарық көрді. Оны мына сілтеме бойынша ағылшын тілінде оқи аласыздар.

(Мақала Фарангиз Наджибулланың материалы негізінде дайындалды).
XS
SM
MD
LG