Accessibility links

Украина коммунистік атауларды түгел өзгертпек


Харьковтегі Лениннің ескерткішін құлату сәті. Украина, 24 сәуір 2015 жыл.
Харьковтегі Лениннің ескерткішін құлату сәті. Украина, 24 сәуір 2015 жыл.

Украинада коммунизм мұраларынан құтылу процесі біртіндеп жүзеге асып келеді. Ақпанның 4-і күні парламент 175 елдімекеннің атауын өзгерту туралы заң жобасын мақұлдады.

Бүкіл ел бойынша мыңдаған көше, алаң, қала мен село, компания, БАҚ, спорт клубтары және басқа да қоғамдық ұйымдар советтік кезеңді еске түсірмейтін атау табуға тиіс. Мамыр айында қабылданған даулы заңда коммунистік және нацистік атауларды айыптайды, «оларға қатысты кез келген насихаттау мәні бар белгілерден арылу керек» дейді.

КОММУНИСТІК КЕЗЕҢДІ ЕСКЕ САЛМАСЫН

Негізінен өзгеріс шағын ауылдарды қамтиды, олардың көбі 1944 жылы Украинаны фашистерден азат еткен айдың құрметіне «Октябрь» деп аталған. Бұл ауылдар қазір советтік кезеңге дейінгі көне атауларын алды немесе коммунистерге қатысы жоқ танымал тұлға, қайраткердің есімін иеленді. Кей ауыл тіпті өзі орналасқан жер атымен байланыстырылды. Мысалы, Артемовск қаласы қазір ресми түрде Бахмут деп аталады. Бұл – оның 16 ғасырдағы атауы. Бахмутка өзенінің бойына салынған қала 1924 жылы орыс революционері, советтік саяси қайраткер және Сталинннің досы (Кремль қабырғасына жерленген) Артемнің атымен аталған.

Украинадағы Ленин ескерткіштерінің бірін құлату сәті.
Украинадағы Ленин ескерткіштерінің бірін құлату сәті.

Кейбір өзгерістер жеңіл-желпі жасалды. Красный Лиман атты шағын қаланың атауындағы коммунистерге тән қызыл түсті алып тастап, Лиман деген сөзді қалдырды.

Парламенттің жергілікті аумақтар және мекемелер жөніндегі қосалқы комитетінің төрағасы Николай Федорук жаңа өзгерістердің бәрін Украинаның ұлттық жады институты мақұлдағанын айтады.

Бірақ декоммунизация жоспарына көптеген украиналықтар, әсіресе оңтүстік және шығыс аймақтың тұрғындары қарсы шықты. Олардың көбі – этникалық орыстар. Олар «мемлекет пен саясаткерлер коммунистік топонимдерді ауыстырғанша одан да маңызды мәселелермен айналыссын» дейді. Ал енді бірі советтік кезеңге қатысты дүниелерді тұтастай өшіруге келіспейді.

Көшелер мен басқа орындардың атауын ауыстыруға қатысты қоғамдық кездесулер бүлікке ұласып, кейінге қалдырылды. Кейбір шенеуніктер «белгісіз немесе жағымсыз тұлғалардың есімімен аталған орындарды соған ұқсас танымал, коммунистерге қарсы қайраткерлердің атымен ауыстырайық» дейді. Мысалы, Харьков шенеуніктері алғашқы советтік құпия полицияның негізін қалаған Феликс Дзержинскийдің атымен аталған ауданды оның інісі Владислав Дзержинский атына ауыстыра салайық деп ұсыныс жасады. Владислав Дзержинский невролог маман болған, 1915 жылы Харьков университетінде қызмет еткен.

Сондай-ақ Харьков билігі большевик қолбасшы Михаил Фрунзенің атындағы ауданды оның ұлы, ешқандай еңбегімен көзге түспеген Тимур Фрунзенің құрметіне атайық дейді. Украиналық ұлттық жады институты немесе парламент коммунисшіл шенеуніктердің бұндай айласына қалай қарары белгісіз.

ЕСКЕРТКІШТЕРДІ ҚҰРТУ

Украинадағы декоммунизация үрдісінің бір белгісі – қала алаңдары мен университет аулаларында тұрған Владимир Ленин мен Иосиф Сталиннің ескерткіштерін алып тастау. Оларды заңды түрде құрта ма, әлде қаңтардың 29-ы күнгі Григорий Петровскийдің мүсіні тәрізді қиратып тастай ма – ол жағы белгісіз.

Украина үкіметі ақпанның 2-сі күні «коммунистік тоталитарлық режимнің шенеуніктері» бейнеленген 139 ескерткіш 2015 жылы талқандалды деп мәлімдеді, оның ішінде 40 мүсін – Лениндікі. Бұл – айтарлықтай көрсеткіш, бірақ Украинада Лениннің әлі 770 мүсіні бар, бұл коммунизм мұрасынан толық арылу үшін біраз уақыт керек екенін көрсетеді.

ВИДЕО: Белсенділер Владимир Лениннің ескерткішін құлатқан сәт. Харьков, 28 қыркүйек 2014 жыл.

Өткен айда коммунистік атауы көрініп тұрған «Комсомолка» газеті өзін ресми түрде «КП» деп атады. Мариупольдегі «Ильичевец» футбол клубы құрыш зауытының құрметіне аталған, ал оның өзі Владимир Лениннің есіміне барып тіреледі. Клуб атауын ауыстыруға тиіс болды.

Жанкүйерлер сайт арқылы дауыс беріп, жеті атаудың ішінен сүйікті футбол клубына жаңа атау таңдауға мүмкіндік алды, енді клуб «Металлург» немесе «ФК Мариуполь» деген атауды иеленуі мүмкін. Бірақ топ атауын өзгертуге ниеттілер саны көп деуге келмейді.

Бірақ украиналық шенеуніктер үшін ең үлкен мәселе – Днепропетровск қаласының атауын өзгерту. Украинаның үшінші ірі қаласы жақында ескерткіші құлаған Петровскийдің құрметіне аталған. Петровский Украина ССР-ін 1920-1930 жылдары ұзақ уақыт басқарған. Оны миллиондаған украиналықтардың ажалына себепкер болған Голодоморды ұйымдастырушылардың бірі деп айыптайды.

Пит Баумгартнердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG