Accessibility links

"Түркияда ғылымға келетін қазақ жастары байқалмайды"


Көрнекі сурет.

Түркия ғылыми орталығында жұмыс істейтін қазақстандық зерттеуші осы елдегі ғылымға жасалған жағдайдың ерекшелігі туралы айтады.

2010 жылдан бері Түркияда тұрып жатқан Дінмұхаммед Әметбек «Анкара дағдарыс және саяси зерттеу орталығында» ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді. Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірген ол докторантурасын Анкарадағы «Таяу шығыс техникалық университетінде» бітіріп, ғылыми жұмысын ағылшын тілінде қорғаған. Азаттыққа сұхбат берген Дінмұхаммед Әметбек өз ойларымен бөлісті.

Азаттық: - Қазақстанда соңғы жылдары үрдіс алып келе жатқан жағдайлардың бірі – ғылым жолына бет бұрған жастардың докторантураны шетелде қорғауы. Сіздің де өз жұмысыңызды Анкарада және ағылшын тілінде қорғаған екенсіз. Алматыда немесе Астанада докторантура оқу қиын ба, әлде басқа да бір себептері болды ма?

Дінмұхаммед Әметбек.
Дінмұхаммед Әметбек.

Дінмұхаммет Әметбек: - Басқа мамандықтарды білмеймін, ал халықаралық қатынастарда, оның ішінде әлемде болып жатқан жағдайды, әлемдік саясатты бақылау үшін ел көрген, жер көрген дұрыс қой. Сол мақсатпен шықтық. Ал қай елге бару керек дегенге келсек, сол тұста Түркия қазақстандық азаматтарға магистратура мен докторантурада оқу үшін жылына 100-дей грант бөлетін. Сол жөнмен Түркияға кеп қалдым.

Түркия негізінен даму жағынан да, географиялық жағынан да Еуропа мен Азияның ортасында тұрған ел ғой. Яғни батыс Еуропа немесе Америка сияқты қатты дамып та кеткен жоқ, бірақ кенже қалған жері де жоқ. Мәселен, Орталық Азиядағы кейбір елдер енді ғана дамушылар қатарына қосылып жатыр ғой. Сол себепті бұларда үйренетін дүние көп. Әсіресе, халықаралық қатынастар туралы айтатын болсақ, Түркияның қақтығыстардың ортасында орын тепкені де қызықтырады. Яғни, бір жағында таяу Шығыстың, бір жағында батыстың мүддесі бар. Сол себептен халықаралық қатынас саласын оқимын дегендер үшін Түркия - таптырмас жер. Сонан кейін, көптеген елдер өздерінің дипломаттарын тағайындамас бұрын Түркияға жіберіп, тәжірибе жинақтатады. Сонан кейін барып басқа елдерге жіберіп жатады. Сіз Түркияда болсаңыз, Еуропаның да, АҚШ-тың да және Ресейдің де мүддесін түсінесіз.

Азаттық: - Сіз өмір сүріп жатқан елде ғылым мен ғалым қаншалықты бағаланады?

Дінмұхаммет Әметбек: - Әрине, ғылым бағаланады. Өз салам бойынша айтатын болсам, мысалы, бір профессордың жасаған мәлімдемесі министрдің демей-ақ қояйын, депутаттың мәлімдемесі деңгейінде қабылданады. Ғалымдардың белгілі бір деңгейде ықпалы бар. Тиісінше, ғалымның Түркия қоғамында орны бар. Мәселен, Қазақстанмен салыстырсақ, Түркия ғалымдарының экономикалық жағдайы да жақсы. Сондықтан бұл жерде жастар ғылымға көбірек барады. Және олардың барлығы да білімді, талантты.

Азаттық: - Қазақстанда ғылым саласын қаржыландыруды мемлекет мойнына алған. Ал Түркияда бұл мәселе жолға қалай қойылған. Яғни, ғалымдардың бәріне жоғарғы жалақыны мемлекет төлей ме?

Дінмұхаммет Әметбек: - Дұрыс айтасыз, Қазақстанда белгілі бір жобаларға үкімет ақша бөледі де, ғалымдар соған жұмыс істейді. Ал Түркияда билік ғылым-білім ордаларына, зерттеу орталықтарына қаржылай көмек көрсеткен кәсіп иелерін жылдық салықтан босатады. Сол себепті үлкен компаниялар мен фирмалар ақшаларының бір бөлігін ғылымды қаржыландыруға жұмсайды. Ал ғылыми зерттеу орталықтары мемлекетке тәуелді болмай, өз беттерінше жұмыс істей береді.

Азаттық: - Түркияда тұратын этникалық қазақ жастарының арасында ғылым жолына түскен жастар көп пе?

Дінмұхаммет Әметбек: - Түркияға келген қазақтардың екінші, үшінші буындарының арасында ғылым жолына түскен бірнеше ғалым болды. Бірақ тоқсаныншы жылдары дүниеге келген жастардың арасында ғылым жолына келетіндер өте сирек. Тіпті жоқ десек те болады. Оның екі себебі бар. Біріншісі қазір Түркияда экономикалық жағдай жақсарғаннан кейін жастар саудаға немесе өнеркәсіпке кетіп қалды. Екіншісі, Түркияда Қазақстандағы секілді жапа-тармағай университетке түсу деген түсінік жоқ. Қазақстанда қажеті болса да, болмаса да жоғарғы білім алу қажет, бастық болу керек деген түсінік қалптасқан. Ал Түркияда орта білім алғаннан кейін жастардың негізгі бөлігі кәсіптік білім алады да, кейін соны дамытады, болмаса әке-шешесінің кәсібін ары қарай жалғастырып кетеді. Сондықтан да ғылымға келетін қазақ жастары байқалмай отыр.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG