Accessibility links

Гей жігіт Түркіменстанда ЛГБТ жайының адам төзгісіз екенін айтады


ЛГБТ қауымының түрлі-түсті туы. (Көрнекі сурет).

Түркіменстанда гей жігіт өзі туралы ашық мәлімдеме жасап, қоғамдық талқылау бастағысы келеді

«Сәлеметсіз бе, менің есімім - Кәміл. Мен – геймін. Гей екенімді бала күнімнен білетінмін». Азаттықтың Түркімен қызметі (Азатлық) тілшісінің 24 жастағы Кәмілмен (аты-жөні өзгертілген) таныстығы осылай басталды. Оның мамандығы – кардиолог-дәрігер. Минскідегі медицина университетінде оқыған. 2018 жылы жазда туған жеріне – Түркіменстанға оралған. Қазір Ашғабадтағы ауруханалардың бірінде жұмыс істейді.

Кәміл – Түркіменстандағы сексуалды азшылық өкілдері (ЛГБТ - лесби, гомосексуал, бисексуал, трансгендер) арасынан өз хикаясын баяндау үшін Азаттықтың Түркімен қызметіне хабарласқан алғашқы адам. Азаттық радиосына соңғы жылдары ЛГБТ өкілдерінің дискриминацияға ұшырап, зорлық-зомбылық көргені туралы бірнеше рет хабар түскен. Бірақ ықтимал құрбандармен байланысу мүмкін болмағандықтан Азаттық бұл ақпаратты не растап, не жоққа шығаратын материал жариялай алмаған.

«БАЛА КҮНІМНЕН ГЕЙ ЕКЕНІМДІ БІЛДІМ»

Кәміл Азаттық радиосына «каминг-аут» жасау (сексуалды азшылық өкілі екенін ашық мәлімдеу) және мұндай қадамға барған алғашқы түркімен гей екенін айту үшін хабарласқанын айтады. Оны мұндай қадамға баруға гомосексуализмді қылмыс деп қарастырып, әлі күнге дейін жаза қолданатын Түркіменстанда ЛГБТ өкілдеріне толерантты қарым-қатынастың жоқтығы, туыстарының түсіністік танытпауы мәжбүрлеген.

Азаттық тілшісі Кәмілмен үзбей үш апта хабарласып тұрды. Осы уақыт ішінде кейіпкер өзі туралы ашық мәлімдеме жасаудың дұрыстығына бірнеше рет күмән келтірген. Өйткені Түркіменстанда мұндай мәлімдеме жасаған адамның өміріне қауіп төнуі мүмкін. Әңгіме барысында Кәміл үнемі өз басындағы жағдаймен бөлісіп, Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшілері кейіпкердің аты-жөнін ашық көрсету туралы шешімін бірнеше рет өзгерткен. Бірақ соңғы күндері Кәмілдің басынан өткен жағдайлар оның соңғы шешім қабылдауына әсер еткен.

Азаттық тілшісі Кәмілмен ең қауіпсіз байланыс желісі арқылы сөйлескен. Кейіпкер журналистермен сөйлескенін жақындары біліп қояды деп қорыққан. Ол Азаттық тілшісіне мессенджер арқылы видео жіберіп, адам төзгісіз жағдайға ұшырағанын әңгімелеп берген.


«Бала күнімнен гей екенімді білетінмін. Маған мұны қабылдау қиын болды. Дінді қатаң ұстанатын отбасыда өстім. Мектеп бітіргеннен кейін Минскіге кетіп, медициналық университетке оқуға түстім. Минскіде өзімді еркін сезініп, шынайы болмысымды қабылдай бастадым. 2018 жылы жазда оқуымды тәмәмдап, Түркіменстанға оралдым. Бірақ үнемі елден кетіп қалу туралы ойда жүрдім. Өйткені Түркіменстанда мен сияқтыларға өмір жоқ. Туған жеріме оралғаннан кейін өзімді жалғыз сезіне бастадым. Бірде интернет арқылы бір жігітпен таныстым. Сөзіміз жарасып кетті. Онлайн әңгімеде жақсы адам боп көрінді. Кездесуге уағдаластық. Бірақ мұның соңы қайда апарып соғарын білген жоқпын», - дейді Кәміл.

Бұл кездесу сәтсіз аяқталған. Онымен интернет арқылы сөйлескен жігіт гейлерді алдап, қақпанға түсіретін полиция қызметкері болып шыққан. Түркіменстанда гомосексуализм үшін заң бойынша жаза қарастырылған.

«Біз кездесуді кешкі жетіге белгіледік. Келсем, ол әлі келмепті. Хабарласқанымда, қазір келемін деп ескертті. Оны күтіп отырған кезде әпкеме дәрі алмақ боп дәріханаға кірдім. Соңымнан азаматтық киімдегі екі адам кіріп, қолыма кісен алып, Хитровка ауданындағы полиция бөлімшесіне алып кетті», - дейді Кәміл.

«МЕНІ АҒАМ ШЫҒАРЫП АЛДЫ, АЛ ҚАЛҒАНДАРЫ ҚАЙТЕДІ?»

Кәмілдің жақын ағасы Түркіменстан президентінің күзет қызметінде жұмыс істейді екен. Осының арқасында ол қылмыстық жауапкершіліктен құтылған. Бірақ қашан полиция қолынан босап шыққанша, Кәміл соққыға да жығылып қорлық тартқан.

«Полиция бөлімшесіне жеткенше мені көлікте ұрып, балағаттады. Ұрып-соғу бөлімшеде де жалғасты. Электрошокер қолданып, камера алдында гей екенімді мойындатпақ болды. Телефонымды тартып алып, сақталған нөмерлерді қарады. Басқа гейлерді ұстап берсем, жіберуге уәде берді. Кешкі 11-ден кейін жақындарым хабарласа бастады. Әкемнің қоңырауына полиция қызметкерлерінің бірі жауап берді.Әкемнің ағасы президенттің күзет қызметінде істейді. Олар мені алып кетуге бірге келді. Мені абақтыдан ағамның президенттің күзет қызметінде істегені ғана құтқарып қалды. Бірақ түрмеге түскен мен сияқты басқа қаншама адам бар», - дейді ол.

Ашхабад қаласының көрінісі. (Көрнекі сурет).
Ашхабад қаласының көрінісі. (Көрнекі сурет).


Әкесі мен ағасы Кәмілді бөлімшеден алып кеткенде, оның бүкіл денесі, электрошокер тиген қабырға тұсы қол тигізбей ауырған. Кәміл бөлімшеден босап шыққаннан кейін туыстарының қысымына ұшыраған. «Үйге жеткенше жақындарымнан небір балағат сөз естідім», - дейді ол.

«Үйге келген соң қысым көрсету қайта басталды. Әкем «сені бір жаққа апарып, тірідей бауыздағаным жақсы еді, оңбаған» деп айқайлады. Ағаларым да «бізді масқара қылдың» деп сөкті. Келесі апталарда мені молдаға апарып, дұғамен емдеп жазуды сұрады. Психологқа да апарды. Соңында мені үйлендіреміз деген ұйғарымға келді», - дейді Кәміл.

Кәмілдің сөзінше, қазір оның сексуалды ориентациясы туралы әкесі мен ағалары ғана біледі. Бірақ ол «каминг-аут» жасап, гей екені туралы ашық жариялағысы келеді. Өз үлгісі арқылы түркімен қоғамындағы сексуалды азшылық өкілдеріне қарым-қатынасты қайта қарауға ықпал ететін талқылау басталғанын қалайды.

«Иә, мен геймін. Гей екенімді үнемі біліп жүрдім. Бұрын бұл мені қинайтын. Кейінірек өзімнің шынайы болмысымды қабылдауға үйрендім. Басқа адамдардан еш айырмашылығым жоқ. Енді мені айналамдағылардың қарым-қатынасы қинайды. Әсіресе, жақындарымның түсіністікпен қарамағаны жаныма батады. Менің де адам екенімді бәрі білсе, отбасым өзімді таныса деймін», - дейді Кәміл.

ЕЛДЕН ҚАШУҒА ТАЛПЫНЫС

Азаттықтың Түркімен қызметі Кәмілмен бірнеше апта бұрын ғана танысқанымен, редакция оның жағдайы туралы алғаш рет ақпан айында білген. Бірақ Кәмілмен байланыса алмаған. Өзінің айтуынша, Кәміл ақпан айында жақындары мен ЕҚЫҰ-ның Ашғабадтағы өкілдігінен қолдау таппай Стамбулға кетіп қалған.Бірақ оны әкесі мен ағасы жалдаған адам тауып берген.

«Олар мені үйлендіргісі келетін қыз тапқан кезде, алғашқыда үйреніп кетермін деп ойладым. Бәрі ата-анам қалағандай жүріп жатты. Бірақ тойға дайындық басталғанда, ол қызды алдап өмір сүре алмайтынымды түсіндім. Оның өмірін құртып, бақытсыз еткім келмеді. Сол кезде бірнәрсе жасау керек деген ойға келдім», - дейді Кәміл.

Ол халықаралық ұйымдардан көмек сұрауға бекініп, Түркіменстанда жалғыз көмек беруі мүмкін орын ЕҚЫҰ өкілдігі болар деп ойлаған.

Түркіменстандық жас. (Көрнекі сурет).
Түркіменстандық жас. (Көрнекі сурет).


«Қаңтар айында ЕҚЫҰ кеңсесіне бардым. Қабылдауға кіргізуін сұрадым. Мені тыңдауға жергілікті қызметкерлердің бірі шықты. Түркімен ұлтының азаматымен түркімен тілінде сөйлестік. Ол өзін таныстырмастан, қандай мақсатпен келгенімді сұрады. Өзім туралы айтып, көмек сұрадым. Гей екенімді білгенде, түрі өзгеріп, маған дөрекі сөйлей бастады. Түркіменстанда бұл үшін қылмыстық жаза барын ескертіп, түрмеде отырмағаныма қуануым керегін айтты», - дейді Кәміл.

Бұл туралы Азаттықтың Түркімен қызметінің тілшісі Ашғабадтағы ЕҚЫҰ өкілдігімен байланысып, түсініктеме алуға тырысты. Бірақ өкілдік сайтында көрсетілген телефон нөмірлері жұмыс істемей тұрды.

Сағы сынған Кәміл осыдан кейін ешкімге айтпай, елден кетпек болған.

«Ақпанның 18-сі күні БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі өкілдігінен көмек сұрау үшін Түркияға бардым. Мен кеткен күннің ертеңіне отбасым Түркиядан мені іздеп табуға Дурдымырат Аннаев деген түркімен азаматын жалдаған. Оның қайда жұмыс істейтінін білмеймін, бірақ маған Түркіменстан елшілігімен байланысы бар сияқты көрінді. Ол маған қоқан-лоқы көрсетіп, Стамбул әуежайына барып, ұшаққа отыруға мәжбүрледі. Жақындарыма хабарластым. Олар «бәрі жақсы болады, тек сөйлесуге шақырдық, кейін қаласаң, елден кетуіне қарсы болмаймыз» деп уәде берді. Ақпанның 20-сы күні Ашғабадқа келдім», - дейді Кәміл.

ТҮРКІМЕНСТАН ТҮРМЕ СИЯҚТЫ

Үйге оралғаннан кейін Кәмілдің ата-анасы мен билік құрылымына ықпалы бар ағасы оны елден шығуға тыйым салынған азаматтар тізіміне қостырған. Қазір Кәміл шетелге шыға алмайды. Бірақ қазіргі болмысынан бас тартпай өмір сүру мен Түркіменстанда қалудың бір-біріне қарама-қайшы жағдайлар екенін жақсы түсінеді. Кәміл Түркіменстанда өзі туралы ашық мәлімдеме жасаудың өміріне қауіпті екенін біледі.

Президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің ескерткіші маңындағы жастар. (Көрнекі сурет).
Президент Гурбангулы Бердімұхамедовтің ескерткіші маңындағы жастар. (Көрнекі сурет).


Азаттық тілшісімен сөйлескен соңғы күндері Кәмілге туыстарының, әсіресе, әкесі мен ағасының қысымы күшейген. Түркіменстан президентінің күзет қызметінде істейтін ағасы Азаттық тілшісімен сөйлесіп жүрген кезде Кәмілді екі рет алып кетіп, «ақылға шақыру» үшін әңгіме жүргізген. Қазанның 17-сі күні Кәмілді алып кеткен ағасы оны тергеп, ұрып-соққан. Бұған Кәмілдің өзін үйлендіргісі келген қызға ориентациясы туралы ашық айтып, тұрмысқа шығудан бас тартуын сұрауы себеп болған.

«Түркиядан келгеннен кейін туыстарым үйлену тақырыбын қайта қозғады. Екінші қызға құда түсті. Осыдан кейін сіздерге хабарласуға бел будым. Туыстарыма үйленгім келмейтінін түсіндіруге тырыстым. Біріншіден, бұл әлгі қызға қатысты әділетсіздік болады. Біреудің өмірін бүлдіргім келмейді. Үйлену мен үшін өліммен тең. Сондықтан Имо желісіндегі анонимді аккаунт арқылы ата-анам құда түскен қызға шындықты айтып, маған тұрмысқа шықпауға кеңес бердім», - дейді Кәміл.

Қыз бұл туралы ата-анасына, олар Кәмілдің жақындарына хабарлаған. Осыдан кейін қазанның 17-сі күні ағасы Кәмілді алып кетіп, қызға бұл ақпаратты кім жеткізгенін сұрап, ұрып-соққан.


Кәмілдің соңғы жазған хабарламасында «Еркіндікке қол жеткіземін деп үміттенемін. Үмітім ақталмаса, менің хикаям маған ұқсағандардың еркіндікке қол жеткізу жолындағы бірінші қадам болсын. Бұл мәселені көтеруді тоқтатпауларыңызды сұраймын. Жоғалып кетсем, маған не болғаны туралы жазыңыздаршы. Ағам «сіздерге ештеңе жазбадым» деуге мәжбүрлеуі мүмкін. Кеше «қызға мен жазған жоқпын» деуге мәжбүрледі. Қысымның ықпалымен айтқандарыма сенбеңіздер. Жазған хабарламамды сақтап қойыңыздар. Отбасым көзімді құртатын болды, бүкіл әлем олардың қандай екенін білгенін қалаймын. Өтінішімді орындаңыздаршы, өтінемін. Мен туралы жазыңыздаршы» дейді.

Азаттықтың түркімен қызметі биыл ЛГБТөкілдеріне қарсы жасалған зорлық пен адам төзгісіз қарым-қатынас туралы бірнеше хабарлама алған.

Түркіменстан азаматтарын гомосексуализм үшін қылмыстық жауапкершілікке тартатын елдер қатарында қалып отыр. Әлемде мұндай 60 мемлекет бар, бірақ күн санап олардың қатары кеміп келеді. Постсоветтік елдердің ішінде Түркіменстаннан басқа Өзбекстанда ғана гомосексуализм бойынша айыптау бабы бар. Қалған мемлекеттер қылмыстық кодекстен мұндай баптарды алып тастаған.

ПІКІРЛЕР

AzattyqTV

Шымкентте "Шал, кет" деп айғайлағандарды әкетті
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:57 0:00
XS
SM
MD
LG