Accessibility links

Италияның Аппенин түбегіне қазақтар үшін тур ұйымдастыратын Диана Эспозито енді еуропалық туристерге Қазақстанды аралататын экскурсиялар жобасын іске қосуды жоспарлайды. Атырау тумасы Азаттыққа берген сұхбатында өзге елде қалай өмір сүру жатқаны, италиялықтардың Қазақстан туралы ойлары және елге келетін еуропалық туристер неге аз екенін айтып берді.

Диана Эспозито (қыз кезіндегі фамилиясы - Оразбаева) Атырауда туып-өскен. Кейін итальяндық Марио Эспозитоға тұрмысқа шығып, Оңтүстік Италиядағы Салерно қаласына қоныс аударған. Қазір туристік бизнеспен айналысатын Диана енді еуропалық туристерге Қазақстанды танытқысы келеді.

Азаттық: - Атырауда тұрған кездеріңіз жайлы айтып берсеңіз. Бұл қалада қанша жыл тұрдыңыз?

Диана Эспозито: - Атырау – туып-өскен қалам. 1989 жылы тұрмысы орташа отбасында дүниеге келдім. Балалық шағым қиындығы көп - 1990 жылдары өтті. Алдымен КазГУ-ді (Қазақ ұлттық университетін) бітіріп, сосын Лондонға бес айлық ағылшын тілі курсына аттандым. Кейін МВА(Master of Business Administration — орта және жоғары басқару менеджерлерін даярлау бағдарламасы. — Азаттық) бағдарламасы бойынша оқуға түсуді ұйғардым. Бірақ бұл үшін тағы курстан өту керек болып, Нью-Йоркке аттандым. Кейін Қазақстанда IBS (International BusinessSchool) мектебіне оқуға түстім. Диплом алғаннан кейін Атырауда Италия компаниясына жұмысқа тұрдым.

Азаттық: - Жұбайыңызбен қалай таныстыңыздар?

Диана Эспозито: - Ел көріп, жер көру үшін кез-келген мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысатынмын. Бірақ мен түрлі халықтардың тұрмысы, мәдениетімен танысу үшін күй талғамайтын жабайы туристпін - ерте оянып алып, жетуі қиын жерлерге экскурсияға жалғыз кетіп қалатынмын. Сондай саяхаттарымның бірі өмірімді өзгертті. Бірде Австралияға саяхаттап барған едім. Сонда неге екенін білмеймін, туристік агенттік маған хостелден орынға алдын ала тапсырыс бермепті. Сондықтан мені студенттерге арналған кампусқа уақытша орналастырды. Жұбайым Марионы сол жерде жолықтырдым.

Ол бірден қырындай бастады. Ертеңінде таңғы асқа шақырды. Кофе әзірлеп, жүрек пішінді имбирь печенье пісіріп қойыпты. Мұнысын ерсі көріп, мүлде жақтырған жоқпын. Бірақ таныстығымыздың алтыншы күні Марио мені қайықпен шағын аралға апарып, көңілін білдірді.

Осы кездесуден кейін бірнеше ай өтіп, ол дипломын алып, Италияға қайтты. Барған бетте әке-шешесіне үйленгісі келетінін айтыпты. Ол кезде 23 жаста болатын. Ал еуропалықтар әдетте мұндай жаста отбасын құрмайды. Бірақ Марио әке-шешесіне "Қазақстанда дәстүр бойынша қыз 23 жасында тұрмысқа шығып қоюы тиіс, үйленбесем Дианадан айырылып қаламын" деп айтыпты. Отбасы қарсы болмай, қазақтың салт-жоралғысымен құда түсті. Әке-шешемнің алдынан өту үшін Қазақстанға ұшып келді. Әке-шешем келісімін беріп, сонымен Италияға келін болып түстім.

Диана Эспозито мен жұбайы ұлдарының туған күнінде.
Диана Эспозито мен жұбайы ұлдарының туған күнінде.

Азаттық: - Жат елдің тұрмысына үйрену қаншалықты қиын болды?

Диана Эспозито: - Италияға 2012 жылдың аяғында келдім, ол кезде итальян тілін білмейтінмін. Италияда достарым да жоқ, сондықтан жаңа өмірге үйрену қиын болды. Бұдан бөлек, бірнеше жоғары білімім болса да және бірнеше тіл білсем де Италияда жұмыс табу қиын болып шықты. Италия – Еуропаның ең қымбат елдерінің бірі. Бұдан бөлек, мұнда жастарды әлеуметтік қолдау [Еуропаның өзге елдерімен салыстырғанда] соншалықты дамымаған.

Сондықтан Италияның оңтүстігіне турлар ұйымдастыратын туристік бизнеспен айналысуды ұйғардым. Лондон, Барселона, Германиядан қазақтар келе бастады. Олар визасыз келуді ыңғайлы көретін қазақтар болатын. Адамдар Instagram желісіндегі аккаунтыма жазылып, туристердің барып жатқанын көріп, маған сене бастады. Мұның бизнесімнің өрлеуіне септігі тиді. Бұдан кейін 15-20 адамнан тұратын топтар ағылып келе бастады. Жаңа қонақтарды қарсы алуға дайындалып, тыным таппай мейрамхана, қонақүйлерді аралайтынмын, тіпті тынығуға мұршам болмай қалды. Біздің адамдардың менталитетін білгендіктен, олар ұнатқан тағамдарын бір мейрамханадан тапса екен деп тырысатынмын.

Лондонда болған кезімде біреулер менен "Бораттың елінен келдің бе? " деп сұраған. Оларға "Борат туралы фильмдегінің бәрі рас болса, мен Лондонда оқып жүрер ме едім? " деп жауап беретінмін.

Азаттық: - Италиялықтар үшін Қазақстан қызық па? Еуропа жұрты біздің елді қаншалықты біледі?

Диана Эспозито: - Мен - патриотпын, елімді жан-тәніммен жақсы көремін, Қазақстанды ешкімге жамандатпаймын. Мұны күйеуім де, Италиядағы достарым мен туыстарым да біледі. Есесіне, өзім Қазақстанның қонақжайлылығы туралы, ақ жүрек, кең пейілді халқымыз туралы, Қазақстанда туристік бизнесті өте жақсы дамытуға болғанымен, туристер мен шетелдіктердің көбі білмейтін әсем жерлеріміз туралы көп айтамын.

Англия мен АҚШ-та оқып жүргенімде мектеп оқушылары үшін Қазақстан туралы презентация дайындағанмын. Өйткені ол кезде Америка мен Англияда біздің елді Борат бейнесі арқылы ғана білетін, осы кейіпкердің аты дүрілдеп тұрған. Лондонда болған кезімде біреулер менен "Бораттың елінен келдің бе? " деп сұраған. Оларға "Борат туралы фильмдегінің бәрі рас болса, мен Лондонда оқып жүрер ме едім? " деп жауап беретінмін. Ондай кезде маған "Сен Қазақстандағы жалғыз бай адам - Лондонға келуге мүмкіндігі жететін президенттің қызы шығарсың,-" дейтін. Сондықтан оларға Қазақтан туралы презентациялардың көмегімен айтып беретінмін. Еліміздің көрікті жерлері түсірілген фотосуреттерді жинап, Қазақстанның сипаттауға тіл жетпес әсем жер екенін көрсететінмін. Қазір Италияда да дәл солай істеймін.

Азаттық: - Италиялықтар біздің елдің мәдениеті, салт-дәстүрі туралы білгісі келе ме?

Диана Эспозито: - Қазір еліміз Еуропада біршама танылып қалғанын байқаймын. Осыдан 8-10 жыл бұрын біз туралы ешкім білмейтін. Ал қазір біздің елді білетін адамдар көбейіп келеді. Италиялықтар біздің мәдени дәстүрлеріміз туралы қызығып сұрайды, ал [италиялық] достарымның бәрі қазақтың ұлттық әшекейлерін тағып жүр. Өйткені Қазақстанға барған сайын бір қап әшекей мен кәдесый әкелемін. Сондықтан біздің туристер келіп, экскурсияға шыққан кезімізде италиялықтар олармен "Сәлем!" деп қазақша амандасады.

Азаттық: - Шетелдіктерге Қазақстанды аралататын экскурсиялар жобасын іске қосуды жоспарлап жүргеніңізді естідік. Оларды нақты қандай жерлерге экскурсияға апаруды жоспарлайсыз? Бұл қаншалықты ұтымды жоба болады деп үміттенесіз?

Диана Эспозито: - Италиялық туристерді ЕХРО көрмесіне апарған кезімде оларға Астанада онша көп ештеңе көрсете алмадым. Дегенмен үш-төрт күн ғана болсақ та олар Қазақстанға тәнті болды. Ал туристік агенттік арқылы Италияның оңтүстігінде сауалнама жүргізгенімде Қазақстанға саяхаттағысы келетіндер көп болып шықты. Сондықтан бұл жобам ұтымды әрі өтімді болады деп ойлаймын, өйткені Қазақстан бойынша өте арзан турлар ұйымдастыруға болады.

Қазақстанда мен туралы айта бастағанда мені сөгетіндер көп болатынын білгенмін.

Бірақ әзірше бізді бір нәрсе ғана тежеп отыр, Қазақстанға ұшу өте қымбатқа түседі. Италиялықтар билет арзан тұратын Еуропа елдеріне ұшып үйренген ғой. Мысалы, жуырда Италиядан Чехияға, одан кері ұшып бару маған 80 еуроға түсті. Сондықтан олар Қазақстанға сапардың құны 600-700 еуро тұрады дегенді естігенде шошып кетеді. Өйткені бұл жақта, мысалы, АҚШ-қа ұшып барып - келу құны 500 еуродан аспайды. Ал негізі сауалнама нәтижелерін және турларды таныстырған кезде Азияны көргісі келетіндер өте көп болған. Біздің елдің қандай әдемі және қызық ел екенін Қазақстанға жиі баратын қайынатам да достарының бәріне айтып отырады.

Азаттық: - Өзге ұлттың жігітіне тұрмысқа шыққаныңыз үшін сізді сөгіп, жазғырғандар болды ма? "Патриот болса, итальян жігітке емес, қазаққа тиіп, елде қалар еді ғой" деген сарындағы репликалар естіген жоқсыз ба? Мұндай сөздерге не деп жауап бересіз?

Диана Эспозито: - Мұндай хабарламалар, әрине түсіп тұрады. Ондай сөздерді көп естимін. Қазақстанда мен туралы айта бастағанда мені сөгетіндер көп болатынын білгенмін. Сондықтан әке-шешеме комментарий оқуға тыйым салғанмын. Қолына телефон тисе болды, диванда жатып алып өзгелерді сөккеннен басқа шаруасы жоқ адамдар болады ғой. Сондықтан ондай жандарға көңіл бөлудің керегі не деп мүлде мән бермеймін. Әлі қаншама шаруаларым, қаншама жоспарларым бар, ал әлгі комментарийлерді түк қалдырмай оқып, жылап-сықтап отырсам, өмірде не бітіре алам?

Мысалы, Италияның оңтүстігінде Қазақстан күнін өткізгім келген еді. Оны өткізетін әдемі қамал да, оны жалға алу ақшасын (аз ақша емес, 10 мың доллар) төлеп беруге келіскен демеушілер де тауып қойғанмын. Ол жаққа қазақстандық дизайнер, музыканттарды, ұлттық тағамдар әзірлеуге маманданған аспазды апарғым келген. Елшілікке бір емес, екі рет хат жаздым, телефон да соқтым. Олар "жобаңыз бізді қатты қызықтырды" дегеннен әрі аспады. Ешкім мені қолдаған жоқ. Сондықтан әлгі идеям сол күйі іске аспай қалды. Енді оны бәріне өзім демеуші болып, адамдарды өз ақшама апаруға шамам жететін кезге дейін кейінге қалдырдым.

Қазір Қазақстандағы балалар үйлерінде тәрбиеленіп жатқан балаларды жазда Италияға әкеліп, демалыс ұйымдастыру жағын ойластырып жатырмын. Олар теңізде шомылып, өзге елдерде адамдардың қалай тұратынын көрсін, өздері де солар сияқты өмір сүруге, жақсы дүниелерге ұмтыла бастаса екен деп ойлаймын.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG