Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "БҰҰ басшысы қызметіне кетеді екен, сол үшін Конституцияны жеделдетіп қабылдатып жатыр" деген әңгіме ел ішінде де, сыртта да айтылып жүр. Әзірге бұл долбарды растайтындай ешқандай ресми мәлімдеме жоқ, бірақ сарапшылар бұл Тоқаевтың билік транзиті жоспарындағы ықтимал вариант болуы мүмкін дейді.
БҰЛ СӨЗ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
"Тоқаев халықаралық ұйымға кетеді" деген сөз негізсіз долбардың бірі ретінде біраздан бері айтылып жүрген. Вице-президент лауазымын енгізу туралы ұсыныс шыққанда бұл әңгіме өрши түсті, бірақ ресми Ақорда бұл мүмкіндікті жоққа шығарса, сарапшылар нақты болжам жасамаған.
13 наурызда Reuters агенттігі "Қазақстан дипломатиясындағы дереккөзге" сілтеме жасап, Тоқаев "бас хатшылыққа баруды да, екінші президенттік мерзімге түсуді де қарастырып отырғанын" жазды. Дегенмен басқа детальдары құпия күйінде қалды.
Reuters-ке пікір білдірген қазақстандық сарапшы Досым Сәтпаев та вице-президент лауазымы Тоқаевқа "қызметінен кетерден бұрын мұрагерін орнына қойып кетуге мүмкіндік береді" деген.
15 наурызда Конституцияға енгізілген өзгеріс бойынша, президент қандай да бір себеппен қызметінен кетсе, оның міндетін атқару вице-президентке жүктеледі, екі ай ішінде жаңа президент сайлауы өткізіледі. Тоқаев 2022 жылғы 20 қарашада мерзімінен бұрын өткен сайлауда бір реттік 7 жыл мерзімге сайланған. Демек, оның өкілеті 2029 жылы қарашада аяқталуы тиіс.
ТОҚАЕВТЫҢ ӨЗІ НЕ ДЕЙДІ?
Қазақстан президенті 2025 жылғы қыркүйекте халыққа жолдауында парламентті реформалап, Конституцияға өзгеріс енгізу туралы ұсыныс айтты. Ұсыныстарды ел ішінде бір жыл бойы талқылап, 2027 жылы референдум өткізу қажет деді Тоқаев. Әдеттегіден ерте, қыста өткен ұлттық құрылтай жиынында Тоқаев елде вице-президент лауазымы енгізілетінін мәлімдеді.
Ал бір жыл жүреді деген парламент реформасына қатысты талқы тез аяқталып, Конституцияны қайта жазуға ұласты. Сөйтіп, ақпан айында негізгі заңның жаңа нұсқасы жарияланып, референдум жедел түрде наурызға белгіленді.
Сарапшылар процестің жылдам жүруі әлдебір өзгеріске дайындықтың басы деп топшылай бастады.
15 наурыз – референдум күні Тоқаев Астанадағы Оқушылар сарайында дауыс берді. Сол жерде журналистерге арнап брифинг өткізді (ол жерден Азаттық тілшісін полиция алып кеткен). Онда мемлекеттік Jibek Joly телеарнасының тілшісі "Вице-президент лауазымының енгізілуі транзитке дайындықтың басы емес пе?" деген мазмұнда сұрақ қойды. Тоқаев көбіне вице-президенттің атқаратын функциясы, халықаралық тәжірибе туралы айтты. Ақорда таратқан ресми мәтінде Тоқаев сөз соңында "президент сайлауы қазіргі Конституцияға сәйкес 2029 жылы өз мерзімінде өтеді" деген. Яғни, "БҰҰ-ға кетеді" деген долбарға осы жауабымен нүкте қойғандай болды. Бірақ...
Президент телерадиокешені таратқан ресми видеода Тоқаевтың дәл осы сөйлемі жоқ. Ол мұны өз аузымен айтпады ма, әлде айтқан сөзін кесіп тастады ма, ол жағы түсініксіз. Қиып тастаған болса, сайлау ерте өткен жағдайда, Тоқаев өз аузымен айтқан дәйексөз табылмайды. Яғни оны "екі сөйледі" деп кінәлау қиын болмақ. Азаттық бұл редакциялық шешімнің артында не тұрғанын сұрап, президент телерадиокешеніне сұрау жолдады.
Дегенмен, Тоқаев "БҰҰ-ға бармайтынын" кемі екі рет шегелеп айтқан. Мысалы, 2025 жылғы 3 қаңтарда "Ана тілі" газетіне берген сұхбатында Тоқаев "Женевадағы тәжірибем маған жетеді" десе, 2026 жылғы "Түркістанға" берген сұхбатында "ұсыныстарға қарамастан, Біріккен ұлттар ұйымындағы жұмысқа қайта оралатын ниетім жоқ" деді.
"ҚАЗАҚСТАНДЫ БАСҚАРҒАННАН БҰҰ-НЫ БАСҚАРУ ҚЫЗЫҒЫРАҚ"
Сарапшылар Қасым-Жомарт Тоқаевтың ісі кейде сөзінен өзгеше шығып жататын айтады. Бұл Конституцияны өзгертуге қатысты шешімдерден байқалады. Сондықтан бірнеше сарапшы Тоқаев БҰҰ-ны басқаруға кетуді президенттіктен кетудің бір ықтимал варианты ретінде қарастырады деп топшылайды.
Берлиндегі Карнеги орталығының ғалымы Темур Умаров Тоқаев БҰҰ-ға барып, өзіне халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі мүмкін дейді.
"Мәселен, Қасым-Жомарт Кемелұлының болашақта БҰҰ Бас хатшысы лауазымын иеленуді бұрыннан армандағаны туралы сыбыс бар. Ол үшін бұл – ең алдымен қауіпсіздік кепілдігі болуы мүмкін. Яғни, Қазақстанның ішкі саяси алаңынан шығып, халықаралық ұйымды басқару арқылы президент өзіне халықаралық деңгейдегі қорғаныс таба алады", – деді Умаров ВВС-ге сұхбатында.
"Оған Қазақстанды басқарғаннан БҰҰ-ны басқару қызығырақ. Белгілі бір деңгейде Тоқаев өз қызметіне кездейсоқ келді, шын мәнінде ол – кәсіби дипломат, оған халықаралық сала жақынырақ. Орталық Азиядағы жас мемлекеттерде мұндай қызметке тағайындау үлкен бедел саналатынын да ескеру керек", – деді Meduza-ға пікір білдірген Орталық Азия бойынша сарапшы.
Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдері, құқық қорғаушылар Тоқаевты 238 адамның өмірін қиған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезіндегі рөлі үшін көп сынайды, оны жауапқа тарту туралы да үндеулер айтылады. Биліктің өзі жоққа шығарғанымен, елде адам құқықтарының ахуалы нашарлап бара жатқаны жиі айтылады. Конституция жобасын талқылаудың өзінде де "қарсы пікірлерді таратуға теңдей кепілдік берілмеді" деді ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросының арнайы миссиясы. Бұған қоса елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалды сынайтындар да мұны Тоқаевтың ел басқарудағы кемшілігі санайды.
Яғни, CAPS Unlock институтының коммуникация директоры Питер Леонардтың сөзімен айтсақ, бұрынғы президенттер зейнетке тыныш шыға алмайтын аймақта билік транзитін ойлап жүрген көшбасшы үшін БҰҰ-ға бару ұтымды қадам болар еді.
БҰҰ-ДАҒЫ ТӘЖІРИБЕ, БЕЙБІТШІЛІК КЕҢЕСІ ЖӘНЕ G20-ҒА ШАҚЫРУ
Кәсіби дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан тәуелсіздігінің бастапқы жылдары ұзақ уақыт сыртқы істер министрлігін басқарды. Елге қайтып оралып, екінші лауазымды тұлға – сенат төрағасы қызметіне кіріскенге дейін, 2011-2013 жылдары БҰҰ Бас хатшысы төрағасының орынбасары, ұйымның Женевадағы өкілдігінің басшысы болды. Яғни БҰҰ үшін бөтен адам емес.
Ол Біріккен ұлттар ұйымы құрылымдарын жаңарту жайлы біраздан айтып келеді. Кейінгі рет 2025 қыркүйекте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының 80-сессиясында ол ұйымның Қауіпсіздік кеңесіне "орта державалардың ықпалы ұлғаюы" керек деген ой айтты.
БҰҰ – жаһандық деңгейдегі ең жоғары легитимділікке ие жалғыз платформа. Оның негізгі функцияларына халықаралық саяси конфликтілерді шешу, гуманитарлық көмек пен халықаралық құқық пен конвенциялардың орындалуын қадағалау және төрелік соттар кіреді. БҰҰ бас хатшысы бес жылға сайланады және бір азамат екі мерзімге үміткер бола алады.
АҚШ президенті Дональд Трамп кикілжіңдерді шешудің жаңа платформасы – "Бейбітшілік кеңесін" құрып, оған кіруге шақырғанда Тоқаев бірден келісім берді. 2026 жылы ақпан айында оның жиынына да қатысты әрі Газаға халықаралық қауіпсіздік күштері миссиясы аясында әскер жіберуге дайын екенін де мәлімдеді.
19 наурызда Трамп президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ресми хат жолдап, жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитінің құрметті қонағы болуға шақырды. Әлем экономикасының 80 пайызы жиналатын саммитке ресми шақырту алу да БҰҰ басшысын сайлау алдында Тоқаевқа ұпай қосуы мүмкін.
ТОҚАЕВТЫ КІМ ҚОЛДАЙДЫ?
Тоқаевтың Женевадағы тәжірибесі, Ресей президенті Владимир Путин және Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен жақын таныстығы, Дональд Трамппен қоян-қолтық араласа бастауы халықаралық ұйым басшылығына баруға көмектеседі дейді Питер Леонард.
Еуразиядағы саяси шешімдер туралы жазатын Nikkei Asia басылымының Вашингтондағы редакторы Кен Мориасу желіде Тоқаевтың кандидатурасы "Трампқа ұнайтыны анық" деп жазды. Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің бәрімен дерлік тығыз қарым-қатынаста екенін ескерсек, өзі осы жолды таңдаса, қолдау табуы ықтимал дегенді білдіреді.
Қазақстандық саясаттанушы Виктор Ковтуновскийдің ойынша, Тоқаевтың кандидатурасын өткізуге тырысып жатқан басты ел – Ресей.
"Кезекті Бас хатшы төңірегінде "үлкен ойында" таныстырушы рөлін Путин ойнап отыр дегенге күмән аз. Оның ең кем дегенде сенімді әрі сөзіне құлақ асатын БҰҰ басшысын тағайындау ниеті болары анық. Ресей президенті халықаралық изоляцияда отыр. Оны мемлекеттер арасындағы диалог үшін құрылған алаңда бұзып өту – нағыз шынайы стратегия", – деп жазады ол Respublika.kz.media басылымына.
Ковтуновскийдің айтуынша, Францияның Тоқаевты қолдауына елдің уранға деген мұқтаждығы себеп болуы мүмкін. Ал журналист әрі сарапшы Анатолий Иванов-Вайскопфтың жазуынша, Қазақстан президентінің французша сөйлеуі де оның бәсін арттыра түседі.
"БҰҰ-ның ресми тілдеріне ағылшын, араб, испан, қытай, орыс және француз тілдері кіреді. Қазір француз тілін білу өте маңызды саналады. Кейінгі дауыс берудің бәрінде Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде Франция француз тілін білмейтін кандидаттарға "қызыл карточка" көрсеткен", – деп жазды ол Cronos.asia сайтындағы сараптамасында.
Тоқаевтың қытай тілін білетіні, дипломатиялық карьерасын Қытайда бастағаны және Пекиннің Астанамен маңызды инфрақұрылым жобаларын бірлесіп жасауы – осының барлығы Си Цзиньпиннің де бұл кандидатураны қолдауына жол ашады дейді сарапшылар.
БҰҰ БАС ХАТШЫСЫ БОЛУ ОҢАЙ МА?
Біріккен ұлттар ұйымының бас хатшысы – әлемдегі ең ірі халықаралық ұйымдағы ең үлкен дипломатиялық қызмет. Оған кандидаттарды тіркеу сәуірде аяқталады. Кандидаттар сәуір айынан бастап Бас ассамблея тыңдауларына қатысады, өз жоспарын таныстырып, пікірталасқа қосылады, сондай-ақ мемлекеттер мен азаматтық қоғам өкілдерінің сұрақтарына жауап береді.
Ал шілде-қазан айлары аралығында БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше 15 мемлекет жабық дауыс беру арқылы бір кандидатты таңдап, Бас ассамблеяға ұсынады. Кандидат Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты 5 мүшесі – АҚШ, Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбританияның қолдауын таппаса, өтпей қалады. Өткен үміткерді Бас ассамблея қараша айының басында сайлайды, бірақ ол формалды процесс саналады. Яғни келесі бес жыл БҰҰ-ны кім басқаратынын Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты 5 мүшесі шешеді.
"БҰҰ Хартиясына сәйкес, Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысымен жаңа Бас хатшыны Бас ассамблея тағайындауға тиіс. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша. Тарихи дәстүр бойынша, [Қауіпсіздік кеңесінің] вето құқығына ие тұрақты бес мүшесі кандидатты өздері таңдайды, ал 193 мемлекеттен тұратын Ассамблеяға тек сол таңдауды "мөрмен басып бекіту' ғана қалады", – деп жазады америкалық Devex басылымының редакторы Хелен Мёрфи.
Бейресми келісім бойынша, БҰҰ бас хатшысы лауазымы әр құрлық өкіліне кезекпен ауысып отырады. Мысалы, ұйымның қазіргі бас хатшысы Антониу Гутерриш Португалиядан шыққан, яғни Батыс Еуропа өкілі, оған дейінгі басшы Пан Ги Мун Оңтүстік Кореядан, яғни Азия өкілі, оған дейін Африка құрлығындағы Гана өкілі Кофи Аннан болды.
Ендігі кезек формалды түрде Латын Америкасында болғандықтан әзірге тіркелген 5 кандидаттың үшеуі Орталық және Оңтүстік Америкадағы елдерден шығып отыр. Десе де, бұл БҰҰ сайлау ережесінде жазылған тәртіп емес және додаға өзге кандидаттар да тіркеліп, қатыса алады.
КАНДИДАТТАР КІМ?
Әзірге БҰҰ бас хатшысы лауазымына үміткерлер тізімінде Тоқаев жоқ. БҰҰ ресми сайтында 5 адамның тізімі өмірбаянымен тұр. Ешқайсысы осал үміткер емес. Мәселен Чили, Бразилия, Мексика ұсынған Мишель Бачелет - Чилидің экс-президенті әрі БҰҰ Адам құқықтары комитетінің бұрынғы басшысы. Аргентина ұсынған Рафаэль Гросси – Халықаралық атом энергетикасы агенттігінің (МАГАТЭ) қазіргі басшысы. БҰҰ құрылымдарында басшылық қызметте болған, Коста-Риканың бұрынғы вице-президенті Ребека Гринспан, Сенегалдың бұрынғы президенті Мики Сэл және БҰҰ-ның қарусыздану кеңсесін басқарған, Бас хатшының арнайы өкілі болған Виржиния Гамба да үміткер қатарында.
Бұрын БҰҰ-да істеген, қазір Еуроодақтың Қазақстандағы елшісі қызметін атқаратын Алешка Симкичтің "Ұлысмедиаға" айтуынша, келесі Бас хатшысы әйел адам болуы керектігі талқыланып жатыр, бірақ ол "әрқашан бұрынғы президент, мемлекет басшысы немесе үкімет басшысы арасынан тағайындалып келеді".
"АҚПАРАТТЫҚ ФОН"
Дегенмен "Тоқаев БҰҰ-ға кетеді" деген әңгіменің барлығы ел ішіндегі негізгі мәселелерден назарды аударатын, жай ғана ақпараттық фон деп санайтындар да бар. Саясаттанушы Димаш Әлжанов билік транзиті туралы айту әлі ерте дейді.
– [Билік транзиті] туралы айту әлі ерте. Қазір мұндай пікірлерді асыра бағаламау керек. Иә, вице-президент институты сияқты механизмдер бар. Бірақ бұл төтенше өкілет басқа біреулерге арналған деп ойламаймын. Біз әлі 2029 жылға дейінгі саяси перспективаны толық түсінбейміз. Бірақ қазіргі жағдайды ескерсек, ықтимал сценарий билікті тұрақтандыру және 2029 жылдан кейін де оны осы қалпында сақтау. Біріккен ұлттар ұйымына кету немесе мұрагер туралы әңгімелер – көбіне ақпараттық фон қалыптастыруға арналған, адамдардың назарын негізгі мәселелерден бұратын факторлар. Негізгі шешімдерді президенттің өзі қабылдайды. Сондықтан бұл тақырыпты алға озып жорамал жасау дұрыс емес, – деді ол Азаттыққа.