Accessibility links

«Украинаның жағдайы кезіндегі Польшадан жақсы»


Украина билігін орталықсыздандыру мәселелері бойынша кеңесші болып тағайындалған Польша депутаты Марчин Свенцицкий. Варшава, 3 маусым 2014 жыл.
Украина билігін орталықсыздандыру мәселелері бойынша кеңесші болып тағайындалған Польша депутаты Марчин Свенцицкий. Варшава, 3 маусым 2014 жыл.

Украинадағы дағдарысты реттеу үшін үкіметті орталықсыздандыру реформасын іске асыру керек. Польша депутаты «Украинадағы қазіргі жағдайға қарамастан реформаны бастай беруге болады» дейді.

Бұл күнде Польша - 16 аймақ, 379 аудан және 2 мың 479 муниципалитетке бөлінген унитарлы мемлекет. Бұл әкімшілік құрылымдардың өз әкімшілігі бар.

ПОЛЬШАНЫ «ҚҰРҒАН» ҮШ МАМАН

Осыдан ширек ғасыр бұрын коммунистік СССР құрсауынан алғаш болып босап шығып, тұңғыш еркін сайлау өткізген тұста Польша бір орталыққа толық бағынатын ел еді. Ол кезде аймақтарға билікті қалай бөліп беру керек екенін ешкім білмеді. Польшаның алғашқы пост-коммунистік үкіметінде қызмет еткен, қазіргі депутат Марчин Свенцицкий:

- 1989 жылы Польшаның жергілікті өзін-өзі басқару мәселесі бойынша ешқандай тәжірибесі болмады. Соғыстың алдындағы аз-маз тәжірибені айтпасақ та болады. Одан кейінгі 40 жылдан астам уақытта мұны білетін де ешкім қалмаған. Польшаның алғашқы үкіметінде жергілікті өзін-өзі басқару мәселелерін зерттеген үш маман ғана болған, - дейді.

Алғашқы премьер Тадеуш Мазовецкий Польша мен Германияның әкімшілік реформаларын зерттеген осы үш кісіні де жақсы танитын. Қазір Польша конституциясына енгізілген жергілікті басқару жүйесін де әзірлеген осы үш маман еді. Олар бұл мақсатқа жету үшін күн демей, түн демей жұмыс істеген.

УКРАИНАНЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ

Польшадағы реформалардың басы-қасында болған Свенцицкийге Украинадағы әкімшілік реформаларға кеңес беру ісі тапсырылды. Министр де болған, Варшаваның мэрі қызметін де атқарған ол қазір Польша парламентінде депутат. Свенцицкийдің айтуынша, «1989 жылғы Польшаға қарағанда 2014 жылғы Украинаның артықшылықтары көп».

Ресейшіл белсенді Павел Губарев облыстық кеңес депутаттарының алдында сөйлеп тұр. Донецк, 3 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресейшіл белсенді Павел Губарев облыстық кеңес депутаттарының алдында сөйлеп тұр. Донецк, 3 наурыз 2014 жыл. (Көрнекі сурет)
- Украинаның дайындығы көбірек, себебі бұл елде жергілікті басқару тәжірибесі бар. Жергілікті басқару жүйесі жарым-жартылай енгізілсе де, толық құрылмаған болса да, олар әйтеуір азды-кем тәжірибе жинады. Олар проблеманың неде екенін біледі, - дейді Марчин Свенцицкий.

Польша президенті Бронислав Комаровский Свенцицкийді билік бөлінісі реформасы бойынша Украина үкіметіне кеңес беретін поляк сарапшылары тобының басшысы етіп тағайындады. Содан бері 67 жастағы депутат Киевке жиі келіп жүр.

Украинада қазірдің өзінде қалалық, облыстық және аудандық кеңестер жұмыс істейді. Демек 46 миллион тұрғыны бар елде әкімшілік билік бөлінісін дұрыс іске асыруға мүмкіндік беретін алғышарт бар деген сөз.

Алайда «Еуромайдан» шерулері де, елдің шығысында сепаратизмнің пайда болуы да Украинада жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі көбінше сөз жүзінде қалғанын, іс жүзінде барлық билік пен қаржы Киевтегі орталық элита қолында болғанын аңғартты.

РЕСЕЙШІЛДЕР ТАЛАБЫ МЕН ПОЛЬШАНЫҢ АҚЫЛЫ

Шығыста Мәскеуге іш тартатын сепартистер елді федерализациялауды талап етіп жатыр. Көп сарапшылардың айтуынша, федералдық жүйе орнай қалса, бұл Ресейдің Украинаға ықпалын арттырып, елдің Еуропамен тығыз интеграцияға түсуіне кедергі жасайды.

Украина президенті Петр Порошенко ұлықтау рәсімінде билік символын ұстап тұр. Киев, 7 маусым 2014 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко ұлықтау рәсімінде билік символын ұстап тұр. Киев, 7 маусым 2014 жыл.
Елдің тұтастығын нығайтуға кіріскен Петр Порошенко алдымен осы билік құрылымы мәселесін реттеп алуға мүдделі болып отыр. Украина билігі елді федерацияға айналдырудан гөрі Польша үлгісімен үкіметті орталықсыздандыруды қолай көреді. Бұл жүйе бойынша жеке табыс салығынан түсетін пайданың 40 пайызы жергілікті бюджетке түседі. Ал жергілікті әкімшілік басшылары мен аймақтық (қалалық) кеңестер ол бюджетті өз ықтиярымен жұмсайды.

Марчин Свенцицкий Украина премьер-министрі Арсений Яценюк пен Винница қаласының бұрынғы мэрі, қазіргі үкімет басшысының аймақтық даму жөніндегі орынбасары Владимир Гройсманның бұл рефомаларды жүзеге асыру жолындағы әрекеттерін қолдайды. Ол «сепаратистер бүлігінің кесірінен елдің шығыс аймақтарында бұл реформалар сәл кешеуілдеп жүзеге асуы мүмкін» дейді.

- Қазір оларды (сепаратистерді айтады – ред.) иландыру қиын. Соған қарамастан, премьер Яценюк пен оның орынбасары Гройсман аймақтарға «сіздерге автономия беріп, шешім қабылдау құқығын өз қолдарыңызға тапсырамыз. Қаржыларыңызды өздеріңіз жұмсайсыздар» дегенді қайталап айтып келеді. Бұл – саяси дағдарысты шешудің өте маңызды бөлігі, - дейді Свенцицкий.

КЛИЧКОҒА КЕҢЕС

Маусымның 9-ы күні Украина сыртқы істер министрлігі жаңа сайланған президент Порошенконың елдің шығысында бейбітшілік орнату жоспары бойынша Мәскеу мен Киевтің «ортақ мәмілеге» қол жеткізуі тиіс екенін айтты.

Президенттің бұл жоспары алдымен әкімшілік реформалар жүргізіп, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытуды көздейді. Бұл үшін Украина үкіметі конституциялық реформаларды бастауы керек.

Порошенко өз жақтастарын билікке көбірек тарту үшін жеделдетіп парламент сайлауы мен Донбасс аймағында жергілікті сайлау өткізуді қалайды. «Алда әлі кедергі көп» дейді Свенцицкий.

Киевтің жаңа мэрі Виталий Кличко Майдандағы халықпен кездесіп тұр. Киев, 26 мамыр 2014 жыл.
Киевтің жаңа мэрі Виталий Кличко Майдандағы халықпен кездесіп тұр. Киев, 26 мамыр 2014 жыл.
Әкімшілік реформаларға кеңес беруге тағайындалған поляк саясаткері Киевтегі саяси процестерден бойын аулақ ұстауға тырысып келеді. Дегенмен 1994-99 жылдардағы өтпелі кезеңде Варшава қаласының мэрі болған оның Киевтің жаңа мэрі Виталий Кличкоға айтар ақылы – «жылдам әрекет ету».

- Ол өзін қолдайтын жұртқа арқа сүйей алады. Әсіресе Киевте ондайлар көп. Ол шетелдік кеңесшілерге де сенім арта алады. Ал ең бастысы – халық одан көп нәрсе күтіп отыр. Халық өзгерісті қалайды. Сондықтан қазір - реформаларды жүргізудің ең оңтайлы сәті. Дәл қазір оған бұл тарапта барлық мүмкіндік туып тұр, - дейді Свенцицкий.

Халықтың мұндай риясыз қолдауы қанша уақытқа созылуы мүмкін? Қинала жымиған Свенцицкий «Бірнеше ай уақыт бар» деді.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG