Accessibility links

Turkmen.news редакторы Руслан Мятиев: Ғұрбанқұлы Бердімұхамедов – елдің дамуын тежейтін басты адам


Turkmen.news сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы Руслан Мятиев Азаттық медиафорумында отыр. Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.
Turkmen.news сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы Руслан Мятиев Азаттық медиафорумында отыр. Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.

Turkmen.news сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы Руслан Мятиев әлемдегі ең жабық мемлекеттердің бірінде ақпаратты қайдан алатынын, кімдер беріп отыратынын және түркіменше жемқорлық қай жағынан пайдалы екенін айтып берді.

Журналист Руслан Мятиев 2008 жылы Түркіменстаннан кетіп қалған. Қазір ол Нидерланд еліне қоныс теуіп, жұмыс істеп жүр. Оның сайтындағы мақалалардың көпшілігі мигранттар проблемасы, күштеп еңбекке жегу және Түркіменстанда адам құқықтары аяқасты болатыны хақында.

"ТУЫСТАРЫМНЫҢ 99 ПАЙЫЗЫ МЕНЕН РЕСМИ ТҮРДЕ БАС ТАРТТЫ"

– Елден кеткен Түркіменстан азаматтарынан сұхбат алған уақытта олар кім екенін көрсеткісі келмейді. Біреуі түр-тұлғасын жасыруымды, енді бірі есімін өзгертуімді сұрайды…

– Әркімнің жанды жері бар. Түркімен билігі ол адамдардың өзіне ештеңе істей алмаса да, туыстарын қыспаққа алуы мүмкін. Мысалы, інімді оқудан шығарып жіберсе, ол менімен араласпай кетеді, тіпті қарғап-сілеп, ат құйрығын кесіседі. Бірақ ашық қарсылық көрсетіп жүрген белсенділер де жоқ емес. Тек сол үшін туыстары зардап шегіп жатыр.

– Сіз ашық қарсылық көрсетуден қалай қорықпайсыз?

– Өйткені туыстарымның 99 пайызы менен ресми түрде бас тартқан. Арнайы қызмет өкілдерінің қолында бейнежазба бар. Сол жазбада ағаларым менен бас тартатынын мәлімдеген. Әлі күнге араласатын жалғыз туысым – немере әпкем, ол үнемі қысым көріп келеді. Арнайы қызмет өкілдері біздің хат жазысып тұратынымызды біледі, оның телефонын тыңдайды, бірақ әзірге тиіскен жоқ. Сөйте тұра ол мектепте мұғалім, яғни мемлекеттік қызметте істейді. Ал балалары жоғары оқу орнының тегін бөліміне оқуға түсе алды. Оның үстіне, әпкем шетелге – Ресейге шығып қайтты. 2018 жылы ТМД елдерінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мүғалімдері арасындағы байқауында жеңіске жетіп, марапат алу үшін Мәскеуге ұшып баруы керек болды. Ол мәлім болғанда, біреулер келіп, оған ешқайда ұшпайсың дейді. Әпкем қарсыласып бағады. Ештеңеге қарамай, рұқсат қағаз бен билет сатып алып, барып-қайтады. Ең қызығы, әпкем Түркіменстанға оралғаннан кейін мемлекеттік БАҚ "біздің ұстаз", "біздің мақтанышымыз" деп, ол туралы мақалалар жазады.

– Олай да істеуге болады екен ғой?

– Солай болып тұр. Әдетте, арнайы қызметтегілер қорқытады да қояды. Бірақ адамдардың содан зәресі ұшады. Түркіменстан халқының 99 пайызы осындай қысымдардан қорқып, шетелге шықпайды. Соның салдарынан халықтар, ұлттар, мемлекеттер арасында мәдени байланыс жоқ. Мамандар кәсіби тұрғыдан өспей қалған, конференцияларға қатысып, білім жетілдіру, жаңа машықтарды меңгеріп, басқалармен танысу дегенді ұмытқан. Оның мұғалімдерге ғана емес, дәрігерлерге де қатысы бар. Түркіменстан дәрігерлері оқшау әлемде қалып қойған, әлі күнге өткен ғасырдың 70-80 жылдарындағы әдістерді қолданады, медицинадағы жаңалықтардан мақұрым.

"ПРЕЗИДЕНТ БІЗДІҢ САЙТТЫ КҮНДЕ ОҚИДЫ"

– Turkmen.news жобасы қалай өмірге келді?

– Сайт 2010 жылы ашылды. Ол кезде Түркіменстанға арналған бірнеше сайтымыз бар еді. Жақсы дүниелер жазып тұратынбыз, бірақ Түркіменстан халқы оларды оқи алмады, себебі бәрі бұғаттаулы болатын. Мен сол басылымдағы материалдарды кәдімгі Word құжатқа көшіріп, қарапайым түрде беттеп, жан-жаққа таратып отырдым.

Ол кезде менде елде тұратын Түркіменстан азаматтарының 300 e-mail адресі болған. Бөгде біреудің атымен пошта аштым да, әлгі материалдардың төбесіне: "Достар, қызық болса, оқыңдар. Маңызды деп ойласаңдар, таныстарыңа таратыңдар, басқалардың пошта адресін жазып жіберіңдер", – деп жазып, жасырын хат түрінде таратып отырдым. Әрине, бас тартқандар көп болды. Бес пайызы бірден тізімнен шығып қалды. Бірақ ұнатқандары да болды. Сөйтіп, бір жылдан кейін 300 пошта адресі 3000-ға жетті. Тағы бір жылдан кейін – 2012 жылы адамдар маған жаңалықтар, суреттер жібере бастады. Кейбір фактілерді тексеруге мүмкіндік туды. Сөйтіп біз ел ішінде ақпарат көзі көп екенін, жеке медиа ашуға болатынын түсіндік те, 2014 жылы сайтымызды аштық.

Руслан Мятиев (оң жақ шетте) Орталық Азиядағы тәуелсіз журналистиканың дамуына жаңа медиа мен жаңа технологиялардың әсері туралы талқыға қатысып отыр. Азаттық медиафорумы, Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.
Руслан Мятиев (оң жақ шетте) Орталық Азиядағы тәуелсіз журналистиканың дамуына жаңа медиа мен жаңа технологиялардың әсері туралы талқыға қатысып отыр. Азаттық медиафорумы, Алматы, 14 қыркүйек, 2023 жыл.

– Түркіменстаннан ақпарат алу қаншалықты қиын?

– Дәл қазір Түркіменстаннан ақпарат алу қатты қиындап кетті, өйткені елде "киберқауіпсіздік бағдарламасы" қабылданған. Ол жүзеге асса, бір жарым жыл шамасында бүкіл Түркіменстанға Солтүстік Корея сияқты ақпараттық блокада қойылады.

Көпшілік Қытайдың интернетті бұғаттайтыны туралы айтады, алайда ол жақтағы бұғаттау үлгілері әлдеқайда әлсіз. Қытай сыртқы әлеммен байланысты үзсе, экономикасы тұралап қалатынын жақсы түсінеді. Өйткені бизнес үшін шетелдік серіктестермен қарым-қатынас маңызды. Олар бүкіл интернетті емес, белгілі бір ресурстарды бұғаттайды. Ал Түркіменстанда интернет толық бұғатталған: бүкіл әлемде бар-жоғы төрт миллиард IP-адрес болса, Түркіменстанда соның үш миллиардтан астамы бұғатталған. Тек қана әлеуметтік желілер емес, білім алатын ресурстар да жабық. Шетелдік ЖОО, электронды кітапханалардың сайттары ашылмайды. Тіпті кітап оқу, фильм көру, музыка жүктеп алудың өзі үлкен проблема. Astrill немесе Nord VPN сияқты конвенциялық VPN-сервистердің ешқайсысы жұмыс істемейді.

– Ол жақтағы журналистермен серіктестік жағы қалай? Журналист Нұргелді Халықовтың оқиғасы есіме түсіп отыр. Ол біреудің Instagram-аккаунтынан Ашғабаттағы ДДҰ делегациясының суретін алып, сіздерге жібергені үшін тұтқындалды емес пе? Сонда суретке өзі түсірмесе де, жазықты болып шыққаны ғой?

– Түркіменстанда ақпарат таратушыларға да, тілшілерге де қауіп көп. Өкінішке қарай, жұмыс істеген жылдарда бірнеше тілшімізден айырылдық. Оларға қарсы жалған айыппен қылмыстық іс қозғалып, түрмеге отырып шыққаннан кейін бізбен бірге жұмыс істеуден бас тартты. Түркіменстанда заң жоқ. Нұргелдіні ДДҰ делегациясы мүшелерінің болмашы бір суреті үшін қамап тастады. Оған алаяқтық жасады деген жалған айып тағып, төрт жылға соттап жіберді. Оның үстіне бұл істің саяси астары бар дейтін себебім, осы баппен сотталғандардың бәрі әлдеқашан ақталып, босап шықты.

Бір нәрсені түсінбеймін: қолымда Сердар Бердімұхамедов біздің сайтты күнделікті оқиды деген ақпарат бар. Ол ақпаратты бізден алады, сосын оны тексереді, расталып жатса, мәселені реттеп, тәртіп орнатуға бұйрық береді. Бір жағынан алғанда, біз оған пайдалымыз: бізден басқа ешкім – кеңесшілері де, мемлекеттік БАҚ та – оған ештеңе айтпайды. Алайда екінші жағынан, Түркіменстанның арнайы қызмет өкілдері сол ақпаратты жинайтын біздің тілшілерімізге қысым көрсетеді. Президент соны біліп отыр және "журналистерге тиіспеңдер, ең бастысы шектен шығып кетпесе, мәселен, әскери бөлімдерге фотоаппаратпен кіріп келмесе болды" дегендей бұйрық беру қолында тұр. Бірақ сөйте тұра, жолдың нашар екенін немесе дәрігерлердің ауылдағы ауруханадан дәке ұрлағанын айтса, оларды қудалай бастайды.

"ҮКІМЕТТЕ, КҮШ ҚҰРЫЛЫМДАРЫНДА БІЗГЕ АҚПАРАТ ЖЕТКІЗУШІЛЕР БАР"

– Басқа тәуелсіз түркімен редакцияларымен бірлесе жұмыс істейсіздер ме? Мәселен, Азаттықтың Түркімен редакциясы – Азатлық радиосымен?

– Иә, әрине. Түркімен қызметімен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Мысалы, маңызды тақырып тауып, ондағы қандай да бір фактінің рас-өтірігін анықтай алмасақ, әдетте бір-бірімізбен ақылдасып, ақпараттарды салыстырып, ортақ картина жасаймыз.

Шындыққа жанаспайтын дүниелерді жариялағымыз келмейді. Бір рет күмәнді ақпарат таратсаң, жылдар бойы бетіңе басады да тұрады. Жұмысымызға нұсқан келтіру үшін біз туралы қанша рет ашық фейктер таратуға тырысқанын білсеңіз ғой. "Олар ғимарат құлап қалды деп жазса, сене беріңдер. Бірақ ол өтірік, бәрі орнында тұр", – дейді сосын. Ондай жағдай көп кездеседі. Кейбіреулер – оларды әріптес деп айтуға аузым бармайды – сондай фейк ақпараттарға сеніп, тексермей жариялай салады.

– Бірақ ақпараттан оқшауланған елде оны тексеру қиын емес пе?

– Мақтанбай-ақ қояйын, бізге қиын емес. Біз кез келген жаңалықты тексере аламыз. Себебі үкіметте де, тіпті күш құрылымдары қатарында да бізге ақпарат жеткізушілер бар. Олардың кейбірі – жоғары лауазым иесі.

– Олар неліктен сізге ақпарат береді?

– Себебі елдегі жағдайды көріп отыр, өзгеріс болса екен дейді, алайда басшыларына оны айта алмайды.

Ашғабаттағы үлкен көшелердің бірін сыпырып жүрген адам.
Ашғабаттағы үлкен көшелердің бірін сыпырып жүрген адам.

– Билік өкілдерінің арасында тәуелсіз басылымдармен ынтымақтасқысы келетін адамдар болса, Түркіменстанның болашағы анау айтқандай бұлыңғыр емес екен ғой?

– Мен тіпті Түркіменстанның келешегіне сәл-пәл оптимизммен қарай бастадым. Былтыр желтоқсанда төрт бірдей саяси тұтқынға кешірім берілді. Әрине, олар мүлде сотталмауы керек еді. Дегенмен тәуелсіздік алған 32 жылда саяси тұтқындардың мерзімінен бұрын босап шығуы – алғашқы жағдай. Бұрын-соңды болмаған оқиға.

– Билік басына Ғұрбанқұлы Бердімұхамедов келгенде БАҚ, әсіресе Орта Азиядан тыс жұмыс істейтіндер жаңа көшбасшыны жақсылықтың нышанына балап, енді Түркіменстан үшін жаңа, азат заман туды деп жар салған. Алайда уақыт жағдай одан бетер ушыққаннын көрсетті. Ал қазір бәрі Сердардан үміт күтіп отыр.

– Сердарға мен де үміт артамын. Қазір билік толықтай оған тиесілі емес, бірақ естуімше (сөзбе-сөз жеткізейін), "ол билік тұтқасын ақалтеке сәйгүлігіндей жылдамдықпен қолына алып жатыр". Әкесі саясаттан біржола кеткен соң, Сердар режимді босаңсытады деп үміттенемін.

"ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ПАЙДАЛЫ ДА ЖАҒЫ БАР"

– Сайтыңыз Түркіменстан мигранттары туралы жиі жазады. Қазір елден шығу қаншалықты қиын?

– Әсіресе пандемиядан кейін Түркіменстаннан шығу қиындап кетті. Түркіменстан көші-қон қызметін сонау басында отырғандардан бастап бер жағындағыларға дейін жемқорлық жайлаған. Сондықтан таныс-тамыр болмаса, көрсетілген мерзімге дейін шетелдік паспорт рәсімдеу мүмкін емес. Тек сол жемқорлықтың да пайдасы бар екен. Мәселен, интернетті бұғаттауды алайық. Оған жауапты шенеунік бір қолымен интернетті бұғаттап тастайды да, біреулер ақша берсе, екінші қолымен оны ашады. Ақысы айына екі мың доллардан басталады. Оны төлесең, кеңсең, компанияң лимитсіз интернетке қол жеткізеді. Сөйтіп, біздің сайтқа да, Twitter-ге де кіре аласың, тіпті YouTube көресің.

– Паспорт жасау қымбат па? Ол қанша уақыт алады?

– Түркіменстанның қатардағы тұрғыны айына орта есеппен 100 доллар жалақы алады. Бұл ақша ештеңеге жетпейді. Тіпті 200 доллар да жетпейді, мен оны жақсы білемін. Ал паспортты жедел рәсімдеу 600-1000 доллар шамасында. Енді қатардағы тұрғын ондай ақша таба ала ма, есептеп көріңіз?

Паспортты "сатып алу" үшін адамдар түрлі айла-шарғыға барады. Біреулер қарыз алса, енді бірі бірдеңесін сатады, паспорт алып, шетелге жұмыс істеуге барған соң, қарызды қайтарамын деп уәде береді. Қалай болғанда да елден кетіп қалу үшін өсімқорлардан көп пайызбен ақша алады.

– 10 жылдан кейінгі Түркіменстанды қалай елестетесіз?

– Күндердің күнінде Түркіменстан даму жолына түсіп, біртіндеп кедергілер жойылады деп үміттенемін. Себебі он жылдан кейін елдің дамуын тежеп отырған ең басты адам – Ғұрбанқұлы Бердімұхамедов болмайды. Оған дейін Сердар билігін бекемдеп алады деген ойдамын, бәлкім мүлде басқа президент келетін шығар. Автократияның ерекшелігі – ертең не болатынын ешкім білмейді. Көшбасшы өлуі де, төңкеріс, көтеріліс болуы да мүмкін. Заңсыздық жайлап, билік бір адамның қолына шоғырланған елдерде осының бәрі шындыққа айналуы әбден мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG