Accessibility links

Трамп Қытай және Ресей басшыларымен үшжақты кездесуге кетәрі емесін айтты

АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп қараша айында Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өтетін Азия-Тынық мұхиты экономикалық ынтымақтастығы саммиті аясында АҚШ, Ресей және Қытай басшыларының үшжақты кездесуіне қатысуға кетәрі емес. Ол мұны 19 қазанда журналистерге мәлімдеді.

Трамп үшжақты кездесуге әлі нақты келісім бермегенін, бірақ Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин мұндай келіссөз өткізгісі келсе, "солай істейтінін" айтты.

АҚШ президентінің сөзінше, кездесудің негізгі тақырыбы үш мемлекеттің ядролық қару-жарақтан бас тартуы болуы мүмкін. Трамп сондай-ақ Украинадағы соғыс мәселесі де талқылануы мүмкін екенін, ондай талқылау Украина президенті Владимир Зеленскийдің қатысуынсыз да өтуі ықтимал екенін жеткізді.

Трамп, Си Цзиньпин және Путиннің үшжақты кездесу өткізу мүмкіндігі жайлы дүйсенбіде алдымен The Wall Street Journal жазған. Басылым өз дереккөздеріне сүйеніп, кездесу өткізу идеясы Путиннен шыққан және ол Украинадағы соғысты талқылап, Ресей ұсынған бейбітшілік талаптарына қолдау тапқысы келеді деп хабарлаған.

The Wall Street Journal дерегінше, Путин Трамппен 9 қазанда телефонмен сөйлескенде әлгіндей ұсыныс жасаған. Кремль өкілі Дмитрий Песков мұндай кездесу өткізу мүмкіндігі талқыланып жатқанын растады.

Украинаның сыртқы істер министрі Андрей Сибига ондай үшжақты кездесуге және онда Украина мәселесін талқылауға қарсы шықты. Еуропа одағы өкілдері де бұған алаңдаушылық білдірді.

Журналистермен әңгімеде Трамп АҚШ-тың Украинаға барлау ақпаратын бұрынғыдай беріп жатқанын айтып, президент Зеленскийді тағы да сынға алды. Трамптың пікірінше, Украина атынан келіссөздерді "басқа біреу" жүргізуі керек, ал Зеленский "соғысты аяқтауға талай рет мүмкіндігі бола тұра оны пайдаланбаған".

Өткен аптада Киев пен Вашингтон АҚШ пен Ресей арасында жасалған "дизель мәмілесіне" байланысты өзара сын айтқан еді. Зеленский АҚШ тарабы оны соғысты аяқтау үшін Ресейдің шарттарын қабылдауға итермелеп отырғанын мәлімдеген. Украина президентінің пікірінше, Трамп Ресейге салынған санкцияларды жеңілдетіп, "тарихтың қате жағына" ойысып барады.

Айдар
​
XS
SM
MD
LG