Accessibility links

«Украина алға жылжыды»


Президент сайлауына қарсы жиынға келгендер. Донецк, 25 мамыр 2014 жыл.
Президент сайлауына қарсы жиынға келгендер. Донецк, 25 мамыр 2014 жыл.

Украинаның ішкі ісіне араласатындай мүмкіндік Ресейде әлі де жетерлік. Бірақ дауыс берушілер көп келген президент сайлауында Петр Порошенконың жеңіске жетуі Киевтің тиімді қарсылық көрсетуіне сеп бола алады.

Азаттық тілшісі Брайан Уайтмор осыған орай британдық The Economist журналының қызметкері, Ресей жөніндегі маман Эдвард Лукаспен сұхбаттасты.

Азаттық: – Лукас мырза, Украинадағы бұл сайлаудан не ой түйдіңіз?

Эдвард Лукас: – Бұл сайлау Ресейдегі сайлауға мүлдем ұқсаған жоқ. Себебі сайлау кампаниясы басталғанда кімнің жеңіске жететінін білген жоқпыз. Мұнда таза саяси сайлау болды. Порошенко Тимошенкодан айқын басым түсті. Бірақ демократиялық елдерде сайлауда күйрей жеңілу оқыс жайт саналмайды. Біз бұлай боларын о баста білген жоқпыз. Сондықтан бұл Путиннің «басқарылатын демократия» идеясына берілген соққы болды. Бұл ешкім басқармайтын демократия болды.

Тағы бір маңызды жайт – әсіреоңшылдар толық жеңілді. Бұл Украинаны фашистер басқарып отыр деген пікірдің де ойдан шығарылғанын көрсетеді. Украинаны кәдімгі шоколад өндіретін адам басқарып отыр. Ал «Оңшыл сектор» мен «Свобода» партиялары таңдап алған, оларды тығырыққа тіреген жол Кремльдің Украинаны құбыжық етіп көрсетуіне қарсы күшті аргумент болды.

Азаттық: – Украинаның шығысындағы, Донецк пен Луганск облыстарындағы жағдайлар сайлаудың легитимділігіне әсер етеді деп ойлайсыз ба?

Эдвард Лукас: – Бұлар – Украинаның шығысының бір бөлігі ғана. Айырылып қалған Қырымды айтпасақ, екі облыстағы ахуал біршама күрделі.
Эдвард Лукас.
Эдвард Лукас.
Мұнда жалпы халықтың 10 пайызы тұрады. Яғни украиналықтардың 90 пайызы сайлауға дұрыс қатысты, ал қалған 10 пайызы қиындық көрді деуге болады. Бірақ сонда да, осы екі облыс сайлаудан тыс қалды деген күннің өзінде, Украина дауыс беруге қатысқандар саны жағынан АҚШ-тағы көптеген сайлаулардан алда тұр.

Бұл сайлау еуропалық талаптарға сай келген, сайлаушылар санының жоғарылығы таң қалдырған сайлау болды. Енді Ресейдің мұны «Украинадағы фашистік бүліктің жалғасы» деуі қиын болмақ. Бірақ Украинаның оңалып кетуі үшін бұл сайлау маңызды болғанымен, ол аздық етеді. Экономикалық жағдай ауыр. Маңызды конституциялық мәселелерді шешіп, парламент сайлауыын өткізу керек, осыдан кейін ғана тиімді үкімет құруға әрекет ету керек. Сондықтан бұл алғашқы қадам ғана.

Азаттық: – Украина алға қарай маңызды қадам жасады деуге бола ма?

Эдвард Лукас: – Менің ойымша, Украина алға біраз жылжыды. Украинаға қатысты әңгіме ауаны өзгерді. Бұдан екі ай бұрынырақ Кремльдің астыртын әрекеті жайлы, Қырымнан Одессаға дейінгі аумақты алып жатқан
Украинаның шығысындағы ресейшіл қарулы адам. Славянск маңы, 26 мамыр 2014 жыл.
Украинаның шығысындағы ресейшіл қарулы адам. Славянск маңы, 26 мамыр 2014 жыл.
Новороссияны құру туралы әңгімелер айтылатын. Әрі украиналықтардың көпшілігінің елдерін басқару амалын ұнатпайтыны анық белгілі болды. Бірақ көпшілігі қай тілді ана тілі санайтынына қарамастан, Ресейдің бір бөлшегі болуды, өз елдерінің бөлшектенгенін қаламайды.

Украина тіл мәселесі кесірінен мемлекет ретінде қауіпке ұшырайды деген болжам далада қалды. Украиналықтар сыртқа әлеммен қарым-қатынасты көптен біледі. Украина – орыс және украин тілдерінде сөйлеп, ғұмыр кешіп жатқан қостілді мемлекет. Тілдік таңдау – әр отбасындағы жағдайдың салдары ғана.

Оқиға барысында біраз өзгеріс болды. Путин санкциялардан жапа шекті деп ойламаймын. Бірақ Новороссия туралы идея ол күткендегідей өтімді болмады. Жасыл киімді адамдарды жіберіп, тұрақсыздық орнату – бір басқа да, халықты сепаратистік идеяларды қолдауға көндіру – бір басқа.

Азаттық: – Ресей соңғы апталарда пікірін біршама өзгерткендей көрінеді. Сіздіңше, бұл тактикалық шегініс емес па?

Эдвард Лукас: – Украинадан байқағанымыздай, жағдай Путиннің ыңғайына келе қоймады. Путиннің қателік жасағаны бір бұл емес. Ол Януковичке сенім артқанымен, онысы нәтиже бермеді. Ол Майданның шынайы саяси ерік-жігерден туғанын түсінбей, тек бүлік деп ойлады. Меніңше, Путин әлі де Украинаны
Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, 23 мамыр 2014 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин. Санкт-Петербург, 23 мамыр 2014 жыл.
жарым-жартылай қираған мемлекетке айналдырғысы келетін сияқты. Бұл ойы іске асуы да мүмкін. Ол Украина экономикасына қатты зиян келтірді, әлі де газды «көзір» етіп отыр. Ол Украинаның шығысындағы кейбір аймақтарында этникалық және тілдік араздықты тұтатты. Одан біраз адам құрбан болып, отбасылар зардап шекті.

Әрине, тактикалық шегініс деуге де болады. Путин өзінің хаос орната алатынын көрсетіп, біраз мақсатына жетті. Қазір Украина қатты зардап шегіп, Батыс дәрменсіздік танытып отыр.

Азаттық: – Путин енді не істеуі мүмкін?

Эдвард Лукас: – Менің ойымша, ол әуелі газды құрал етері анық. «Украина газдың ақшасын толық төлесін, әйтпесе газ беруді тоқтатамыз» деуі мүмкін. Мұндай жағдайда Украина не Еуропаға тасымалданатын газды тоқтатуы мүмкін, не онсыз да әзер тұрған экономикасына тағы бір соққы тиеді. Ендігі амалы осы бола ма деп күдіктенемін.

Луганск мен Донецкідегі сепаратистер, Новороссияның жайы проблема болып қала береді. Ресейдің үгіт-насихат машинасы әлі де жақсы жұмыс істеп тұр. Ол ешбір қисын мен фактіге қарамастан оқиғаны бұрмалай береді. Украина территориялық
Донецк әуежайында жүрген ресейшіл адам. 26 мамыр 2014 жыл.
Донецк әуежайында жүрген ресейшіл адам. 26 мамыр 2014 жыл.
тұтастығын қайта бақылауына алу үшін күш қолдана ма, әлде содырлар мен басбұзарлардың, қарақшылардың жалған мемлекеттік құрылымдар құруына жол беріп отыр бере ме – ендігі гәп сонда. Бұл басы ғана, сондықтан Кремльдің килігіп, зиян келтіре беретін мүмкіндіктері жетерлік.

Азаттық: – Оқиға енді қалай дамиды деп болжайсыз?

Эдвард Лукас: – Ресейдің өз ішінде не болып жатқанын, оның қай жолмен жүріп бара жатқанын назарда ұстауымыз керек. Путин бұл ұлтшылдықты өз елінде ұстап тұра ала ма? Ресейліктер ресми бағытқа күмән келтіре бастай ма?

Әлде (Путин) мұны басқа жерде іске асырып көруге тырыса ма? Украинаны біраз уақыт өз уайымымен әуре етіп қойып, назарын Молдова, Қазақстан немесе Беларусь сияқты елдерге аударса, оған еш таңырқамас едім.

Путиннің басты ерекшелігінің бірі – оқиғаны ылғи тұрақсыз етіп отыру. Оның сөзі мен ісі үйлеспейді. Ол жұрт күтпеген нәрсені істейді. Біз өз дүниетанымымызға сай, ақылға қонымды іс күтеміз. Бірақ Путин дүниені олай көрмейді. Бізді айран-асыр етсе, оның жаны жай табады. Сондықтан біз мүлдем күтпеген нәрсе болуы да мүмкін.
XS
SM
MD
LG