Accessibility links

Covid-тен кейінгі синдром. Коронавирустың салдары қаншаға созылады?


Коронаыирустан айыққаннан кейін Мәскеудегі ауруханадан шығып жатқан адамды шығарып салып тұрған медицина қызметкерлері. 2020 жылғы сәуір. Көрнекі сурет.
Коронаыирустан айыққаннан кейін Мәскеудегі ауруханадан шығып жатқан адамды шығарып салып тұрған медицина қызметкерлері. 2020 жылғы сәуір. Көрнекі сурет.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Covid-19 жұқтырып ауырған әр оныншы адамда коронавирус инфекциясының салдары дерттен айыққаннан кейін де білінеді. Жүздеген мың адам тез шаршайтын күйге түседі, иіс пен дәм басқаша сезіледі. Мұндай және басқа белгілер тіпті аурудан бірнеше ай өткеннен кейін де байқалады.

Ресейде коронавирус инфекциясы жұғып ауырып, кейін жазылған адамдар елдің денсаулық сақтау министріне жазылған петицияға қол жинап жатыр. Олар биліктен Covid-тен кейінгі синдромды емдеу стандарттарын әзірлеп, қолданысқа енгізуді сұрайды.

Дерттен айыққандар арасында бұл синдром жиі кездеседі ме? Кімдерде бұл синдром байқалады? "Настоящее время" журналисі Ольга Бешлей анықтап көрді.

"ИІС СЕЗУ ӨЗГЕРДІ – МИ ІСІГІ ДЕ, ШИЗОФРЕНИЯ ДА ЕМЕС"

"Қуырып жатқан пияздың иісі маған білінбейтінін байқаған сәтте [иіс сезуден қалғанымды] түсіндім. Мұқым иісті құдды бір қақпақ жауып тастағандай әсер қалдырды" дейді шарап өндірісінде істейтін Ольга Соколова.

Иісті сезіп, ажырата білу – Ольганың кәсіби дағдысы. Ол өзіне коронавирус инфекциясын жұқтырып алған, алайда ауырған кезде онша қиналмаған. Дерттен айыққан соң иіс сезу қабілеті қайта оралған. Кофе, иіссудың иісін бұрынғыдай сезетінін білгенде Ольга қатты қуанған. Алайда жұмысқа келген кезде қуануға әлі ерте екені мәлім болған.

– Қазір көп жылғы бургунд шарабының хош иісін сезу үшін он бес минуттай уақыт отыруыма тура келеді. Тілімнің сезу қабілеті орнында да, танауым түк сезбей қалғандай, – дейді жағдайын баяндаған Соколова.

Иіс сезу қабілетінің бұзылуы немесе паромиссия – Covid-19 жұқтырып ауырған адамдарда айыққаннан кейін де жиі байқалатын симптомдардың бірі. Оны Covid-тен кейінгі синдром (Post Covid / Long Covid) деп те атайды. Қазір дизайнер болып жұмыс істейтін бұрынғы журналист Юлия Власенко коронавируспен ауырып, айыққаннан кейін көпке дейін иіс сезуден қалған соң бұрынғы кәсібіне оралуға тура келген. Қазір Юлия Instagram-дағы блогында Covid-тен кейінгі белгілер туралы, сонымен бірге Telegram-да иіс пен дәм сезуден қалған кезде қандай болатыны жайлы өз көріп-білгенін жариялап жүр. Ол тіркелген Poslecovida тобына 30 мың қолданушы жазылған.

– Бір жылдан бері осымен айналысып жүрмін, жұртқа ақпарат беріп, олардың басындағы жағдай – ми ісігі де, шизофрения де емес екенін түсіндіремін. Бұрын дәрігерлер дәм мен иіс сезудің өзгеруі – мида ісік бардың белгісі дейтін. Мен де әуелде бұл жөнінде интернеттен іздеген кезде осы ақпаратқа тап болдым, басқа ешқандай ақпарат болмады, – дейді Юлия.

БҰЛ СИНДРОМ ҚАНШАЛЫҚТЫ ЖИІ КЕЗДЕСЕДІ?

Медициналық журналдар Covid-тен кейінгі синдромды сипаттап жазған, оны тіпті ауру түрлері жіктелген халықаралық классификаторға да енгізген. ДДСҰ-ның дерегінше, коронавирус инфекциясы жұғып ауырған адамдардың шамамен әрбір оныншысы тіпті аурудан айыққаннан кейін 12 аптадан соң да өз бойынан оның белгілерін байқайды.

Қазір әлемде коронавирус жұғып ауырған адам саны 170 миллионнан асты. Яғни (шамамен есептегенде) 17 миллион адамды Covid-тен кейінгі синдром мазалайды деген долбар жасауға болады.

– Covid-тен кейінгі синдром – бұл барлығында бірдей болатын біркелкі жағдай емес. Бұл әртүрлі синдромның тұтас бір кешені. Олардың бәріне ортақ бір ған нәрсе бар: бұрын ол адамда байқалмаған, тек Covid-пен ауырып тұрғаннан кейін пайда болған, – дейді иммунолог дәрігер Николай Крючков.

ДДСҰ келтірген Covid-тен кейінгі синдром белгілерін қарастырып көрейік.

Адам шаршап, болдырып қалады, басы ауырады, кеудесі шаншиды, бұлшықеті ауырсынып, шаншып ауырады, ұмытшақтық пайда болады, күйзеліске түседі, ұзақ жөтеледі, тыныс алуы қиындайды, жүрек соғысы үдейді, диарея, іш ауруы байқалады, денесі бөртеді, қалтырайды.

– Бұл жерде шартты шекара деп алғашқы белгілер пайда болғаннан кейін шамамен бір немесе үш айды алуға болады. Ары қарай Covid-19 жеделдеу түрі – үш айға дейін. Ал одан асқанның бәрін – созылмалы Covid-19 деп белгілейді, – дейді Николай Крючков.

Медициналық ортада танымал The Lancet журналында Covid-19 вирусы жұғып, ауруы жеңілдеу өткен науқастардың Covid-тен кейінгі жай-күйі туралы зерттеу жарияланды. Оларға вирус жұққаны анықталған, бірақ ауруханаға жатпай-ақ емделетін жағдайда болған. Әуелде мыңға жуығын (958 адам) бақылаған, төрт айдан кейін шамамен жартысына (442 адам) сауал қойған.

9 пайызға жуығы әлі күнге ентігетінін, 12% – иіс, ал 11% – дәм сезбейтінін айтқан. 10%-ға жуығы шаршап, болдырып қалатын болған.

Коронавирус инфекциясы жұғып, кейін айыққандардың әрбір үшіншісінде бастапқы кезде бұл белгілердің кемінде біреуі болған (27,8% – 442 адамның 123-і). Арада жеті ай өткенде шамамен осыншама адамда ол белгілер қалған (34,8% – 353 адамның 123-і).

"ЖЫЛДАН АСТЫ, БІТЕТІН ТҮРІ ЖОҚ"

2020 жылғы сәуірде коронавирус жұғып ауырып, кейін айыққанымен әлі күнге дейін иісті әзер ажырататын Юлия Власенко Covid-тен кейінгі синдромға мемлекеттің назарын бұру үшін Ресей денсаулық сақтау министрлігіне петицияға қол жинауды бастады.

"Иіс сезбей қалғаныма маусым айында бір жыл толады, [иіс сезу] тек 80 пайызға қалпына келді, бірақ толық емес. Хал-жағдайы жақсы екенін айтып отырған адамдар бар, бірақ әлгіндей жағдай бір жылдан бері бітпей келе жатқанын айтқан кісілер де бар" дейді Власенко.

Сюжетіме кейіпкер табу үшін Facebook парақшама постковид туралы жаздым. Сол күні кешке қырық адам өзінде байқалған белгіні сипаттап жауап жазды. Көп адамның өміріне, жұмысына әсер еткен. Мысалы, маған Telegram-да жауап қатқан Александр есімді аспаз Covid-19 жұғып ауырғаннан кейін "жұмыртқадан күкіртсутек иісі қатты мүңкіп, еттен жағымсыз иіс сезілгенін, пияз танау кеңсірігін күйдірердей болғанын" жазды. Жұмыс істеу қиынға соққан. "Ас бұзылып кетпеді ме па деп бұрынғыдай дәмін татып білуден қалдым" дейді Александр.

– Мейрамханада жұмыс істейтін сомелье [шарап жөніндегі маман – ред.] дейтін бар. Және шараптың дәмін татып көріп ол әзірленген жүзімді ғана емес, қай аймақта өскенін, тіпті нақты қай өндіруші жасағанын дөп тауып айтып, небір байқауға қатысып жүрген нағыз кәсіпқойлар шоғыры бар. Міне сол адамдар қазір бір түрін екіншісінен ажырата алмай қалды, – дейді коронавирус салдары әріптестеріне қалай қиын тигенін айтқан Ольга Соколова.

COVID-ТЕН КЕЙІНГІ СИНДРОМДЫ ҚАЛАЙ ЕМДЕЙДІ

Әлемде әзірге Covid-тен кейінгі синдромды емдеудің жалпыға бірдей қолдануға болатын әдісі жоқ. Былтыр Ресей денсаулық сақтау министрлігі коронавирус жұып ауырып, кейін айыққан науқастарды оңалту жөніндегі кеңестерді бекіткен. Бірақ ол уақытша нұсқаулық болатын. Әлі күнге Covid-тен кейінгі синдром мен оның белгілері жайлы білмейтіндер дәрігерлер арасында да, науқастар арасында да баршылық.

"Енді бір-екі жылда білетініміз қазіргіден көп болғасын, бәлкім, Covid-тен кейінгі синдромның жекелеген түрін емдеу жолы пайда болар. Бірақ оған уақыт керек" дейді иммунолог дәрігер Николай Крючков.

Ал әзірге медицина қызметкерлері Covid-тен кейінгі синдром белгілерін зерттеп, дәрігерлер науқасқа өз саулығының жай-күйін мұқият бақылауға кеңес береді. Cиндром белгілері ұзаққа созылған жағдайда нақты сала маманына – эндокринологқа, гастроэнтерологқа, егер күйзелу, торығу белгілері байқалса невролог немесе психиатрға қаралған жөн дейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG