Орталық Азия елдерінде тәуелсіз ұйымдарға, журналистерге және белсенділерге қысым күшейіп келеді, ал сын айтушыларды қудалау интернетте және аймақтан тыс жерлерде де кең тарап барады. 2026 жылдың қазан айында Варшавада өтетін ЕҚЫҰ-ның Адам құқықтары өлшемдері жөніндегі конференциясына құқық қорғаушылар дайындаған бірлескен мәлімдемеде осылай деп айтылған.
Мәлімдемеге Адам құқықтары жөніндегі халықаралық серіктестік, Қазақстанның адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі халықаралық бюросы, Орталық Азиядағы адам құқықтары қауымдастығы және Адам құқықтары жөніндегі Түркімен бастамасы қол қойған.
"Орталық Азиядағы азаматтық бостандықтар әлі де қатты қысым көріп отыр. Бес елдегі қуғын-сүргін ауқымы мен сипаты әртүрлі болғанымен, кейінгі жылдағы оқиғалар аймақта алаңдатарлық үрдістер күшейгенін көрсетеді" делінген мәлімдемеде.
Қырғызстанда "шетелдік өкілдер" туралы заң өзін-өзі цензуралауға ықпал етеді, ал Қазақстан шетелден қаржы алушылардың есеп беруі жайлы талаптарды қатайтты деп мәлімдейді құқыққорғаушылар. Тәжікстанда 2025 жылы 80-нен астам үкіметтік емес ұйым жұмысын тоқтатты – мәлімдеме авторлары мұны қысыммен және қаржы қиындықтарымен байланыстырады.
Алаң тудырып отырған үрдістер қатарында адам құқығын қорғаушылар көрші мемлекеттердің ықпалын сынағаны үшін қудалау әрекеттерін атап көрсеткен. Қырғызстанда белсенді Мәулен Асқарбеков қытай бизнесі туралы мәлімдемелер жасағаннан кейін сотталды. Қазақстанда Шыңжаңдағы қазақтардың қудалануына қарсы шыққан "Атажұрт" ұйымының 19 белсендісі Қытай оларға шара қолдану туралы дипломатиялық нота жолдағаннан кейін қылмыстық іс бойынша жауапқа тартылды.
Бұған қоса мәлімдеме авторлары қызметті теріс пайдалану әрекеті ретінде психиатриялық ауруханаға мәжбүрлеп жатқызуды атап, алаңдаушылық білдірген. Олар тергеу кезінде екі айға психиатриялық емдеу мекемесіне жатқызылған қазақстандық бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовтың және жоғары лауазымды шенеунік жайлы айтқан пікірі үшін үстінен жала жабу айыбымен іс қозғалғаннан кейін үш жарым жылдан астам уақыт бойы психиатриялық емдеу мекемесінде отырған өзбекстандық құқық қорғаушы Шохида Саломованың істерін мысалға келтірген.
Мәлімдемеде 2022 жылы Қазақстан мен Қарақалпақстандағы, сондай-ақ 2021-2022 жылдары Тәжікстанның Таулы Бадахшан автономиялық аймағындағы халық наразылығын басу кезінде заң бұзғандардың жазасыз қалғаны айтылған. Ұйымдар тәуелсіз тергеу жүргізуді және кінәлілерді жауапқа тартуды талап еткен.
Адам құқықтарын қорғаушылар билікті заңдардағы шектеулерді қайта қарауға, бейбіт азаматтық белсенділік үшін қудалауды тоқтатуға және өз құқықтарын жүзеге асырғаны үшін түрмеге жабылған адамдарды босатуға шақырған. Олар халықаралық серіктестерді жағдайдың нақты жақсаруына қол жеткізуге және аймақтағы елдермен ынтымақтастықты кеңейтуге бола негізгі бостандықтарды құрбандыққа шалмауға шақырған.