Accessibility links

Ресеймен араздық Украина дүкендеріне де жетті


Украиналық сатушы тауар сыртына "Russia" деген сөз жазып тұр.
Украиналық сатушы тауар сыртына "Russia" деген сөз жазып тұр.

Киев қабылдаған жаңа заң бойынша Украина астанасындағы дүкендер Ресей тауарларын таңбалап, жеке сөреге қоятын болды. Бұл бастаманы елдің басқа үш қаласы бұрыннан жүзеге асырып келеді.

Киев пен Мәскеу арасындағы кикілжің Украина астанасындағы дүкендерге де жетті. Енді олар ресейлік өнімдерге тұтынушылар ажырату үшін арнайы таңба жапсырмақ.

«РЕСЕЙГЕ БІР ТИЫН ДА КЕТПЕСІН»

Киев қалалық билігі депутат Руслан Андрийконың ұсынысын қолдап, дүкендерге жаңа ереже енгізуге келісті. Андрийко ресейлік тауарларды сатып алмау керек, «басқыншыны» қолдауды доғару қажет дейді. Азаттыққа берген сұхбатында ол «Ресейге кеткен әр тиынды Владимир Путин біздің солдаттарды өлтіретін қаруға жұмсап отыр» деді.

Жаңа ереже бойынша, Ресейде жасалған тауарлар жеке сөрелерге қойылмақ. Андрийко «супермаркет пен дүкен қожайындары бастаманы қолдайды» деп сенеді. Ол бұл шараның Украина экономикасына зияны тимейтінін айтады.

«Бұл шешім бюджетке салмақ салмайды, сатушыларға да шығын келтірмейді. Техникалық тұрғыдан алғанда, бұны істеуге бір күн ғана кетеді. Ресей аумағында жасалған өнімдерді кішкентай ту немесе басқа бір таңбамен белгілеу қиын емес» дейді депутат.

Жаңа талапты орындау үшін дүкендерге бір ай уақыт беріледі. Осы «бейімделу» кезеңінен соң сауда орындарының ережені сақтап не бұзып отырғаны тексеріледі. Жаңа тәртіпті бұзған дүкендерге айыппұл салынбайды. Бірақ Андрийконың сөзіне қарағанда, қала билігі дүкен иелерінің бұл талапты орындауын қатаң қадағалайды. «Бұл шараның мәжбүрлеусіз жүзеге асатынына сенемін» дейді депутат.

«ЖАЛҒАН НАСИХАТҚА ЖОЛ БЕРМЕЙІК»

Депутат Руслан Андрийконың бастамасы жаңалық емес. Украинаның Львов, Ивано-Франково және Черкассы қалаларында жергілікті әкімшілік осыған ұқсас шараларды іске асырып жатыр. Осы үш қалада көптеген дүкендер ресейлік тауарларды таңбалап қойған.

Бұл қалалардағы дүкен иелерінің кейбірі тауарларға «Ресей» деп жазылған таңба жапсырса, енді біреулері Ресей туын желімдеп қойған. Ресей тауарларының арасында йогурт, сағыз, шоколад пен балалар жөргегіне дейінгі заттар бар. Львовта бұл бастаманың дұрыс жүзеге асырылуын дүкендерді аралап жүріп қадағалайтын еріктілер тобы да құрылған.

«Экономикалық бойкот» қозғалысының белсенділері де басқалармен бірге дүкендерді тексеріп, тапсырманы орындауға ниетсіз дүкен қожайындарына ескерту жасайды. Олар тұтынушыларға ресейлік өнімді тұтынудың жанама зияны бар екенін ескертеді.

Кейбір дүкендер Ресейден келген тауарларды жеке сөреге қойып, ескерту жазып қойған.
Кейбір дүкендер Ресейден келген тауарларды жеке сөреге қойып, ескерту жазып қойған.

Әлеуметтанушы психолог Виктор Пушкарь сияқты кейбір украиналықтар мұндай ережені сынайды. Олар жұртты бұл «насихатқа» ермеуге шақырады. «1980 жылдардың соңы мен 1990 жылдардың басында біз мұндай «тәжірибеден» өттік. Сол кезде үгіт-насихатты кәсіпқой мамандар емес, бейсауат адамдар жүргізді. Олар жұртқа Украинаны сүюді үйретпей, тек ұлтшылдықтың қадірін кетірді» дейді Пушкарь.

Бірақ осы кезге дейін бұл бастамаға қоғамдық қарсылық көрсеткендер болмады. Киевте тұратын белсенді Екатерина Чапура: «Көптеген өнімдерде ресейлік штрих-код жоқ және адамдар орамадағы сол кодқа қарап та жатпайды. Өнімдерді таңбалап қойған өте пайдалы болар еді» дейді.

Чапура «жаңа билік Ресей тауарларын таңбалаудан бөлек, елдегі БАҚ-та да «Ресейлік басқыншылар аулақ кетсін» деген бағытта хабарлар ашса, украиналық теледидарлар мен радиолар патриоттық әндерді көбірек берсе» дейді. Белсенді «орта мектептерде «Украинаға басқыншылық жасау - фашизм мен шовинизм көрінісі» деген жаңа сабақ енгізуге» шақырады.

(Яна Полянская мен Клэр Биггтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан).

XS
SM
MD
LG