Accessibility links

Шешенстан инвестор тарта ала ма?


Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (ортада) пен Ресейдің Солтүстік Кавказ істері жөніндегі министрі Лев Кузнецов (сол жақтан екінші) Ведучидегі шаңғы курортының ашылуы кезінде. 26 қаңтар 2018 жыл
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (ортада) пен Ресейдің Солтүстік Кавказ істері жөніндегі министрі Лев Кузнецов (сол жақтан екінші) Ведучидегі шаңғы курортының ашылуы кезінде. 26 қаңтар 2018 жыл

Рамзан Қадыров өзі басқарып отырған Шешенстанды “инвестиция салудың үлкен мүмкіндігі” деп жарнамалап жүр, бірақ ауқатты шешендердің өздері инвестор болуға онша құлық танытпай отыр.

Шешенстанның Кремль қолдайтын басшысы Рамзан Қадыров Солтүстік Кавказдағы бұл елдің гүлденуіне қаншалық еңбек етіп жатқанын айтудан жалықпайды. Ол Шешенстанға шетелден инвестиция тартып жатқанын да жиі айтады және инвестицияның көбі мұнда Таяу Шығыстан келеді.

2016-2017 жылдары Шешенстанға шетелден 23 миллиард рубль (400 миллион АҚШ доллары) көлемінде инвестиция келген. Қаражат көбіне Таяу Шығыс, Қытай және Оңтүстік Кореяның жеті компаниясынан түскен.

Шешенстанда іскерлерге мүмкіндіктер бары жайлы жар салып жүрген жалғыз Қадыров емес. PwC халықаралық консалтинг компаниясы да жақында жариялаған есебінде Солтүстік Кавказдағы бұл елдің артықшылықтарын тізіп шыққан.

Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (сол жақта) пен Ресей аннексиялап алған Қырым басшысы Сергей Аксенов "Сочи - 2016" халықаралық инвестициялық форумы кезінде. Сочи, 30 қыркүйек 2016 жыл
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыров (сол жақта) пен Ресей аннексиялап алған Қырым басшысы Сергей Аксенов "Сочи - 2016" халықаралық инвестициялық форумы кезінде. Сочи, 30 қыркүйек 2016 жыл

Рамзан Қадыровтың шетел инвестициясына деген қызығушылығы әзір бәсеңдей қойған жоқ. Оның биыл Германиядан инвестор тарту жоспары да бар.

Шешенстан басшысының Батыспен қарым-қатынасының жақсы емес екенін, демократиялық елдердің Қадыровты қатаң басқару стилі үшін жиі сынайтынын ескерсек, оның Еуропадан инвесторларды қалай тартатыны түсініксіз.


Адам құқығын қорғайтын халықаралық Human Rights Watch ұйымы Ресей бағдарламасының директоры Таня Локшина 2016 жылғы қаңтарда Еуропа кеңесі парламенті ассамблеясында сөйлеген сөзінде Рамзан Қадыровтың "Ресейдің қолдауымен оншақты жылдан бері өзгеше ойлайтындарды түбірімен жойып, Шешенстанда біртіндеп тирания құрып жатқанын" мәлімдеген болатын.

- Әсіресе соңғы екі жылда қуғын-сүргін ерекше қарқын алды, жергілікті басшылар [билікті] сынайтындарға және Қадыровты онша қолдамайды-ау дегендерге жан-жақтан қатыгездікпен шүйлігіп жатыр, - деген ол.Соған қарамастан, PwC Шешенстанның салыстырмалы инвестициялық әлуеті зор дейді. Соның ішінде шикізаттың көптігі, туризм мүмкіндіктері, ыңғайлы көлік жолдары бары, тез өсіп келе жатқан жас тұрғындар және өнім өндіру құнының төмендігі атап айтылған.

Кей шетелдіктер биліктің жарнамасына сеніп жүрсе, ауқатты шешендер республикаға қаржыларын салудан тартынып отырған сыңайлы.

2009 жылы үкімет отырысында сөйлеген сөзінде Рамзан Қадыров 1990 жылдары екі бірдей соғыстан жапа шеккен Шешенстанды қайта құруға ат салысу туралы өтінішіне шетелдегі шешен диаспорасынан тек үш-ақ адамның құлақ асқанын айтқан еді.

Әбубәкір Арсамаков, Вача Агаев пен Руслан Байсаров әлі сол оптимист күйінде қалды ма?

900 миллион доллары бар деп саналатын Руслан Байсаров Forbes журналы шығарған Ресейдің ең бай адамдарының тізімінде 112-орында тұр. Шешенстанның құрылыс магнаты Байсаровтың Қадыровпен қарым-қатынасы өте жақсы болды. Соның арқасында ол туған жері – Ведучиде шаңғы курортын салған-мыс. Жақында осы курорт бар сән-салтанатымен ашылды.

Рамзан Қадыров (оң жақта) пен Руслан Байсаров Ведучи шаңғы курорты жобасын бастау рәсімінде. Шешенстан, 27 ақпан 2013 жыл
Рамзан Қадыров (оң жақта) пен Руслан Байсаров Ведучи шаңғы курорты жобасын бастау рәсімінде. Шешенстан, 27 ақпан 2013 жыл

Алайда, Байсаров 2018 жылдың басынан бері Шешенстанға келмегені. Ол тіпті Ведучидегі шаңғы курортының ашылу салтанатына да қатысқан жоқ. Сарапшылар "Байсаров билікпен араздасты" деп тұжырымдау тым ерте дейді, бірақ оның көрінбей кетуіне байланысты көптеген сұрақ туындатып отыр.

Ресей Мемлекеттік думасының депутаты Вара Агаев Урус-Мартанда мектеп салғызып, филантроп ретінде танылды. Ол сондай-ақ, туған ауылы – Рошни-Чуға Ислам білім беру орталығын салып, газ құбырын тартқызды. 2013 жылы Агаев 60-қа толғанда Грозныйда оның туған күнін Рамзан Қадыровтың өзі ұйымдастырып берді деген ақпарат бар. Бірақ кейіннен ол да Шешенстанға ат ізін салмай кетті, соған қарағанда елге инвестициясы да азайған болса керек.

Мәскеу өнеркәсіп банкінің президенті Әбубәкір Арсамаков
Мәскеу өнеркәсіп банкінің президенті Әбубәкір Арсамаков

Әбубәкір Арсамаков – Мәскеу өнеркәсіп банкінің төрағасы. 2007 жылы Арсамаковтың екі бауырын қылмыскерлер ұрлап әкеткенде бұл іске Қадыровтың өзі араласып, олар содан жақсы дос болып кеткен. 2010 жылы Арсамаков Шешенстанның ең жоғары наградасы – "Қадыров орденімен" марапатталды. Ол – Шешенстанға инвестиция салған азғантай магнаттың бірі. Аса ірі Grand Park сауда орталығын тұрғызған да – сол. Алайда, Қадыров режимі оның осы және басқа да бизнестерін тартып алды.

Сарапшылар Шешенстанда табысты бизнесті күштілер жиі тартып алады дейді. Әдетте бизнес гүлдене бастағанда Қадыров пен оның маңайындағылар оларды қожайындарынан алып қояды.

Шешенстанның басқа бизнесмендері мұны бұрын-ақ түсінген тәрізді.

Ресейдің бұрынғы сенаторы, бизнесмен Омар Жабраилов "бұзақылық" айыбымен сотта отыр. Мәскеу, 22 қараша 2017 жыл
Ресейдің бұрынғы сенаторы, бизнесмен Омар Жабраилов "бұзақылық" айыбымен сотта отыр. Мәскеу, 22 қараша 2017 жыл

Кезінде Шешестан премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарған Хусейн Жабраилов елге инвестиция салуға ниет білдірген. Ол тіпті Грозный әуежайын жөндеуге ақша бөліп, біраз істі бастап та үлгерген. Бірақ ол 2007 жылы үкіметтегі қызметінен кетісімен мұның барлығы тоқтады.

Оның бауыры – Омар Ресей оккупациялаған Қырым түбегіндегі кеме зауытына инвестиция салмақ ойы барын айтқан. Бірақ оның Шешенстанға қаржы әкелу жоспары жоқ сияқты.

Forbes журналының болжамынша, Alliance Group холдингінің иесі Мұса Бажаевтың байлығы 600 миллионға жуықтайды. Бірақ ол әу бастан Шешенстанға қаражат салудан қашқақтап жүр. Бір кездері Қадыров оны "Урус-Мартандағы аудандық аурухана мен мектеп құрылысына бөлем деген 50 миллион долларды бермеді" деп сынға алған.

Қадыров 2006 жылы "Бажаев сияқтылар өздерін жарнамалауды ғана біледі, өкінішке қарай, мұндай бизнесмендер көп" деген.

Мұса Бажаев қазір Ресейдің өзге өңірлеріне инвестиция салып жүр, ал туған елі – Шешенстанға оның бүйрегі бұрмайтын тәрізді.

Шешен бизнесмені Малик Сайдуллаев
Шешен бизнесмені Малик Сайдуллаев

Ең бай шешендердің бірі саналатын Малик Сайдуллаев туралы да осыны айтса болады. Шамамен 500 миллион доллары бар деп есептелетін ол Шешенстандағы ешқандай жобаға атсалысқан емес.

Шешен үкіметінде министр қызметін атқарған марқұм Саламбек Хаджиев те еліне бәлендей инвестиция салмаған.

Бұлары дұрыс па, бұрыс па, әйтеуір Шешенстанның бизнес элитасы көбіне елге қаржы салуға құлықсыз. Аймаққа қаражатын аямай салып жатқан жалғыз адам – Баха Агаев қана.

Мұның себебі біреу ғана. Шешенстандағы барлық билік тізгіні жалғыз Рамзан Қадыровтың қолына шоғырланған. Елде оның ақ дегені – алғыс, қара дегені – қарғыс. Басқа да авторитарлық елдердегі сияқты мұнда да инвестицияның болашағы басшының көңіл-күйіне байланысты. Шешенстанның ауқатты элитасы үшін бұл – үлкен тәуекелге баруды қажет етеді.

(Тони Веселовскидің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.)

XS
SM
MD
LG