Accessibility links

Сотталғандарды түрмеден жалған құжатпен босатып отырған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Тәжік прокурорлары бұрын-соңды болмаған қылмыстық істі қарап жатыр. Бұрын қорғаушы болып істеген Тура Суннатов сотталғандардың жазасын жеңілдету немесе түрмеден шығару үшін жасанды мөр басып, қол қойып отырған.

Ондаған клиентті разы қылғанына қарап Суннатовты Тәжікстан тарихындағы «ең табысты адвокаттардың бірі» десе болар. Екі жылға жетер-жетпес уақыт ішінде ол 10 адамды түрмеден шығарып, 16 адамның жаза мерзімін «қысқартқан».

Прокурорлардың айтуынша, оның алаяқтық әрекетін клиенттері білмеген. Суннатов құжаттар мен хаттарды, адамдардың қолдарын, судья мен соттардың мөрін қолдан жасаған, олардың арасында тіпті Тәжікстанның жоғарғы сотының «құжаттары» да бар. 38 жастағы Душанбе тұрғыны, өзі де бұрын сотталған адвокат бұл қызметтері үшін жүздеген доллар алып отырған.

Орташа айлық табыс 100-150 доллардан аспайтын ел үшін бұл - үлкен сома. Бірақ туыстарын түрмеден шығару үшін талай отбасы бұл соманы шамасы келгенше жинап береді. Тәжікстан прокуратурасының мәліметіне қарағанда, «клиенттер әлгі «құжаттарды» түрме басшылығына апарады, ол жердегі «қамсыз» шенеуніктер ештеңеден күдіктенбеген».

Жалған мөрлер соғылған, қолдар қойылған жасанды құжаттармен 2015-2016 жылдар аралығында Тәжікстанда 10 адам түрмеден шыққан, басқалары «еңбекпен түзету мекемесінен» жағдайы жақсырақ кәдімгі түрмелерге ауысқан.

Енді билік Суннатовтың көмегімен мерзімінен ерте босатылған сотталушыларды қайтадан түрмеге қайтаруға әрекет жасап жатыр. Ондаған адам қайтадан еңбекпен түзету лагерлеріне оралды, тағы оншақтысы жазасын өтеу мерзімі аяқталмағаны туралы хабарландыру алды.

Тәжікстанның Бас прокуратурасының аға тергеушісі Бахриддин Исозоданың сөзіне қарағанда, Суннатов жасанды құжаттар жасағаны үшін және алаяқтық әрекеттері үшін айыпталмақ, бұл айыптардың әрқайсысы бойынша ол бес жылға сотталуы мүмкін.

Суннатов 2008 жылы жалған құжаттар жасағаны үшін үш жылға сотталған, бірақ ол сот туралы егжей-тегжейлі ақпарат жоқ. Исозоданың айтуынша, душанбелік тағы екі қорғаушы мен түрме қызметкері Суннатовтың «сыбайластары» ретінде ұсталған.

Тәжікстан жоғарғы соты ғимараты.
Тәжікстан жоғарғы соты ғимараты.

Азаттықтың тәжік қызметі Суннатов жасаған жалған құжаттардың көшірмесін алды, прокурорлар мұндай қылмыстың жасалуына күдіктінің «құжаттарды шебер жасауы» мен «құқық қорғау мекемелерінің немқұрайлығы» себеп болғанын айтады. Күдіктілердің қылмысын жүзеге асыруына көп ештеңе керек болмаған, олар «құжаттарды» үйде отырып жасай берген. Тергеуші «олар компьютер, сканер мен қарапайым қағазды пайдаланған» дейді.

Мысалы, Суннатов 8 жылға бас бостандығынан айрылған әйелді түрмеден шығару үшін 2500 доллар алған. Тағы бір жолы 8 жылға сотталған ер адамның мерзімін төрт жылға азайтқан. Екі оқиғада да Суннатов Жоғарғы сот судьяларының қолы мен мөрін жасаған.

Тергеуге жақын дереккөздің Азаттық радиосына берген ақпараты бойынша, жасанды жолмен «қол қойған» судьялардың біразы Суннатовтың Душанбедегі сотына қатыспақ. Шенеуніктер сот өтетін күнді айтпады.

Аты-жөнін жасырған дереккөздің айтуынша (олар БАҚ-қа ақпарат бермеуге тиіс), шенеуніктердің біразы күдіктінің жасанды жолмен қол қойғанына таңданған. Суннатов желтоқсан айында тұтқындалды, онымен келісе алмаған клиентттердің бірі оны көрсетіп жіберген.

Фарангис Наджибулла мен Каюмарс Атоның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG