Accessibility links

Қарт әке-шешесін тастағандар сотталады


Тәжік қарты. Көрнекі сурет.

Тәжікстанда жұмыс істеуге қауқарсыз әке-шешесін қараусыз қалдырып, тағдыр тәлкегіне тастап кеткендер үш жылға дейін сотталады.

Желтоқсанның 21-і күні Тәжікстан мәжілісі қылмыстық кодекске өзгеріс енгізіп, қарт әке-шешесіне қараудан бас тартқан азаматтарға жазаны күшейтті. Жаңа заңға сай әке-шешесін тастап кеткендер түрмеге қамалады.

Бұған дейінгі заңда «120-180 сағат немесе екі жылға дейін түзеу жұмыстары не екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы» қарастырылған еді.

"ӘКЕ-ШЕШЕГЕ ҚАМҚОР БОЛУ - КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ НОРМА"

Тәжікстанда халық арасында «бала әке-шешесіне қамқор болуы тиіс» деген түсінік бар. Ал «әке-шешесін қаңғыртып жібергендер» қоғам сынына ұшырайды. Бірақ кейінгі жылдары экономикалық жағдайдың қиындауына байланысты балаларынан алимент талап етіп, сотқа жүгінген қариялар көбейген. Ел билігі қарттар үйіндегі зейнеткерлердің саны өсіп бара жатқанына да алаңдайды.

Бахтовар Сафаров.
Бахтовар Сафаров.

Тәжікстан парламентінің заң және адам құқығы комитетінің мүшесі Бахтовар Сафаров Азаттықтың Тәжік қызметіне берген сұхбатында елдің қылмыстық кодексінің 178-бабының 2-тармағы («Жұмыс істеуге қауқарсыз әке-шешесін асыраудан қасақана жалтару») толықтырылғанын растады. Оның айтуынша, енді қарт әке-шешесіне қамқорлық жасаудан негізсіз, қасақана жалтарған адам үш жылдық түрме жазасына кесіледі. 2016 жылы Тәжікстан конституциясына «кәмелетке толған және жұмысқа жарамды балалары әке-шешесіне күтім жасап, оларды әлеуметтік тұрғыдан көмектесу тиіс» деген қосымша тармақ енгізілген.

«Әке-шешеге қамқор болу конституциялық нормаға айналды. Сондықтан бұл норма қылмыстық кодекске енгізілді. Балалары ата-анасына дұрыс қамқор болу керек» дейді Бахтовар Сафаров.

Сангин Мирзоева.
Сангин Мирзоева.

Былтыр Кубодиён ауданы соты үлкен баласынан алимент талап еткен 82 жастағы тұрғын Сангин Мирзоеваның арызын қанағаттандырған. Сот оны шешесіне ай сайын 70 сомони төлеп тұруға міндеттеген.

Бес жылдан бері жүріп-тұруы қиындаған зейнеткер сотта «сүйенішім болады-ау деп үміт артқан үлкен ұлым материалдық тұрғыдан қарайласпай қойды» деген еді. Сондықтан қария ұлынан ай сайын алимент өндіріп беруді сұрап, аудандық сотқа жүгінген.

"ҚАРТТАР ҮЙІНДЕГІ ҚАРИЯЛАР КӨБЕЙІП КЕЛЕДІ"

Яван ауданындағы қарттар үйі директоры Махмадюусуф Гулов «осыдан бірер жыл бұрын тәжік қарттарының бізге келуі сирек кездесетін оқиға болатын. Бірақ қазір бұл тенденция күшейіп келеді» дейді.

«Осы аптада әке-шешесін қарттар үйіне өткізгісі келген үш адамның өтінішін қабылдамай қойдық. Ертеректе біздегі қарттардың көбі өзге ұлт өкілдері болатын, бірақ қазір тәжіктер де көбейді. Сондықтан жазаның күшейгені орынды болды» дейді қарттар үйінің директоры.

Оның сөзінше, қарттар үйінде тұратын қариялар бала-шағасының енжарлығы мен қайырымсыздығына үнемі шағынады.

«Бұрын адамдар жұрттың сөзінен қорқатын. Ата-анасын қарттар үйіне өткізу фактілері сирек кездесетін. Мұндай оқиға нонсенс болатын. Бірақ қазір әке-шешесінен бас тартып, ұялмай қарттар үйіне өткізетіндер өте көп. Бәлкім бұл өзге халықтардың мәдениетінің ықпалы шығар» дейді Гулов.

78 жастағы Душанбек тұрғыны Салима Давлатова өзін қарттар үйіне өткізгісі келген ұлының үстінен прокуратурға шағымданған.

Қарт әйелдің үш ұлы, екі қызы бар. Ол Азаттыққа бірнеше жыл бұрын Вахдат қаласындағы үйін сатып, кенже баласына Душанбеден пәтер сатып әпергенін айтып берді. Қалған балаларының бәрі нәпақа табу үшін Ресейде жүр.

«Енді кенже балам мен келінім пәтерді сатқысы келеді. Екеуі маған күтім жасамайды, менен қалай құтыларын білмей жүр. Мені қайтсе де қарттар үйіне өткізгісі келеді» деп қамығады ол. Зейнеткердің баласы Азаттықтың қоңырауларына жауап бермеді.

Қазір Тәжікстандағы қарттар үйлерінде мыңға жуық қария бар. Олардыңалты жүзден астамы - ерлер, төрт жүзге жуығы - әйелдер.

Азаттықтың тәжік қызметінің мақаласы орысшадан аударылды.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG