Accessibility links

Башқұртстан құрылтайының депутаты келер жылы Ресей президенті сайлауында Владимир Путинге бәсекелес болуы мүмкін.

Ресейде 2018 жылғы президент сайлауында Владимир Путинге символикалық бәсекелес ретінде әйел қажет деген қауесет тарағаннан кейін жұрттың бәрі Ксения Собчак сайлауға түсуі мүмкін деген болжамды талқылай бастаған еді. Бірақ "әйелдер алаңынан" өзге ойыншылар да табылды - ресейлік "Жасылдар" партиясының басшылығы президенттікке осы партияның өкілі, Башқұртстан құрылтайының депутаты Руфина Шагапова ұсынылуы мүмкін деп жариялады. "Жасылдар" партиясы қарашада өтетін съезінде Шагапованы кандидаттыққа ресми түрде ұсынуы ықтимал.

Руфина Шагапованың саяси карьерасының өрлеуі жоқ жерден басталды. Башқұртстан құрылтайы депутаты болып сайланғанға дейінгі өмірбаянында есте қаларлықтай елеулі ештеңе жоқ. 1975 жылы Башқұртстанның Миякин ауданы Менеузтамак ауылында дүниеге келген, Башқұрт мемлекеттік университетін (БМУ) бітіріп, ауыл мектебінде сабақ берген, кейін БМУ жанындағы заң институтына жұмысқа ауысып, әуелі кафедра лаборанты, ассистенті, ал кейін аға оқытушы болып істеген. Руфина Шагапова Башқұртстан республикасы парламенті сайлауына дейінгі 20 жылын осы заң институтында өткізді (айтпақшы, кейін Башқұртстан президенті әкімшілігінің жетекшісі, сосын Ресей президенті әкімшілігінің ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары болған, ал қазір Мәскеу облысының Красногорск қаласын басқаратын Радий Хабиров та әлгі институтта Шагаповамен бірге жұмыс істеген).

Алайда Руфина Шагапованың өзі өмірбаянын бұлайша - елеусіз деп бағалаумен келіспейтін тәрізді. Азаттықтың Орыс қызметі тілшісімен әңгімесінде ол "Қоғамдық жұмыстармен айналысып, заңгер, оқытушы болып, депутаттық жұмысқа өмір бойы дайындалғаны" туралы айтты.

2013 жылы Руфина Шагапованың тағдыры күрт өзгерді - ол миллиардер Глеб Фетисов басқаратын "Жасылдар альянсы" партиясына мүшелікке өтті. Партия оны Уфадағы №11 Вазов сайлау округы бойынша Башқұртстан құрылтайы - мемлекеттік заң шығару органы мүшелігіне кандидат етіп ұсынды. Онымен бірге сайлауға кандидат ретінде сегіз ер адам түсті. Биліктегі "Бірегей Ресей" партиясынан оған бәсекелес болып жұртқа онша таныс емес адвокат Илья Бурашников түскен еді. Сайлаушылардың 34,19% жақтап дауыс берген Руфина Шагапова жеңіске жеткен болатын.

Бақылаушылар сайлауда тізім бойынша "Жасылдар альянсы" партиясына сайлаушылардың бар-жоғы 3,11% ғана қолдау білдіргеніне назар аударған еді, партия бүкіл республика бойынша да осындай жарытымсыз дауыс жинады. Сайлау барысы мен қорытындыларын талдаған азаматтық бастамалар комитеті мен "Голос" қозғалысы сарапшылары партия әлгі депутаттық мандаттарды "спойлерлік" міндетін азды-көпті орындап шыққаны үшін әкімшілік ресурстың көмегімен награда ретінде алды деп санайды.

"Меніңше, Шагапова ылғи спойлер функциясын орындайды, бұл жолы да оған тағы сондайміндет жүктейтін тәрізді. Ол парламентке экологиялық наразылықтар қызып тұрған кезде келді, сондықтан оның рөлі әлгі наразылықты басып, жаңылыстыру болған", - дейді уфалық саясаттанушы Станислав Шкель.

Бірақ Руфина Шагапованың өзі сайлауда әділ жеңгеніне сенімді. "Сайлауда сегіз ер адаммен таластым, олардан басым түсетінімді алдын ала түсіндім. Өйткені, науқан кезінде сайлаушылармен көп сөйлестім, сол кезде "біз үшін парламентке әйел кандидаттың өткені жақсы еді" дегендер көп болды. Жұрт әйелдерге көбірек сенеді" дейді ол.

Сайлаудан кейін Руфина Шагапованың карьерасы өрлей бастаған. Парламентте ол бірден аграрлық мәселелер, экология және табиғатты пайдалану комитеті төрағасының орынбасары, парламенттің экологиялық заңдарды жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі болды. Кейінірек Ресей табиғи ресурстар және экология министрлігі жанындағы федералдық экология кеңесі мүшесі, "Бүкілресейлік халық майданы" сарапшысына айналды.

Депутат болғаннан кейін Руфина Шагапова қоғамдық экологиялық кампанияларға бірден кірісіп кетті. Ол кезде республикада "Кроношпан" компаниясының Уфа қаласы ішінде ағаш өңдеу комбинатын салуға және Стерлитамак түбіндегі табиғи ескерткіш саналатын таулар – Торатау мен Юрактауды шикізат өндіру үшін "Башқұртстан сода компаниясына" беруге қарсы наразылық акциялары өтіп жатқан. Шагапова Торатауда экологиялық сенбіліктер, дөңгелек үстелдер, тауларды қорғауға арналған өзге де акциялар ұйымдастырады. Бірақ тәуелсіз кей сарапшылардың айтуынша, депутаттың бұл проблемаға қатысты белсенділігі республика басшысы Рүстем Хамитов Шихан тауын қорғау жайлы кесімді пікірін білдіргеннен кейін ғана байқалған.

Руфина Шагапова (оң жақтан екінші) Торатау мен Юрактауды қорғау акциясында тұр.
Руфина Шагапова (оң жақтан екінші) Торатау мен Юрактауды қорғау акциясында тұр.

Ал "Кроношпан" зауытын салуға қатысты депутаттың позициясы қоғам белсенділері үшін тіпті түсініксіз болды. Мысалы, башқұртстандық журналистер мен сарапшылар тобы құрамында Мәскеу облысындағы Егорьевск қаласында жұмыс істеп тұрған зауытқа барғаннан кейін Шагапова "өндіріс тұрғындарға қатер төндірмейді" деп мәлімдеді.

"Біздің қозғалыс мүшелері Руфина Шагапованы әу бастан жақтырмаған еді. Ол кісімен біз "әуелі Мәскеу облысы Егорьевск қаласына барып, ол жақтағы зауыттың жай-жапсарын анықтап келіңіз" деп келіскенбіз. Ал ол болса, "Кроношпанның" маңайын зерттеп, тұрғындармен сөйлесудің орнына зауытты көрсеткенін місе тұтып, банкетке кетіп қалған. Жұрт көпке дейін әлгі қылығын бетіне басып жүрді. Негізі, ол "Кроношпанға" қатысты бір жақты позиция ұстанған жоқ. Бір жағынан қарасаң, бірдеңе істегісі келетіндей түр көрсетеді, ал екінші жағынан оның ойы қандай екенін біле алмай дал болдық, ол кісіден әлдебір тұшымды көмек көрген жоқпыз", - , - дейді "СтопКроношпан" қозғалысының уфалық белсендісі Вероника Попова.

"Кроношпанға" қатысты 2013 жылғы күзде өткен қоғамдық тыңдауларда Шагапованың жиынға қатысушыларды "залдағы адамдардың ақша төленген бөлігіне" назар аудармауға шақырған сөзі зауыт салуға қарсы адамдардың ашу-ызасын туғызды. Ақыры жұрт депутатты кешірім сұрап, трибунадан түсуге мәжбүрледі.

"Шынымен, "Кроношпан" дауында ол әуелгіде "жалпақшешейлік" танытып, проблеманы түсінуге тырысты. Ол кісі қала ішінде зауыт салу туралы шешімнің дұрыс ойластырылмаған, экологиялық нормаларды бұзатын, ең бастысы жұртпен, жергілікті халықпен мүлде ақылдаспай қабылданған шешім екенімен келісті. Ал кейін біресе жоба қарсыластарын, біресе зауыт салуды жақтайтындарды құптап жүрді. Бұл мәселеде ол Шихан тауына қатысты дау кезіндегідей шынымен айқын позиция ұстанған жоқ. Ал 2013 жылғы сайлауға келсек, ол кезде билік сайлау науқанын демократиялық етіп, ал құрылтайды көппартиялы орган ретінде көрсету үшін әлдебір партиялардан ұсынылған Шагапова тәрізді кандидаттардың парламентке өтуіне мүмкіндік берді. Бірақ олар парламенттегі өзге депутаттардан нашар болған жоқ. Руфина Шагапова бүкіл депутаттық мерзімінде қарқынды жұмыс істеді, кейде биліктің ығына жығылса, кейде, мысалы, Шихан дауы сияқты проблемаларда билікке онша жақпайтын позиция ұстанды. Негізі, ол кісіні республикалық парламенттегі ешкімге елеусіз депутаттарға қарағанда қарымды көрінетін парламентарий деп санаймын", - дейді оппозициялық "Про Уфу" басылымының парламенттегі тілшісі Рамиль Рахматов.

Арагідік Руфина Шагапованың башқұртстандық депутатқа тән емес сөздері мен іс-әрекеттері де байқалды. Мысалы, 2015 жылғы ақпанда ол парламентте сайлау туралы кодекске енгізілетін дауыс берудің алдын ала қорытындылары жазылатын хаттаманың ұлғайтылған формасын заңды күшінен айыратын түзетулерге қарсы дауыс беремін деп мәлімдеді. Биыл наурызда Шагапова "бұзақылық жасап заң бұзғандардан өзге жастарды босату керек" және "әлгі қыз-жігіттер митингіге әдебір таяз саяси мақсатты көздеп емес, коррупция сияқты мәселелер бойынша сұрақ қойып, азаматтық позиция ұстануға үйренгендіктен қатысқан" деп мәлімдеп, ресейлік белсенді Алексей Навальныйдың жақтастарының митингісінде ұсталған студенттер мен мектеп оқушыларына араша түсті. Ал биыл жазда ол балаларға зорлық-зомбылық көрсеткен қылмыскерлерге қатысты өлім жазасына мораторийді алып тастауды ұсынған.

Шихан тауларын қорғаудағы белсенділігі, қорықтарды қорғау және әйгілі Бурзян арасын құтқару тәрізді экологиялық проблемаларға қатысты мәлімдемелері Руфина Шагапованы Башқұртстанда танымал адамға айналдырды. Башқұртстанның ықпалды саясаткерлерінің жыл сайынғы рейтингін түзетін саяси және экологиялық зерттеулер агенттігі оны республикадағы ең танымал 50 саясаткердің арасында "орташа ықпалдылар" тобына енгізген.

Руфина Шагапова.
Руфина Шагапова.

2016 жылы Руфина Шагапованың карьерасы жаңа сатыға өрледі. Ол жартылай ыдыраған "Жасылдар альянсы" партиясынан кетіп (кей бақылаушылар Шагапованың қамқоршысы деп атайтын миллиардер Глеб Фетисов ол кезге қарай тергеуде болатын), ресейлік "Жасылдар" экологиялық партиясына өтеді. Бірден партия төрағасының орынбасарлығына тағайындалып, Приволжье федералдық округы бойынша үйлестірушіге айналған Шагапова партияның республикалық бөлімшесін басқарады. Сол жылы ол бір мандатты №8 Стерлитамак округы бойынша "Жасылдар" партиясы атынан мемлекеттік дума сайлауына қатысады. Сайлауда биліктегі "Бірегей Ресей" партиясының өкілі – Стерлитамак қаласы әкімшілігінің басшысы Алексей Изотов пен коммунист Вадим Старовтан ғана жеңіліп, үшінші орын алады.

2016 жылы күзде Шагапова жергілікті муниципалитеттер сайлауында партияның сайлау науқанын басқарған, бұл сайлау қорытындысы бойынша "жасылдар" жергілікті кеңестерде 29 орын алған.

"Жасылдар" партиясының жетекшісі Анатолий Панфиловтың "партия оны Ресей президенттігіне ықтимал кандидат ретінде қарастыруы мүмкін" деген мәлімдемесі Шагапованы кенеттен бүкіл Ресейге танытты. Руфина Шагапова Азаттыққа "мен үшін бұл күтпеген хабар болған жоқ" деп түсіндірді.

"Әрине, ол жайлы білдім. Бұл жайлы партия ішінде жазда талқыланып қойған, әлбетте менімен де келіскен. Ол кезде "бұл ұсынысқа келісім беруге амбицияларым мүмкіндік береді" дегенмін. Мұндай жауапты істі партия маған сеніп тапсырғанына өте қуаныштымын. Мен үшін бұл жас саясаткер ретінде танылудың, өзімді көрсетудің , ал ең бастысы - халыққа өз идеяларымды жеткізудің, "жасылдар" партиясының немен айналысып жатқанын айтып берудің үлкен мүмкіндігі екенін түсінемін. Бұл - адамның жеке мақсат-ниеттерінен әлдеқайда маңызды қадам. Бірақ ұсыну жайлы түпкілікті шешімді сайлау науқаны басталған кезде партия кеңесі мен съез қабылдайтын болады", - дейді Руфина Шагапова.

Атқарушы билік органдарында жұмыс тәжірибесі мүлде жоқ екендігіне ел президенттігіне ықтимал кандидат қымсынбайды.

"2013 жылы да депутаттық тәжірибем болмаған. Меніңше, ол қызметті де жаман атқарып жатқан жоқпын", - дейді Шагапова.

Кейбір бақылаушылардың пікірінше, Шагапова саяси мансабының кезекті сатысына көтерілуге талпынып жатыр.

"Әрине, партия үшін бұл көбінесе өзін таныту амалы, бірақ Шагапованың жеке өзі үшін бұл карьерасы ары қарай өрлейтін нүкте екені анық. Енді ол федералдық деңгейде де көзге түсті, ал бұл оның мәртебесін республика деңгейінде де автоматты түрде өсіреді. Келесі жылы Башқұртстанда парламент сайлауы өтеді, ал Шагапова оған сөзсіз түсетін болады", - деп санайды башқұртстандық журналист Рамиль Рахматов.

Алайда мұндай пікірмен келіспейтіндер Шагапова бүкіл Ресейге танымал тұлға емес, сондықтан бұл әшейін нәрсе ғана деп санайды.

"Шагапованы президенттікке ұсынуы мүмкін деген жаңалыққа бірден мысқылмен қарадым. Бұл қауесет оны ресми түрде ұсынуға дейін жетеді дегенге мүлде сенбеймін. Ол федералдық деңгей үшін тым ұсақ әрі мүлде танылмаған ойыншы. Бұл президент әкімшілігі Путинмен таласқа түсетін әйел-кандидат іздеп жатыр деген жаңалыққа "жасылдар" партиясы басшыларының жай "үн қосқаны" ғана. Енді әлгі партияның аты біраз дүрілдейді, бірақ ұзаққа бармай басылады. Негізі, мұның бәрі күлкілі көрінеді", - дейді уфалық саясаттанушы Станислав Шкель.

(Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Артур Асафьевтің мақаласы.)

XS
SM
MD
LG