Accessibility links

Түркіменстанда жаңа жыл мерекесін тойлауға қарсы уағыз басталды


Жаңа жыл мерекесіне арналған салтанатты шеру. Ашғабат, 2023 жыл.
Жаңа жыл мерекесіне арналған салтанатты шеру. Ашғабат, 2023 жыл.

Түркіменстан жыл сайын жаңа жыл мерекесіне қыруар қаржы шашып, сән-салтанатпен атап өтетін. Билік мұндай шараларға мемлекеттік қызметкерлерден де ақша жинайтын. Бірақ биыл кей өңірлерде жаңа жыл мерекесін тойлау науқаны қысқарып жатыр: шенеуніктер безендірілген шыршаларды алып тастап, имамдар ысырапшылдықтың зияны туралы уағыз айта бастады.

Түркіменстан облыстарында шенеуніктер көшеге қойылған шыршаларды алып тастап, имамдар жаңа жыл тойлау ислам дініне қайшы дегенді айта бастады.

Бұл – осыған дейін жаңа жылды аста-төк тойлап келген Түркіменстан үшін қызық өзгеріс.

Желтоқсанның басында елдің солтүстік-шығысындағы Лебап уәлаятының астанасы Түркіменабатта үкімет ғимараттары, қонақ үй, аурухана, теміржол вокзалы, саябақ алдына ондаған шырша қойылған. Мемлекеттік қызметкерлер әдеттегідей қаланы безендіруге 14 доллардан жинап берді.

Бірнеше күннен кейін шенеуніктер шыршалардың көбін алып тастады. Ақ киіз үй әлеуметтік-мәдени орталығы, облыстық кітапхана, сауда орталығы, ұлттық ту орнатылған тұғыр сияқты қаланың көрнекі орындарында 6 шырша ғана қалды.

Бірақ билік мемлекеттік қызметкерлерден жаңа жылдық безендіру жұмыстарына жиналған ақшаны қайтарған жоқ. Шыршалардың көбі неге алынғанын да ешкім түсіндірмеді.

Ашғабаттағы мерекелік шырша.
Ашғабаттағы мерекелік шырша.

ЖАҢА ЖЫЛДЫҚ УАҒЫЗ

Балқан уәлаятында имамдар мешітке келген адамдарға шырша безендіру, ақша шашып, мереке тойлау, от шашу ислам дініне қайшы деп уағыз айта бастаған.

– Жаңа жыл қарсаңында халық шошқаның етін жеп, ішімдік ішіп, қанша тамақ істеп, ысырапшылдыққа салынады. Бұл дінімізге қайшы, – деп келтірді имам сөзін Балқанабат тұрғыны.

Жеке басының қауіпсіздігі үшін аты-жөнін жасырын қалдыруды сұраған азаматтың айтуынша, имам түркімендердің кемі 95 пайызы жинаған ақшасын жаңа жыл мерекесін тойлауға шашады, жарты литрлік коньякқа 285 доллар жұмсайды деген.

Жергілікті тұрғындар бұрын-соңды жаңа жылға қарсы уағыз естімеген.

Желтоқсанның басында жұма намазға барғандар имамдардың жаңа жылға шүйлігуіне биліктің тапсырмасы себеп деген ойға келген. Авторитар Түркіменстанда имамдарды үкімет тағайындайды.

Анонимді сұхбат берген кей түркімендер шыршаларды алып тастап, имамдардың жаңа жыл тойлауға қарсы уағыз айтуын жаңа президент Сердар Бердімұхамедовтің діни-консерватитвті көзқарасымен байланыстырады.

42 жастағы Сердар 2022 жылы наурызда биліктің араласуымен өткен сайлауда президент болды. Елді 15 жылға жуық басқарған әкесі жаңа жылды сән-салтанатпен атап өтіп, шерулер, сауық кештері мен концерттер өткізетін.

Әзірге Түркіменстан астанасында жаңа жылға дайындық әдеттегі қарқынмен жүріп жатыр. Ашғабатта мерекелік маусым 15 желтоқсандағы кештен басталды.

“Әлем” мәдени-ойын сауық орталығында биіктігі – 44, ені – 16 метрлік шыршаның оттары жанды. Орталықта көп мерекелік шара, жәрмеңке мен кештер жоспарланған.

Жүздеген студент пен жұмысшы бір түстес киім киіп, мерекелік шараларға қатысуы керек.

Мемлекеттік мекеме ғимараты алдында мерекелік шыршаны безендіріп жатыр. Ашғабат.
Мемлекеттік мекеме ғимараты алдында мерекелік шыршаны безендіріп жатыр. Ашғабат.

МЕКТЕПТЕГІ ІРІКТЕУ ЖӘНЕ КЕМСІТУ

Ашғабатта тұратын кей ата-аналар бастауыш сыныпта оқитын балалары психологиялық жарақат алғанын айтты. Білім басқармасының шенеуніктері мектептерді аралап, үкіметтік жаңа жыл тойлау кешіне “ең әдемі” балаларды таңдап алған. Шенеуніктер тізіміне кірмеген балалардың көңіл-күйі түсіп, жабырқап қайтқан.

Балалар мерекелік шарада тақпақ пен ән айтып, билейді. Кей кештерге президент пен өкілетті тұлғалар қатысады.

Ата-аналардың айтуынша, шенеуніктер мен мұғалімдер оқушылардың көзінше, кей балалардың мұрны үлкен, көзі қысыңқы екенін талқылаған.

– Балаларға психологиялық жарақат салды. Сыныптастарының алдында қорлады, – дейді Ашғабат тұрғыны.

Тағы бір ата-ана біраз оқушы мұндай ауыр сөздерді көтере алмай, жылағанын айтты.

2018 жылғы желтоқсан. Елдің сол кездегі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде.
2018 жылғы желтоқсан. Елдің сол кездегі президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Жаңа жыл мерекесін тойлау кезінде.

Баласы мерекелік шараға таңдалған ата-аналардың да шағымы бар. Бір кісі қызына өнер көрсетуге қымбат костюм алып беруге тура келгенін айтады.

– Қыздар ақ көйлек, колготки, пальто, бас киім мен қолғап, ұлдар ақ жейде, шалбар, нәски, бас киім мен қолғап киеді. Қызымның концерттік костюміне 570 доллар төледім, – деді бір әйел.

Бір топ ата-ана мектеп әкімшілігіне барып, қымбат костюм алуға жағдайымыз жоқ деген. Мектеп директоры жаңа жылға көп шығынға батқан ата-аналардың балаларына мақтау қағазын беріп, емтиханда жақсы баға қоюға уәде берген.

Азаттық осы жағдай туралы пікір алу үшін шенеуніктерге хабарласып көрді. Бірақ ресми жауап болмады.

Азаттықтың Түркімен қызметі

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG