Accessibility links

«Тәжікстандағы қазақ жастары ана тілін білмейді»


Душанбе көшесіндегі адамдар. (Көрнекі сурет)

Тәжікстандағы қазақтар жайлы кітап шығарған ғалым қандастарының ол елге қашан барғаны туралы, жастардың қай тілді көбірек хош көретіні жайлы айтты.

Душанбеде "Тәжікстан қазақтары" деп аталатын кітап жарыққа шықты. Кітап Тәжікстан қазақтарының әдет-ғұрпы және бүгінгі салты жайында. 500 данамен орыс тілінде жарық көрген кітаптың авторы – жергілікті профессор Әбдісаттар Нұрғалиев. Ол кісі қазақ әдебиеті және Абай туралы тәжік тілінде зерттеулер жазған. Тәжік-қазақ достық қоғамының төрағасы, қазір Душанбедегі Ресей-Тәжікстан славян университетінде дәріс оқитын Әбдісаттар Нұрғалиев Азаттыққа берген сұхбатында ол елдегі қазақтардың тарихы жайлы айтты.

Азаттық: Қазақтар Тәжікстанға қай кезде барған?

Әбдісаттар Нұрғалиев: – Тәжікстан қазақтарының бұл жаққа келгеніне 400 жылдам астам екен. Басында «60-70 жыл ғана болған шығар» деп ойлаған едік. Қазақтардың Тәжікстан жеріне көшіп келу кезеңін біз бірнеше кезеңге бөлдік. Бірінші кезеңде келген қазақтар – негізінен Маңғыстау өңірінен қоныс аударған, 16-ғасырдың басында Шайбани бастаған көшпелі өзбектердің Мауераннаһр мен Ауғанстанға жасаған шабуылы кезінде өзбек-қазақ болып аталатын тайпалар құрамында бірге келген қазақтар. Екінші кезең – 1723 жылдан кейінгі жоңғар жаугершілігі кезінде «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталатын кезеңде бас сауғалап, үдере көшкен қазақтардың бір тобының осы жерге келіп қоныстануы. Мұны да кейбір шежіре білетін қарттар анық айта алмағанымен, жоққа да шығармайды. Үшінші кезең – совет өкіметі орнағаннан кейін бай-кулактарды қудалай бастаған кезеңде қоныс аударған қазақтар.

Азаттық: – Қазақтардың Тәжікстан аумағына қоныс аудару кезеңін тым әріден бастап отырсыз. Деректерді қайдан алдыңыз?

"Тәжікстан қазақтары" кітабының авторы Әбдісаттар Нұрғалиев. Душанбе, 30 қаңтар 2017 жыл.
"Тәжікстан қазақтары" кітабының авторы Әбдісаттар Нұрғалиев. Душанбе, 30 қаңтар 2017 жыл.

Әбдісаттар Нұрғалиев: – Мұрағаттардан дерек алу өте қиынға түсті. Әрине, облыстық, республикалық мұрағаттарда сақталған ескі жазбаларды пайдаландым. Бірақ негізінен ауызекі әңгімелерден, қарттардың сөзінен алдым. Одан басқа кейбір тарихи деректерді қолдандым.

Азаттық: – Тәжікстан қазақтарының саны туралы әртүрлі мәлімет бар. Қазақтарды зерттеуші ретінде нақты бір дерек айта аласыз ба?

Әбдісаттар Нұрғалиев: – Тәжікстанда 1990 жылы 11 мың 700 қазақ болған еді. Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін басым бөлігі көшіп кетті. Ресми есеп бойынша, 2 мыңға жуық қазақ бар. Бірақ осыдан екі жыл бұрын қазақтардың тағы бір тобын таптық. Олар – өзбектеніп кеткен қазақтар. Рулары – уақ, құжат бойынша ұлты – өзбек. Яғни ұлтын өзбек деп жаздырып алған, бірақ бойларында қазақ қалыптары сақталған. Олар Соғды облысына қарасты Истаравшан ауданындағы Боратөбе ауылында тұрады. Сосын 200-дей аралас отбасылар бар. Сол себепті, мен дәл қазіргі сәтте 4 мың қазақ тұрады деп анық айта аламын.

Азаттық: – Жергілікті қазақтар ұлттық салт-дәстүрін, тілін қаншалықты сақтап келеді?

Сол себепті орта мектеп бітірген жастар Қазақстанға кетуге, сол елде білім алуға талпынады.

Әбдісаттар Нұрғалиев: – Тәжікстандағы аз қазақтың басын қосатын – «Бәйтерек» мәдени орталығы. Мұндағы қазақтардың кәсібі де әрқилы. Мемлекеттік қызметте де істейтіндер бар. Мал шаруашылығымен айналысатын қазақтар да бар. Бірақ қазақ тілін білетін ақсақалдардың бәрі кетіп қалды. Қазіргі жастар ана тілін білмейді. Бұған, біріншіден, мектепте қазақ тілінің оқытылмайтыны себеп болса, екіншіден, өскен ортаның әсері көп. Себебі бұл жерде өзбек ұлтының өкілдері көп. Сондықтан да болар қазақ жастары не орысша, не өзбекше сөйлейді. «Бәйтерек» орталығы қазақ жастарын жинап, тілін-дәстүрін үйретуге барынша жұмыс жасайды. Өскен ортасына байланысты ұстанатын салт-дәстүрлері де бейімделе береді ғой. Орта мектепте қазақ жастарының алдында не өзбекше, не, орысша, не тәжікше оқуға таңдау бар. Сол себепті орта мектеп бітірген жастар Қазақстанға кетуге, сол елде білім алуға талпынады. Жыл сайын арнайы конкурстан өтіп, Қазақстаннан оқуға мүмкіндік алып жатқан жастар да жетерлік.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рахмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG