Accessibility links

АҚШ Конгресі армян қырғынын геноцид деп таныды


Вашингтондағы АҚШ Конгресінің ғимараты - Капитолий.
Вашингтондағы АҚШ Конгресінің ғимараты - Капитолий.

АҚШ Сенаты бір ғасыр бұрын Осман империясында болған армян қырғынын геноцид деп тану туралы резолюцияны бірауыздан қолдады. Армения премьер-министрі бұл жаңалықты "әділдік пен шындық жеңісі" деп қабылдады. Түркия бұл қырғынды геноцид деп атауға қарсы.

АҚШ Сенатына Нью-Джерси штатынан сайланған демократ Боб Мендестің ұсынысымен дайындалған резолюцияда 1915-1923 жылдары Осман империясында 1,5 миллион армянның өлтірілгені айтылған.

Желтоқсанның 12-сі күні АҚШ Конгресінің жоғарғы палатасы - Сенатта өткен резолюцияға дауыс беруден кейін Мендес "Армяндар геноциді туралы резолюцияны қабылдаған Сенат 1915-1923 жылдары болған оқиғаға геноцид деген баға берді. Бұл оқиғаны басқаша атау мүмкін емес. Мұнда эвфемизм қолдануға, бұл тақырыпты айналып өтуге болмайды" деді.

Техас штатынан сайланған республикалық партия өкілі Тед Круз "Сенат орнынан тұрып, қараңғы түнек, зұлымдық, өлім және геноцид туралы шындықты айтты. 1,5 миллион жазықсыз жанның рухына тағзым жасады" деді.

20-ғасырда Осман империясы билігі тұсында құрбан болған армяндарға қойылған ескерткіш. Монтебелло, Калифорния, АҚШ. 17 сәуір 2015 жыл.
20-ғасырда Осман империясы билігі тұсында құрбан болған армяндарға қойылған ескерткіш. Монтебелло, Калифорния, АҚШ. 17 сәуір 2015 жыл.

Армения премьер-министрі Николь Пашинян Twitter-дегі парақшасына "Әлемдегі барлық армян азаматының атынан Сенатқа маңызды құжат қабылдағаны үшін алғыс білдіремін" деп жазды.

Демократтар саны басым АҚШ Өкілдер палатасы осыған ұқсас резолюцияны қараша айында қабылдаған.

Түркия президентінің қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Фахреттин Алтун "Бұл резолюция АҚШ Конгресінің бірқатар мүшесінің Түркияға қарсы жасаған жауапсыз әрі ақылға қонымсыз әрекеті ретінде тарихта қалады. Олар екі елдің қарым-қатынасына ұзақ мерзімді зардап тигізгені үшін жауапты болады" деп жазды.

Бұған дейін Конгрестің жоғарғы палатасы аталған резолюцияға дауыс беруді ұйымдастыруға үш рет талпынып көрген, бірнеше республикалық сенатор құжатты қабылдауға қарсылық білдірген. Конгресс көмекшілері Ақ үй Анкарамен Сирияның солтүстігіндегі түрік әскерінің күрд жасақтарына қарсы әскери іс-қимылы және НАТО-ға мүше Түркияның Ресейден S-400 зымыран құрылғысын сатып алу арқылы АҚШ санкциясының қырына ілігу ықтималдылығы сияқты шетін мәселелер бойынша келіссөз жүргізіп отырған шақта мұндай заң қабылдауға қарсы екенін айтқан.

Бірінші Дүниежүзілік соғыс кезінде және одан кейін Осман империясындағы түріктер мұсылман мемлекетіндегі азшылық саналатын, христиан дінін ұстанатын 1,5 миллион армянды өлтіріп, жер аударған. Көп тарихшы мен бірқатар мемлекет бұл оқиғаны геноцид деп таныған.

Түркия 20 ғасырдың басындағы қырғынды "геноцид" деп атауға қарсы. Анкара армяндар Осман империясы билігінің әдейі жоспарлаған іс-әрекетінен емес, азамат соғысының құрбаны болған және қаза тапқан армяндар саны 1,5 миллионнан әлдеқайда аз дейді.

Франция мен Германияны қосқанда кемінде 23 мемлекет армяндарды жаппай өлтіру мен жер аударуды геноцид деп ресми мойындаған.

АҚШ-тың Вашингтонда орналасқан армян ұлттық комитетінің атқарушы директоры Арам Ампарьян "Сенат бұл резолюцияны әлдеқашан қабылдауы керек еді" деген пікір айтты.

"Құжаттың ерекшелігі – онда бұл оқиғаны мойындау мен теріске шығармау сияқты екі маңызды шарт бар. Америкалық армяндар бұл жаңалықты АҚШ-тың аталған мәселеге байланысты дұрыс қарым-қатынасын көрсету қадамы деп қабылдайды. Анкара АҚШ-тың қолдауынан айырылып, өзін бұрынғыдан да оқшау сезінетін болды" деді ол.

Армяндар кеңесі жетекшілерінің бірі, Өкілдер палатасына Калифорния штатынан сайланған демократ Джеки Шпейер Twitter-парақшасына "Барлық армяндар сияқты мен де геноцид туралы сұмдық оқиғаларды естіп өстім. Бұл жаңалық геноцид азабын аз да болса жеңілдетеді. АҚШ осы қадамы арқылы кінәлілер жауапқа тартылады деген анық белгі беріп отыр" деп жазды.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG