Accessibility links

Тоқаев Путинді "оңтайлы қайраткер" деп атап, Украинаға "зор құрметпен қарайтынын" айтты

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Германия канцлері Фридрих Мерц баспасөз брифингінде тұр. Берлин, 29 қыркүйек, 2026 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев (сол жақта) пен Германия канцлері Фридрих Мерц баспасөз брифингінде тұр. Берлин, 29 қыркүйек, 2026 жыл.

Германияға сапары кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинді Ресей басшысы ретінде "күллі әлемге оңтайлы саяси тұлға" деп атады. Бұған қоса ол "Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынын" айтып, соғысты уақытша доғаруға шақырды.

"Келіссөз бастауға меңзегенмін"

Германияға екі күндік ресми сапармен барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 қыркүйекте Берлинде Германия канцлері Фридрих Мерцпен кездесуден кейін өткен баспасөз мәслихатында Ресей президенті Владимир Путинді "көрнекті мемлекет қайраткері" және Ресей басшылығына "ең оңтайлы саяси тұлға" деп атады.

Германиялық ARD телеарнасының тілшісі Демиан фон Остен Тоқаевқа оның биыл жазда Омбыда Путинмен кездескенде Украинадағы соғысты уақытша тоқтату жайлы айтқан ұсынысын еске салып, "содан бері соғыстағы жағдай өзгермеді, қазір осы жайлы оған не айтар едіңіз?" деп сұрады.

"Бұл мәселе бойынша жеке позициямды зор түсіністікпен қабылдағаны үшін президент Путинге ырзамын. Өйткені біздің бәріміз, мемлекеттер жетекшілері, оның ішінде Ресей президенті де бар, Украинадағы соғыс қимылдары тоқтағанын қалаймыз" деді Тоқаев неміс тілшісіне орыс тілінде берген жауабында.

Тоқаев Украинадағы соғысты дереу тоқтату қазіргі жағдайда мүмкін емесін түсінетіндіктен оны уақытша доғаруды ұсынғанын айтты.

"Әрине, Украинадағы жағдай бәрімізді алаңдатады. Мен әуел бастан Қазақстан БҰҰ жарғысының ережелерін қатаң ұстанатынын айтқанмын. Біз барлық мемлекеттің аумақ тұтастығы қағидатын сақтауға және құрметтеуге үндеп келеміз. Украина халқына, оның тарихына, мәдениеті мен дәстүріне, тіліне зор құрметпен қарайтынымызды бұрыннан айтып жүрміз. Мен соғысты дереу тоқтату туралы айтпадым. Қазіргі жағдайда мұның оңай емес екенін түсінемін. Менің меңзегенім: Украина аумағындағы әскери іс-қимылды уақытша доғарып, дипломатиялық процеске көшу немесе қандай да бір келіссөз бастау еді" деді Қазақстан президенті.

Тоқаевтың Омбыда Путинге айтқан ұсынысын Кремль қабылдаған жоқ. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков сол кезде "қалай болғанда да, [соғысты] уақытша доғару мүмкін емес" деп мәлімдеген еді.

"Күллі әлем үшін ең оңтайлы тұлға"

Сейсенбіде Берлинде өткен баспасөз жиынында Тоқаев Ресей басшылығындағы Путинді "Орталық Азия, соның ішінде Қазақстан үшін де, Еуропа үшін де, күллі әлем үшін де ең оңтайлы саяси тұлға" деп сипаттады.

"Бүгін мен Владимир Путин Ресей басшысы әрі мемлекет қайраткері ретінде Орталық Азия мен Еуропаға, оның ішінде Қазақстанға, жалпы тұтас әлемге оңтайлы саяси тұлға екенін анық айттым. Бұл сізге тосын болса да, турасы сол. Мен оны өте жақсы білемін. Оның бойынан тарихы қым-қиғаш алып елдің басшысына тән қасиеттердің бәрі табылады. Ел алдында тұрған күрделі стратегиялық мақсаттарды өзінше түсінеді" деген Тоқаевтың сөзін келтірген Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Ресей арасындағы қарым-қатынас туралы сөзінде Тоқаев Астана мен Мәскеудің байланысына қатысты кейбір факторды ескеру қажетін айтты.

"Қазақстан мен Ресей арасында ұзындығы 7597 шақырым болатын ортақ шекара барын ұмытпау керек. Бұл – әлемдегі ең ұзын шекара. Бұл елмен достық қарым-қатынасты дамытуға әсер ететін фактор емес пе? Қазақстанда ұлты орыс 2,7 миллион біздің азаматтарымыз тұрады. Елімізде православ шіркеуі де айтарлықтай кең өріс жайған және біз оған зор құрметпен қараймыз. Сондықтан осы жайттардың бәрін ескеру қажет, шарт кесуге болмайды. Қазақстанға бейбітшілік пен тұрақтылық керек, онсыз біз ешқашан бақуатты ел бола алмайыз" деді Қазақстан президенті.

"Күн сайын жасалатын соғыс қылмыстары"

Берлиндегі баспасөз мәслихатында канцлер Фридрих Мерц Германия Ресей басқыншылығына қарсы күресіп жатқанына бесінші жылға ұласқан Украинаны қолдайтынын мәлімдеді. Оның сөзінше, Германия Украинаның әуе шабуылына қарсы қорғанысын күшейту жолдарын іздестіріп жатыр.

Мерц Украинаның әуе қорғанысын Киевтің "ең әлсіз тұсы" деп атады. Бұған дейін Украина президенті Владимир Зеленский әскери шығындарға 27 миллиард долларға жуық қажет екенін айтқан.

Германия канцлері бұған қоса Украинаның энергиямен жабдықтау жүйесін қыс мезгіліне дайындап үлгеретіндігіне үміт білдірді. Ресей күштері украиналық азаматтық инфрақұрылымдарды бомбалауды жалғастырып жатыр.

"Бұл – күн сайын жасалып жатқан соғыс қылмыстары" деген Мерцтің сөзін келтірген Deutsche Welle.

Оның айтуынша, Германия дипломатиялық күш-жігерін, соның ішінде Ресей тарапымен байланыстарын жалғастырып жатыр. Мерц Германия мен Ресей сыртқы істер министрлерінің жуырдағы кездесуінен кейін Мәскеу толымды келіссөз процесін бастауға дайын деуге негіз жоқ екенін атап өтті.

Мерц Ресейді келіссөзге оралуға шақырып, Германия Украинаға әскери, саяси, қаржылай және экономикалық қолдау көрсетуді жалғастыра беретінін мәлімдеді.

Германия канцлері 15-16 қазанда Брюссельде өтетін Еуропалық кеңес отырысы қарсаңында Еуропадағы серіктестерімен Украинаға көрсетілетін көмекті күшейту мәселесі бойынша қарқынды кеңесулер жүргізіп жатқанын айтты.

Қазақстан президенті Тоқаев Германияға сол елдің президенті Франк-Вальтер Штайнмайердің шақыруымен 28 қыркүйекте екі күндік ресми сапармен барған. Сапардың негізгі тақырыбы экономикалық байланыстарды дамытуға арналды.

Президент Тоқаев Берлинде өткен бизнес-форумға, Мюнхендегі технологиялық бизнес-форумға қатысты. Бұдан бөлек ол Германияның жетекші компаниялары мен қаржы институттары басшыларымен, университет ректорларымен және ғылыми ұйымдардың жетекшілерімен кездесті.

Астана Германияға мұнай экспортын біртіндеп арттырып келеді. Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша қазір Норвегия, АҚШ және Ливиядан кейінгі төртінші орында. 2025 жылдың қорытындысына сәйкес, Германияға 10 миллион тоннадан астам қазақ мұнайы жөнелтілген. Кейінгі төрт жылда екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге жуық өсіп, көлемі сегіз миллиард еуроға жеткен.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG