Accessibility links

Вашингтонға сапар. Зеленский АҚШ-тан сұрағанын түгел ала алды ма?


АҚШ пен Украина президенттері Джо Байден мен Владимир Зеленский келіссөзден кейінгі баспасөз жиынында. Вашингтон, 21 желтоқсан 2022 жыл.
АҚШ пен Украина президенттері Джо Байден мен Владимир Зеленский келіссөзден кейінгі баспасөз жиынында. Вашингтон, 21 желтоқсан 2022 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ-қа Вашингтон берген ұшақпен барды. Байден мен Конгресс оны жылы қарсы алып, қошемет көрсетті. Ақ үй Украинаға қаражат бөлетінін, Patriot әуе шабуылынан қорғау жүйесін беретінін мәлімдеді. Зеленский бұдан өзге не сұраған еді?

Вашингтон берген ұшақпен АҚШ-қа барған Украина президенті Владимир Зеленскийді Ақ үй мен Конгресс мүшелері жылы қарсы алды. Ақ үй Украинаға құны шамамен 2 млрд доллар болатын көмек беретінін, оның арасында Patriot әуеден қорғау жүйесі бар екенін мәлімдеді. Украина оны Ресейдің зымыран шабуылынан залал келген энергия жүйесін қорғау үшін қолданғысы келеді.

Бірақ Украина президенті қалағанына қол жеткізе алды ма?

Зеленский Конгрессте сөз сөйлемей тұрып-ақ, Вашингтонда оны сән-салтанатпен қарсы алғаны байқалды. Джо Байден әкімшілігі Украина лидерін күтіп алу үшін қолынан келгенінің бәрін істеді. Тіпті, АҚШ әскери әуе күштері ұшағының Зеленскийді Польшадан Вашингтонға әкелуіне рұқсат берді. Әдетте билікке тиесілі бұл ұшақ АҚШ лауазымды тұлғаларын таситын.

Кей сарапшылар бұл көріністі Ұлыбритания премьер-министрі Уинстон Черчилльдің 81 жыл бұрын АҚШ астанасына әскери сапармен келуімен салыстырды. Оны президент Франклин Рузвельт пен Конгресс ерекше салтанатпен қарсы алған еді.

Ресейдің Украинаға басқыншылығы 11-айға ұласқанда, Американың жігері бәсеңдей бастағандай. Енді Зеленский "Вашингтонның күмәніне қарамастан, Американың ұзақмерзімді көмегі мен соғысты қаруландыруына" қол жеткізе алды ма деген сұрақ туындады.

"Соғыс ұзаққа созылатындай көрінгендіктен, Зеленский негізгі жақтасымен қарым-қатынасын нығайтуға тырысып жатыр" деді Вашингтондағы халықаралық стратегиялық зерттеулер орталығының әскери сарапшысы Марк Кансиан.

"Мәселе алдағы бір-екі айдан емес, жылдан аман шығуда болып отыр" дейді ол. "Ол қарым-қатынасты нығайтқысы келеді".

Байденнің Зеленскийдің Ресей әскерін Украина жерінен, оның ішінде Қырымнан шығару талаптарымен келісетін-келіспейтіні әзірге белгісіз дейді Лондондағы Chatham House зерттеу ұйымы Украина форумының директоры Орисиа Луцевич.

Байденнің бұл ұстанымға келісу-келіспеуі Украина қарулы күштерінің қолда бар әскери мүмкіндіктерді қаншалық тиімді қолдана алатынына байланысты деді ол.

"Зеленский АҚШ басшылығын Украинаның соғысты жеңе алатынына сендіруге тырысып жатыр" деді ол. "45 млрд доллар болатын көмек беруді қамтитын құжат бекітілсе, соның аясында қандай көмек көрсетілетінін көреміз".

"Жалпы, Киевке осыған жетуге жақсы мүмкіндік берілді" деді ол.

Көбі Киевке қару жеткізуді қолдап, Украина босқындарын қабылдап, Ресейге санкция салып жатқанымен, Американың Украинаға қолдауы расымен әлсіреп жатыр. Бірақ мерзімсіз міндеттемелерді қолдау төрт ай бұрынғыдай емес. АҚШ-тың Киевті бейбіт келіссөздер бастауға көндіруін қолдайтындар да көбейді.

Жуырда өткен АҚШ Конгресі сайлауында Украина басты назарда болған жоқ. Қаңтардан бастап Өкілдер палатасын Республикалық партия бақылайды және заң шығарушылардың арасында Украинаға көмек көрсетуді қатаң қадағалауға уәде бергендер болды.

Жалпы, шаралар республикалықтар үшін де, демократтар үшін де, өкілдер палатасы мен сенат үшін де тартымды болып отыр.

Мұны Зеленскийдің 22 минутқа созылған сөзінде жеткізгісі келген прагматизммен түсіндіруге болады.

"Сіздердің ақшаларыңыз қайырымдылық емес. Бұл ғаламдық қауіпсіздік пен демократияға салынған инвестиция және біз оған ұқыпты қараймыз" деді ол ағылшын тілінде сөйлеп.

Көзге көрінетін нәтижелерге келсек, Зеленский 2 млрд доллар болатын қару-жарақ мен техника алды. Оның ішінде Patriot зымыран жүйесі де бар.

Бірақ F-16 истребителі, M1 Abrams танктері, ATACMS алысқа ататын зымыран секілді басқа мәселелерге келгенде ол құр қол қайтты. Бұл қару Байденні эскалацияға қатысты қаупінің көрінісі іспетті.

Екінші жағынан, Байден мен басқа да лауазымды тұлғалар оған бейбіт келіссөздер туралы айтып қысым көрсеткен жоқ. Әскери жетістіктерден қуат алған Украина командирлері бейбіт келіссөздер туралы ойлағысы да келмейді. Қазір Ресей Украина аумағының 20 пайызын бақылауда ұстап отыр.

Десе де, ол Конгресске оның әкімшілігі бейбітшілікке қарсы емес екенін түсіндіруге тырысты.

"Иә, бізге бейбітшілік керек" деді ол сөйлеген сөзінде. "Украина ұсынысын айтты, оны жаңа ғана президент Байденмен талқыладым. Біздің бейбітшілік формуласында он бөлім бар. Оны ондаған жылға кепілдік берілген жалпы қауіпсіздік үшін жүзеге асыру керек. Саммит өткізу керек".

ҚҰПИЯ САПАР, ШЫҒЫС ПЕН БАТЫС

Зеленский соғыс басталғалы алғаш рет шетелге шықты. Содан бұрын ол Донбасстағы Бахмут қаласына барды. Қазір онда тартысты қақтығыс жүріп жатыр.

Онда ол үздіксіз шабуылға тап болған офицерлер мен сарбаздардың алдында сөз сөйледі.

Сол жерде сарбаздар берген жазуы бар туды ол Конгресске тарту етті.

"Олар менен бұл туды сіздерге, миллиондаған адамның өмірін құтқара алатын АҚШ Конгресіне, өкілдер палатасы мен сенаторларға беруімді сұрады" деді Зеленский. "Сондай шешімдер қабылдансын. Мына ту сіздерде қалсын. Ханымдар мен мырзалар, бұл ту – соғыстағы жеңісіміздің символы".

АҚШ вице-президенті Камала Харрис пен Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Зеленскийдің қолынан Украина туын қабыл алып тұр. Вашингтон, 21 желтоқсан, 2022 жыл.
АҚШ вице-президенті Камала Харрис пен Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси Зеленскийдің қолынан Украина туын қабыл алып тұр. Вашингтон, 21 желтоқсан, 2022 жыл.

Зеленскийдің сапары болашақта нәтиже беретін инвестицияға көбірек ұқсайды дейді Киевтегі ұлттық стратегиялық зерттеулер институтының ғылым қызметкері Николай Белоруссков.

"Инвестиция салған кезде, тура сол күні нәтиже күтпейсіз ғой" дейді ол. "Зеленскийдің сапарына да солай қараңыз. Бұл болашақта нәтиже беретін импульс".

"Ең бастысы, Вашингтонға барған президент тура бір жыл бұрын әскер мен әскерді салыстыру тұрғысынан қауқарсыз саналған еді" дейді ол. "Бірақ ақыр соңында ол бұл болжамның бәрін жоққа шығара алды".

"Президент Байден Украинаның соғыста жеңе алатынын және оның жеңілісі АҚШ үшін Ресейдің жеңілгенінен де көбірек қатер бар екенін түсінеді" дейді Киевтегі жемқорлыққа қарсы қозғалыс белсендісі, АҚШ ресми өкілдерімен жиі кездесетін Дария Каленюк.

АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Джон Хербст Зеленскийдің аргументтерін қолдап, Украинаға көмек көрсету АҚШ-тың қауіпсіздігін күшейту үшін ақылды және тиімді саясат болатынын айтты.

"Путиннің агрессиясын тоқтату үшін, бұл біз үшін ақылды және тиімді орын" дейді ол. "Бұл АҚШ-тың Украина халқына сыйлығы ғана емес. Бұл қауіпсіздік пен гүлденуді қорғаудың ақылды амалы. Еуропаға құқай көрсетіп отырған Путин – Америка қауіпсіздігі мен байлығына сес көрсетіп жатқан Путин".

Конгресс алдында сөйлеген сөзінде Зеленский АҚШ тарихындағы символикалық сәттерді атап, заң шығарушылардың жүрегіне жеткізу керек екенін аңғартты. Ол Бахмуттағы шайқасты АҚШ тәуелсіздігі үшін болған соғыс кезіндегі Саратога шайқасымен салыстырды.

Ол бірнеше жолмен америкалықтарға қарата сөйледі деді Колумбия университеті Гарриман институтының саясаттану профессоры Элиз Джулиано.

"Біріншіден, америкалықтарға ұнайтын тираниямен күрес, демократия үшін күрес секілді жоғары идеалдар туралы айтты" дейді ол. "Америкалықтарға нақты сөйледі: "Мәселе халықаралық шекараларды бұзған Ресей мен Иран секілді террористік елдер туралы болып отыр. Әлем өзара байланысты. Осылайша әрекет етіп жатқан елдерден ешкім қауіпсіздікте бола алмайды. Мұхит бізді қорғай алады деп ойламаңыздар".

Осылайша ол демократияны қорғау мүддесіне де, қауіпсіздікке де шақырып отыр" деді Джулиано.

Көп жағдайда Зеленскийдің АҚШ-қа күтпеген сапары Украинаның Ресейге қарсы тұруына сәйкес келеді. Ол ірі және қуатты Ресей армиясына қарсы шығып, Батысты бірнеше мәрте таң қалдырған еді.

24 ақпандағы басқыншылық қарсаңында Батыста Украинаның екі күннен артық уақытқа шыдас бермейтінін, Киевтің құлап, Зеленскийдің қашып кететінін болжаған еді.

Оның орнына Украина Ресейді кеміне үш рет кері шегіндірді. Мұндай жетістіктерге Батыстың қаруы мен Украина әскерінің табандылығы әсер етті.

Күн суып, соғыс алаңындағы нашар жағдайға қарамастан, Украина командирлері алдағы уақытта тағы да қарсы шабуыл болатынын меңзеді.

Бұрын көрсетілген көмекке осы жолы Украина инфрақұрылымын Ресейдің әуе шабуылынан қорғауға арналған Patriot әуеден қорғау жүйесі, шамамен 2 млрд доллар болатын қару-жарақ қосылды. Олардың арасында алысқа ататын HIMARS артиллериясы, зымырандар мен минометтер бар.

Конгресс осы аптада Украинаға 45 млрд доллар көлемінде қосымша көмек беруді қамтитын құжатқа дауыс бермек. Құжат мақұлданса, ақпанда басқыншылық басталғаннан бері АҚШ-тың Украинаға көрсеткен көмегі жүз млрд доллардан асады.

Жалпы алғанда, бұл АҚШ-бұрынғыға қарағанда алысқа барғанын көрсетеді.

"Майданда айтарлықтай тыныш болғандықтан, оның сапарға шығуына болатын уақыт келді" дейді Кансиен Зеленскийдің сапары туралы.

"Оның шетелге баруына болатын уақыт пайда болды" дейді ол. "Соғыс ұзаққа созылатындай көрінетіндіктен, ол негізгі жақтасымен байланысын нығайтқысы келеді".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG