Accessibility links

«Бұл сот – көрнекі процесс» дейді Бегдесіновтің ұлдары


Бисенғұл Бегдесінов бейнеленген киім. Алматы. 16 мамыр 2011 жыл.
Бисенғұл Бегдесінов бейнеленген киім. Алматы. 16 мамыр 2011 жыл.

Бисенғұл Бегдесіновке бес жыл шартты жаза кескен түркімен соты оның жүз мыңдаған доллар айыппұл төлеуін міндеттеп отыр. Әйтпесе Түркіменстандағы қазақ қауымдастығы белсендісі қайта қамалуы мүмкін.


Бегдесіновтің жақындары «бұл іс – көрнекі процесс, санкция – Түркіменстандағы этникалық қазақтарды қорқыту» дейді.

ҚАЙТА ҚАМАЛУЫ МҮМКІН

Алматыда дүйсенбі, мамырдың 16-сы күні өткен баспасөз маслихатында Бисенғұл Бегдесіновтің ұлдары Әмір мен Әлібек әкелеріне қатысты шығарылған сот шешімінің «қитұрқы тұстары» бар екендігін айтады.

– Әкемізге 5 жыл шартты жаза мерзімін тағайындады. Бірақ оның талаптары бар. Сот шешімі бойынша әкеміз Түркіменстанда пәтерлерін жекешелендіруге көмектескен қазақтардың пәтер құнын мемлекетке қайтаруы керек. Әзірше ол – 8 үй. Жақында тағы да 18 түркімен қазағының пәтерлеріне қатысты
Әлібек Бегдесінов баспасөз мәслихатында. Алматы, 16 мамыр 2011 жыл.
жекешелендіру процесі аяқталуы тиіс. Осыған байланысты Түркіменстан үкіметі әкемізге жаңа айып тақса, айыппұл көлемі өсуі мүмкін, – дейді Әлібек Бегдесінов.

Оның сөзінше, қазір Түркіменстанда пәтерлердің орташа бағасы – шамамен 20 мың АҚШ доллары. Қарапайым есепке салғанда, Бегдесінов түркімен билігіне 8 пәтер үшін 160 мың доллар төлеуі тиіс. Бірақ ұлдарының қаупі расталса, онда бұл сома 520 мың долларға дейін жетпек. Оны төлей алмаған жағдайда түркімен билігі Бегдесіновті қайта қамауы ықтимал.

– Мұның барлығын әкем «ол соманы төлей алмай, Түркіменстаннан шыға алмасын» деп істеп отыр. Оған қоса, біздің ойымызша, бұл іс – Түркменстандағы этникалық қазақтарды қорқыту, – дейді Әмір Бегдесінов.

ШАҚЫРТУДЫҢ «ЖЫРЫ»

Түркіменстанда азаматтарға пәтерлерін жекешелендіруге тиым салынған. Сондықтан елден кетемін деушілер баспанасын мемлекетке өткізеді. Ал онымен келіспегендердің бар үміті – Түркіменстан мен Ресей арасындағы мемлекетаралық келісім. 1993 жылы күшіне енген бұл құжаттың негізінде Түркіменстаннан Ресейге көшемін деушілер баспанасын жекешелендіре алады. Ол үшін азамат «қоныс аударушы» статусын алуы керек. Бұл статусты алу үшін Ресей азаматынан шақырту хат келуі тиіс. Құжаттар рәсімделгенен кейін азамат үйін сатып, Ресейге көшіп кетеді. Ол жақтан әдетте тарихи отаны – Қазақстанға қоныс аударады.

Бисенғұл Бегдесінов 2008 жылдан бері Түркіменстандағы қазақтарға Ресейден шақырту жасатып, оны рәсімдеумен айналысып келеді. Ұлдарының сөзінше, әкелері жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендіктен салығын да үнемі төлеп келген. Осыған дейін шамамен 30 отбасының үйін жекешелендіріп, Түркіменстаннан көшіп кетуге көмектескен.

– Әкемнің ісінде көрсетілген барлық пәтерлер Түркіменстан президентінің қаулысының негізінде, жергілікті әкімдіктердің шешімімен жекешеленген. Әкеміз ол әкімдіктерге қызмет етпейді, жекешелендіру туралы шешім шығаратын комиссияға да кірмейді. Соған қарамастан жекешеленген пәтерлердің құнын төлеуді талап етіп отыр, – дейді Әлібек Бегдесінов.

ТҮРКІМЕНСТАНДАҒЫ «ҚАУІПТІ ТЕНДЕНЦИЯ»

Бегдесіновтің ұлдарының айтуынша, Түркіменстан билігіне Гурбангулы Бердімұхамедов келгелі бері елде «қауіпті тенденция» байқалады.

– Мұның алдында қазақтарға жекешелендіру кезінде ешқандай кедергі болмайтын. Ал қазір «егер сендер, қазақтар, тарихи отандарыңа оралғыларың келсе, мүліктеріңді тастап кетіңдер» деген тенденция
Әмір Бегдесінов баспасөз мәслихатында. 16 мамыр 2011 жыл.
байқалады. Бұл тенденцияның бар екендігін әкеме шығарылған соттың шешімі де, әкемнен көмек сұрап келгендерді құқық қорғау орындары «мазалай беретіндігі» де дәлелдеп отыр, – дейді Әмір Бегдесінов.

«Бұл қысымның саяси астары бар» деген ағалы-інілі Бегдесіновтер әкелеріне тағылған айыптарды толығымен алғызып тастауды көздеп отыр. Олар 15 күннің ішінде мамырдың 13-і күні шыққан сот шешімін қайта қарауға шағымдана алады. Әмір Бегдесіновтің сөзінше, олар бұл мүмкіндікті міндетті түрде пайдалады. Әкелеріне тағылған барлық айыпты алып тастауда Қазақстанның азаматтық қоғам өкілдерінен көмек сұрайтындықтарын айтады.

– Аман-есен айып алынып тасталса, әке-шешемізді көп күттірмей Қазақстанға алдырамыз, – дейді ағалы-інілі Бегдесіновтар.

«ҚҰРЫЛТАЙҒА КЕЛМЕЙДІ»

Бисенғұл Бегдесінов 25-27 мамыр аралығында Қазақстанда өтетін Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына делегат ретінде тіркеліп, шақыртылған еді. Енді төлқұжаты тәркіленгендіктен келе алмайтын болды.

Біз Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына хабарласып, Түркіменстандағы делегаттың жағдайына қатысты сұраған едік, алайда әңгіме көпке созылған жоқ.

– Шақырылған, бірақ өзі айтты «құжаттарымды алып қойды, келе алмаймын» деп, – дейді қауымдастық өкілі Ботагөз Уатқан.

«Ал шетелдегі қазақтардың мәселесімен айналысу тікелей міндеті болып табылатын қауымдастық қандай көмек көрсетті?» деген сұрағымызға сұхбаттасымыз:

– Біз неге көмектеспейміз? Көмектестік қой! Елшілікке хат жаздық, министрлікке хат жазып, айттық. Өзінің үйімен неше рет хабарласып отырмыз, одан артық қандай көмек керек бізден? – деп жауап берді.

Алайда Ботагөз Уатқан қай елшілікке хат жазып, қай министрлікке не айтқандарын нақтылаудан бас тартты. «Айналайын, мазаламашы мені» деп телефон тұтқасын қоя салды.

Азаттық тілшісі бұл іске қатысты Түркіменстанның ішкі істер министрлігіне, Бегдесіновтың адвокатына, істі қараған судья Мәметназароваға да хабарласты. Алайда олардың ешбірі телефон тұтқасын көтермеді.

Түркіменстандағы қазақ қауымдастығының белсендісі Бисенғұл Бегдесінов Ашғабатта сәуірдің 11-і күні қамауға алды. Оған сол елдің қылмыстық кодексінің 228-бабы 4-тармағы (аса ірі көлемдегі алаяқтық) және 185-бабының 2-тармағы бойынша (пара беру) айып тағылды. Мамырдың 13-і күні Ашғабаттың Копетдағ аудандық соты Бисенғұл Бегдесіновке шартты түрде жаза мерзімін тағайындап, сот залынан босатқан болатын.
XS
SM
MD
LG