Accessibility links

АҚШ пен Иран «Ирак дауы» бойынша шығыса ала ма?


АҚШ президенті Барак Обама мен Иран президенті Хассан Роухани.
АҚШ президенті Барак Обама мен Иран президенті Хассан Роухани.

АҚШ пен Иранның ресми өкілдері «Иракта шабуылдарын үдеткен «Ирак және Левант ислам мемлекеті» ұйымына қарсы күш біріктіруге дайынбыз» дейді. Араз елдердің Иракқа бола одақтасуы мүмкін бе?

АҚШ пен Иран ұзақ жылдар қырбай болып келді. Бірақ екі ел де Бағдаттың одақтасы. Иракта көтерілісшілер бүлігі басталған тұста екі мемлекет мәмілеге келуге дайын екендерін білдіре бастады. Бірақ Вашингтон мен Тегеран ұзақ жылғы араздықты доғарып, содырларға қарсы соғысу үшін бір демде бірігіп кете ала ма? Азаттық тілшісі осы мәселеге қатысты бес сауалға жауап іздеп көрді.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ТУРАЛЫ КІМ АЙТҚАН?

Екі тарап әріптес болуға дайын екендерін бір-бір мәрте мәлімдеп өтті. Бірақ ұсыныс бетпе-бет кездесу кезінде, жүзбе-жүз талқыланбады. Иран президенті Хассан Роухани маусымның 14-і күні «Вашингтон Ирактағы бүлікшілерге қарсы шара қолданатын болса, ынтымақтасуға әзірміз» деді.

Маусымның 16-сы күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри «тұрақтылықты қамтамасыз етуге қажет ондай ұсыныстан бас тартпайтынын» айтып қалды.

Бірақ олардың пікіріне қарсылар да бар. Пентагон Иранмен әскери серіктес бола алмайтынын бірден мәлімдеді. Иранның ұлттық қауіпсіздік кеңесі де Вашингтонмен әскери ынтымақтастық орнатуға ниетті емес. Бұл мәселе алғаш 16-20 маусым күндері өткен Вена келіссөздерінде көтерілген. Бірақ нақты іс байқалмайды, ұсыныстың соңы тоқырап тұр.

"Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымының жауынгерлері.
"Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымының жауынгерлері.
Бірақ сарапшылардың пікірінше, екі жақтың ынтымақтасуына себеп зор. «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымы Ирак қана емес, одан тысқары аймақтарға да қауіп төндіріп отыр. Лондондағы AKE Group қауіп-қатерді бағалайтын консалтинг фирмасының Иранды зерттейтін маманы Джон Дрейк «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымы Ирак пен оның маңайындағы елдерде теракт жасап қана қоймай, Батысқа да қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан, оған қарсы тұру үшін әріптес болғанның айыбы жоқ» дейді.

Өздерін сүннитпіз дейтін «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымы өкілдері Иракта ғана емес, Сирияның оңтүстігінде де Дамаскіге қарсы соғысып жатыр. «Әл-Қаиданың» өнімі саналатын топ Иранның ресми діні - шииттік ағымға қарсы және Батыс елдеріне өш. Олар Ирак пен Сирия жерінде ислам халифатын құруды мақсат етеді. Бұл ұйым шариғатты өзінше, әсіредіншіл сипатта түсінеді.

ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ШАРТТАРЫ ҚАНДАЙ?

Сарапшылардың айтуынша, «Ирак пен Левант ислам мемлекеті» ұйымын талқандау үшін кез келген ынтымақтастық стратегиясы екі тәсілмен жоспарлануы тиіс. Олар - шектен шыққан экстремистердің көздерін жою және ымыраға келеді деген содырлармен байланыс орнату. Бұл бүлікшілер арасында Саддам билігі тұсында құрылған БААС партиясының мүшелері мен ымырасыз жиһадшылар бар.

Одан бөлек, содырлар қатарында Ирактағы бірнеше сүннит тайпалары көсемдерінің жасақтары да бар. Ирактың Мосул қаласындағы шайқаста жеңіліп қалған Ирак армиясы шегіне келіп, енді Бағдат маңында соғысып жатыр. Оларға шиит жасағы жәрдемге келді.

Сингапур ұлттық университетіндегі Таяу Шығыс институтының Иракты зерттейтін сарапшысы Фанар Хаддад «Сирияда соғысып жатқан шииттер Иракқа оралды, қарт жауынгерлер қолына қайтадан қару алды. Бұдан Иранның ислам революциясы сақшылары сарбаздарының да Иракта жүргенін байқаймыз» дейді.

"Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымына қарсы соғысқа аттанған шиит жауынгерлер. Ирак, 16 маусым 2014 жыл.
"Ирак және Левант ислам мемлекеті" ұйымына қарсы соғысқа аттанған шиит жауынгерлер. Ирак, 16 маусым 2014 жыл.
Тегеран Ирак үкіметіне көмектесетінін мәлімдеген. Сол уағданың күшімен Иран тарабы да Ирактағы соғысқа араласа бастады. АҚШ президенті Барак Обама маусымның 13-і күні «АҚШ-тан да әскери көмек баратынын» айтты, бірақ ол «құрлықтағы әскерімізді жібермейміз» деді.

Сарапшылардың пікірінше, Иран мен АҚШ бұл бүлікті шииттер басқарып отырған Ирак үкіметін араластырмай басуға тырысады. Өйткені, егер үкімет араласса бұл дағдарыс бірден секталық сипат алып, сүнниттер мен шииттер арасындағы соғысқа айналады. Ондай жағдайда «шииттік» үкімет сүннит көтерілісшілермен мүлде байланысқа түсе алмай қалады.

AKE Group сарапшысы Дрейктің айтуынша, сүнниттердің бетін бері қаратып, Ирак үкіметінің оларға да құлақ асатынын түсіндіру үшін Бағдат, Вашингтон, Тегеран үшеуі бірігіп, арнайы бағдарлама әзірлеуге тиіс. Ирактағы тағы бір ықпалды қауым – күрдтерді де ұмытпау керек. Сарапшы «Мұның бәрін шешу үшін ынтымақтастық, диалог пен келіссөздер қажет. Оларға барлық тараптан неғұрлым көп адам қатысса, келіссөздер де соғұрлым нәтижелі болмақ» дейді.

ЫНТЫМАҚТАСУҒА НЕ КЕДЕРГІ?

Ирак дағдарысын біріге отырып шешу үшін Тегеран да, Вашингтон да бұған әуелі өз елдеріндегі сайлаушыларды «көндіруі» тиіс. Ал екі ел азаматтарының көпшілігі Тегеран мен Вашингтонның әріптес болуына қарсы.

Сарапшы Фанар Хаддад «Америка мен Иран халқы бұл ұсынысты қабылдауға дайын емес. АҚШ-тың да, Иранның да билігі үшін өз азаматтарын «ата жаумен» ынтымақтасуға көндіру қиындау шаруа болғалы тұр» дейді.

Вашингтонда Джон Маккейн сияқты саясаткерлер «Иранмен ынтымақтасу» туралы мүлде естігісі келмейді. Олар Обаманың ол жоспарына бірден қарсы шығады. Республикашыл Маккейн бұл идеяны «шектен шыққан ақымақтық» деп сипаттайды. Бірақ Обаманың тағы бір сыншысы, Маккейннің одақтасы - сенатор Линдси Грэхэм «әріптес болуға қарсы емес екенін» білдірді.

"Хасcан Роухани футболдан әлем чемпионатындағы Иран-Нигерия матчын көріп отыр" деп Twitter-ге жарияланған сурет. 16 маусым 2014 жыл.
"Хасcан Роухани футболдан әлем чемпионатындағы Иран-Нигерия матчын көріп отыр" деп Twitter-ге жарияланған сурет. 16 маусым 2014 жыл.
Иранның ішінде де осындай пікір қайшылығы, дау байқалады. Президент Хассан Роухани әсіреконсервативтік позиция ұстанатын саясаткерлермен ара-тұра келіспей қалады. Олар Роуханидің Иран ядролық бағдарламасына қатысты Батыспен келіссөз жүргізгеніне наразы.

Бірақ Иракта тұрақтылық орнату үшін АҚШ-пен күш біріктірсе, Тегеранға ол ядролық бағдарлама жөніндегі келіссөздер кезінде күш береді. Бірақ Иранды аймақтағы қатерлі ел деп санайтын мұнайға бай көрші араб мемлекеттерінің реакциясы қандай болары белгісіз.

Лондондағы Royal United Services Institute маманы Нил Патрик «Ирактағы қақтығысты басу үшін Иран мен АҚШ одақтасып жатса, оны Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағы елдері жақтыра қоймас. Өйткені олар Иранға бүйрегі бұратын Ирак басшысы Нури Әл-Мәлики билігінің әлсірегенін қалайды. Бірақ олар Ирак мемлекетін бөлшектегісі келетін бүлікшіл күштерден де қорқады. Мәселен, Сауд Арабиясы осы жақта соғысып жатқан содырларының қайтып оралғанын қаламайды» дейді.

АРЫ ҚАРАЙ НЕ БОЛМАҚ?

Ал кейбір сарапшылар АҚШ пен Иран кез келген ынтымақтастық мәмілесін жария етпей, ың-шыңсыз, жасырын жасайды деп болжайды. Сарапшы Хаддад «қандай жағдай болса да Вашингтон мен Иран бұл жолғы майданның алдыңғы шебінде жүрмейді» деп болжайды. Ол «Бағдаттан шығатын баспасөзге сенсек, қарсы шабуылды алдымен Ирак армиясы бастайды» дейді.

Сондықтан, ынтымақтастық туралы нақты болжам айтуға ерте. Оны мүлде жоққа шығарып тастауға да болмайды. Мәселен, Вашингтон мен Иран бірін-бірі көрместей болып отырған 2001 жылы, қыркүйектің 11-і күні Нью-Йоркте болған терактілерден соң, Ауғанстандағы «Талибан» қозғалысына қатысты әскери деректер алмасты.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG