Accessibility links

Түркіменстанда Ресейден оралған студенттерді күштеп әскерге әкетіп жатыр


Түркіменстанда жоғары шенді шенеуніктердің балалары әскерге барған күннің өзінде президент гвардиясы мен Ашғабаттағы ең жақсы әскери бөлімдерге түседі.
Түркіменстанда жоғары шенді шенеуніктердің балалары әскерге барған күннің өзінде президент гвардиясы мен Ашғабаттағы ең жақсы әскери бөлімдерге түседі.

Түркімен құзырлы органдары Ресейдегі оқуын тәмамдап келген жігіттерді әуежайдан түскен жерінен әскерке әкетіп жатыр. Ата-аналардың айтуынша, оларға жақындарымен қауышуға да мұрша бермеген.

Шетелдегі оқуынан елге оралған 20 шақты түркімен студентін әуежайдан әскерге алып кетті. Түркіменстан бірнеше жылдан бері ұлттық әскер қатарын осы секілді әдістермен толтыруға тырысып жатыр.

Түркіменстанның батысындағы Балқан уәлаятында тұратын бір топ ата-ананың айтуынша, 5 қазанда құқық қорғау органдары Түркменбашы халықаралық әуежайында әскер жасындағы ер азаматтарды ұшақтан түсе сала ұстап әкеткен.

– Балқан уәлаятында тұратын 25 жас Ресейдегі Саратов мемлекеттік университетін бітіріп, үйге келе жатқан. Әуежайда оларды облыстық әскери комиссариат, қауіпсіздік қызметі мен полиция өкілдері күтіп алып, қылмыскер сияқты ұстап, әскерге алып кетті, – деді ата-аналардың бірі.

Тағы бір әйел билік өкілдерінің жастарға әуежайда күтіп тұрған ата-анасымен сөйлесуге де мұрша бермегенін айтты.

Әскери комиссариат алдында кезекте тұрған адамдар. Ашғабат. Архив.
Әскери комиссариат алдында кезекте тұрған адамдар. Ашғабат. Архив.

– Көбіміз балаларымызды бес жылдай көрмедік. Шенеуніктер олармен 5-10 минут көрісіп, бір шыны шай ішуге де мүмкіндік бермеді. Оларға неге сонша шүйліккенін түсінбедік, – деді ол.

Түркменбашы, Ақдаш, Қиянлы қалаларынан келген ата-аналар шенеуніктер жастарға “Маусымда емтихан аяқталғаннан кейін неге бірден елге қайтпадыңдар?” деп ұрысқанын айтты.

– Балалар дипломын күтті, – дейді олар.

Ресейден оралған түлектердің екеуін құқық қорғау органдарында істейтін туысы болғаны үшін үйіне жіберген.

Ата-аналар цензурасы қатаң елдегі жеке бас қауіпсіздігіне алаңдап, аты-жөнін жасыруды сұрады. Азаттық билік өкілдеріне хат жолдап, болған оқиғаға қатысты пікір беруді сұрады. Бірақ редакция хатына жауап келген жоқ.

Түркіменстанда 18-27 жас аралығындағы азаматтар екі жыл әскери борышын өтеуге міндеттелген.

Азаттықтың ақпарат көздері Түркіменстан көп жылдан бері әскер қатарын толтыруға тырысып жатқанын, көп адам әскери қызметтен қашатынын айтты.

Жылына екі рет болатын әскерге шақыру науқанында полиция көше, әуежай, мектептер мен қоғамдық орындарды торуылдап, әскер жасындағы азаматтарды іздейді.

Түркімендердің біразы мектеп бітірген соң шетелге оқуға немесе жұмысқа кетеді. Осыны білетін полиция кейінгі кездері мектеп бітіруші түлектерді соңғы емтиханнан кейін ұстап әкетеді.

Бай адамдар көбіне ақшасы мен ықпалын пайдаланып, балаларын әскерден алып қалады.

Басқалары пара беріп, балаларын Ауғанстан шекарасы сияқты қауіпті жерлерден аман алып қалып, Ашғабат секілді ірі қалаларға жіберуге тырысады.

Азаттықтың ақпарат көзінің айтуынша, жоғары шенді шенеуніктердің балалары әскерге барған күннің өзінде президент гвардиясы мен Ашғабаттағы ең жақсы әскери бөлімдерге түседі.

Шенеуніктің сөзінше, әскери борышын мұндай таңдаулы орындарда өтеу үшін 14 300 доллар шамасында пара беруі керек.

Шекарадағы қауіпті бөлімдерде көбіне кедей отбасынан шыққан жастар қызмет етеді.

Азаттықтың Түркімен қызметі.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG