Accessibility links

Учаскелері бос, жоғары көрсеткішпен өткен сайлау


Түркіменстан мәжілісі сайлауына дауыс беріп жатқан адамдар. Ашғабад. 25 наурыз, 2018 жыл.
Түркіменстан мәжілісі сайлауына дауыс беріп жатқан адамдар. Ашғабад. 25 наурыз, 2018 жыл.

Түркіменстанның Сайлау және референдум өткізу жөніндегі орталық сайлау комиссиясы жексенбі күні өткен ел парламенті, жергілікті атқарушы билік органдары және жергілікті өзін-өзі басқару органдары сайлауына сайлаушылардың 90 пайыздан астамы қатысты деп жариялады.

Алайда тәуелсіз бақылаушылар мен азаматтық қоғамның жергілікті белсенділері сайлау учаскелерінде дауыс берушілер белсенділігі әлдеқайда төмен болғанын байқаған.

Ел билігі 25 наурызда сайлау "баламалы, демократия мен жариялылық принциптері негізінде" өтті деп хабарлады.

"Орталық сайлау және референдум өткізу комиссиясы дерегінше, Ашғабад уақытымен кешкі сағат 19-дағы есеп бойынша мәжіліс депутаттарын сайлауға жалпы электораттың 91,69 пайызы, уәлаят (облыс), этрап (аудан) және қалалық халық мәслихаттары мүшелерін сайлауға 91,75 пайызы, генгештерді сайлауға 91,68 пайызы қатысты" деп хабарлайды ТДХ мемлекеттік ақпарат агенттігі.

Дауыс беруші. Ашғабад. 25 наурыз, 2018 жыл.
Дауыс беруші. Ашғабад. 25 наурыз, 2018 жыл.

Азаттықтың Түркімен қызметі дереккөздері Ашғабадтың № 47, №48, №51, №55, №62 мектептерінде және Денсаулық үйлерінде ұйымдастырылған сайлау учаскелерін аралаған болатын. Олардың сөзінше, бұрынғы сайлаулардағы сияқты бұл жолы да дауыс беруге құлықты адамдар қарасы тым аз болған.

"Сағат 10.00-ге дейін учаскеге ешкім келген жоқ деуге болады. Содан кейін бірлі-жарым адам келе бастады. Өзім түскі 12-лер шамасында дауыс бердім. Дауыс беруге арналған арнайы дәптерге қол қойғандар саны тіпті сол кездің өзінде өте аз болатын" дейді ашғабадтық азаматтық белсенді Наталия Шабунц.

Елдің сайлау органдары меджлис депутаттарын сайлауға сайлаушылардың жалпы санының 54,65 пайызы қатысқанын хабарлап, түс кезінде "сайлау өткенін" жариялап үлгерді.

Сайлау учаскелері сағат 7:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істеді.

Азаттықтың Ашғабадтағы тағы бір дереккөзінің сөзінше, сайлау учаскелері жабылар тұста билік сайлаушыларды дауыс беруге үгіттеп, үйлерді аралап жүрген.

"Шамамен сағат 16:00-ден бастап пәтерлерді аралау басталды, жұртты учаскеге барып, дауыс беруге үгіттеп жүрді" дейді анонимді түрде сөйлескен Азаттық дереккөзі.

Азаттық дереккөздерінің сөзінше, Түркіменстан астанасында сайлау өтіп жатқан кезде интернет өшіп тұрған. "Шамамен таңғы сағат 9-дан бастап сағат 22-ге дейін бүкіл қалада дерлік интернет өшіп тұрды. Интернет қосулы сияқты болды, бірақ бірдеңені ашып қарау, жолдау мүмкін болмады" дейді Ашғабад тұрғыны.

Мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, сайлау процесінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында дауыс беру процесін бақылауға төрт мыңнан астам жергілікті және халықаралық бақылаушылар қатысқан.

Сайлау учаскесі алдындағы концерт. Ашғабад. 25 наурыз, 2018 жыл.
Сайлау учаскесі алдындағы концерт. Ашғабад. 25 наурыз, 2018 жыл.

Бірақ Ашғабадта тұратын бақылаушы әрі жазушы Аманмұрат Бугаевтың сөзінше, көптеген сайлау учаскелерінде, мысалы, № 47, №48, №51, №55, №62 мектептерінде және Денсаулық үйлерінің кейбірінде "жергілікті бақылаушы" деп жазылған үстелде бір адамнан ғана отырған, ал халықаралық бақылаушылар мүлде болмаған.

​Түркіменстандағы сайлауды бақылау үшін Тәуелсіз мемлекеттер достастығынан, Шанхай ынтымақтастық ұйымынан бір топ бақылаушы және Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сарапшылары барған.

Алтыншы шақырылымдағы мәжілістегі 125 орынға бұл жолғы сайлауда ішінде Түркіменстан президентінің баласы Сердар Бердімұхамедов те бар, 284 кандидат "таласқан".

Оқи отырыңыз: Президент ұлының билікке өрлеуі

Түркіменстандағы жағдайды жақыннан бақылап жүрген кей халықаралық сарапшылардың пікірінше, "Түркіменстандағы сайлау билік династиясын құру жолындағы кезекті шараға айналады" әрі 2016 жылдың аяғында Түркіменстан парламентіне алғаш рет депутат болып сайланған президент Бердімұхамедовтің 36 жастағы жалғыз ұлы Сердар Бердімұхамедов өз орнын сақтап қалады деп болжайды.

Президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің өзі 25 наурызда астанадағы Аннанияз Артық атындағы №68 мектепте ұйымдастырылған сайлау учаскесінде дауыс берді.

(Азаттықтың Түркімен қызметі мақаласы орысшадан аударылды)

XS
SM
MD
LG