Accessibility links

Украинаның бас прокуроры Руслан Кравченко қызметінен кетті

Руслан Кравченко
Руслан Кравченко

Украинаның бас прокуроры Руслан Кравченко елдің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтері прокуратураның жоғары лауазымды қызметкерлерінің бірі алаяқтық жолмен ақша табумен айналысқан жалған байланыс орталықтарына қолдау көрсеткен деген күдікпен тергеу жүргізіп жатқан шақта отставкаға кетуге өтініш берді.

Кравченко 7 қыркүйек күні кешке Telegram әлеуметтік желісінде жариялаған постында "Бас прокурор лауазымының саяси қақтығыс құралы ретінде пайдаланылуын" қаламағандықтан отставкаға кету туралы "саяси шешім" қабылдағанын жазды. Соның алдында ғана ол отставкаға кетпейтінін мәлімдеген еді.

Украиналық басылымдар президент Владимир Зеленский 7 қыркүйекте Кравченкомен кездескен деп жазды.

Бас прокуратура кеңсесінде тінту жүргізілгені туралы ақпарат 4 қыркүйекте жарияланған еді, бірақ бастапқыда прокуратура кеңседе тінту болғанын жоққа шығарған. Украинаның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюросы (НАБУ) мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнаулы прокуратурасы (САП) тергеушілері Бас прокурор кеңсесінің халықаралық құқықтық ынтымақтастық департаменті басшысының орынбасары Сергей Кропиваны ұстаған. Ол қамауға алынды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің өкілдері Кропива алаяқтықпен айналысқан жалған байланыс орталықтарынан пара алып келген қылмыстық ұйымды басқарған деген күдікке ілінгенін мәлімдеді. Бұл тергеу аясында прокуратураның тағы екі қызметкері қамауға алынған. Кравченконың өзіне ешқандай айып тағылған жоқ.

Айдар
XS
SM
MD
LG