Accessibility links

Мұсылмандарды аңду, "дәстүрден тыс ағымдарды" қудалау. Қазақстандағы дін еркіндігінің жай-күйі


АҚШ мемлекеттік департаменті діни азшылықтар құқығының шектелуі мен адамдарды діни көзқарасына байланысты бостандығынан айыруды Қазақстандағы дін еркіндігі саласындағы елеулі мәселелердің бірі деп есептейді.

15 мамырда АҚШ мемлекеттік департаменті әлемдегі дін еркіндігінің жайы туралы жыл сайынғы баяндамасын жариялады. Қазақстан туралы бөлімде билік заңды пайдаланып, діни азшылық өкілдерін қудалап, айыппұл мен басқа да шаралар арқылы олардың қызметін шектеп отырғаны айтылады.

Бақылаушылардың сөзінше, билік "дәстүрден тыс" діни бірлестіктерді бақылауды күшейткен. Ақпарат құралдарының материалдарында "дәстүрден тыс" ағымдар жағымсыз тұрғыдан сипатталады. 2021 жылы енгізілген "ескерту жүйесі" діни шаралар өткізуге рұқсат алу процесін қағаз жүзінде ғана жеңілдетті. Іс жүзінде әлі де жергілікті биліктен рұқсат алу керек.

Былтыр Қазақстанда адамдарды діни көзқарасы мен белгілі бір ағымдарға мүше болуына байланысты ұстап, қамауға алу жалғасқан. Баяндама авторларының пікірінше, заң мемлекетке кез келген топты "экстремистік ұйым" деп танып, олардың қызметіне тыйым салып немесе өкілдерін қылмыстық жауапкершілікке тартуға мүмкіндік береді.

Мұсылман қауымының кей өкілдері билік күдікке ілінген адамдарды заңсыз аңдығанын айтады. Әскер жасындағы азаматтарды әскери комисссариатқа шақырып, құқықтық процедураларды бұзып, телефонында билікке ұнамайтын діни сипаттағы контент бар-жоғын тексерген.

Кей мұсылмандардың сөзінше, полиция өзін таныстырмай, құжатын көрсетпей-ақ, айыппұл салады, оның үстіне, ақшаны бірден төлеуді талап етеді. Мысалы, әлеуметтік желіде билік құптамайтын діни сипаттағы контентке лайк басып, пікір жазғандарға осындай шара қолданылуы мүмкін.

АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі жөніндегі комиссиясының (USCIRF) дерегінше, жыл аяғына қарай Қазақстанда кемі 10 мұсылман интернетте "діни қызметпен айналысқаны, оның ішінде діни көзқарасын білдіргені және діни контент таратқаны үшін" қамауда отырған.

ДІНИ КӨЗҚАРАСЫ ҮШІН ҚУДАЛАУ

Щучинск қаласының тұрғыны, кәсіпкер, 2018 жылы әлеуметтік желідегі парақшасында ислам туралы ойларын жария еткені үшін "терроризмді насихаттау" бабы бойынша сотталған Дадаш Мәженов ұзақ уақыт жалғыз адамдық камерада отырып, "азапталған". Forum18 үкіметтік емес ұйымы Мәженовті түрмедегілер ұрып-соғып, жағын сындырғанын хабарлады. Мемлекеттік департаменттің баяндамасында 2017 жылы "діни алауыздық туғызу" бабымен сегіз жылға түрмеге жабылған Абдухалил Абдужаббаров туралы да айтылады. Ол да ұзақ уақыт жалғыз адамдық камерада отырған. Құқық қорғаушылар тұтқынды мұндай камерада ұстауды азаптаудың бір түріне жатқызады.

"Таблиғи жамағат" ұйымына (2013 жылы Қазақстанда қызметіне тыйым салынған ұйым) мүше болғаны үшін жауапқа тартылғандар саны 75-ке жеткен. Былтыр наурызда Атырау соты ұйымға қатысы бар делінген Сәрсен Нетеков пен Нұрлан Аталықовқа бір жылға бостандығын шектеу жазасын кесті. Құқық қорғау органдарының дерегінше, тінту кезінде олардың үйінен жастарға арналған діни әдебиет табылған. Сот бұл кітаптарды өртеп жіберу туралы қаулы шығарды.

Баяндама авторлары Түркістан облысы Арыс қаласының 27 жастағы тұрғыны Анатолий Зерниченко әлеуметтік желіге мұсылман жазбаларын жариялағаны үшін маусымда жеті жылға бостандығынан айырылғанын келтіреді. Билік бұл жазбалардан "терроризмді насихаттау белгілерін" көрген. Құқық қорғаушылар билік "сараптама" қорытындысына ғана сүйеніп, айыптайтын үкім шығарғанына наразы. Тәуелсіз сараптама жүргізілмеген. Әйелі Зерниченко діни мәтіндерді жолда оқу үшін жеке парақшасына жариялағанын айтады.

Иегова куәгерлері, протестанттар тобы сияқты басқа діни азшылық өкілдерінің де қызметі шектелген. Оларға қарсы тексерулер жүріп, қауымдастық мүшелерін заңсыз миссионерлік қызмет үшін қудалаған.

Халықаралық Open Doors христиан құқық қорғау ұйымы жариялайтын Дүниежүзілік бақылау тізіміне Қазақстан "діни көзқарас еркіндігіне аңду, тінту және тұтқындау сияқты мемлекеттік бақылау шараларын қолданатын ел" ретінде енген. Үкіметтік емес ұйым мұсылман дінін ұстанатын халықтар арасынан христиандыққа бет бұрғандар биліктен гөрі өз айналасынан көп қысым көреді дейді.

Ахмадий мұсылман қауымы жылдар бойы тіркеле алмай келеді. 2011 жылдан бері билік бұл ұйымның тіркелу туралы өтінішін алты рет (ақырғы рет 2016 жылы) қанағаттандырмаған. Бұрын мемлекеттік сарапшылар қауымдастықтың ілімі исламға жатпайтынын, сондықтан атауынан "мұсылман" деген сөзді алып тастау керегін айтқан. Құқық қорғаушылар бұл тұжырымға қарсы шығып, ол "өркениет принциптеріне сай келмейді" деді.

Иегова куәгерлерінің 2021 жылғы қыркүйектен 2022 жылғы тамызға дейін заңды құқығын пайдаланып, әскери қызметтен босатуды сұраған 43 мүшесі әртүрлі қиындықтарға тап болғанын мәлімдеді. Заңға сәйкес, діни көзқарасына байланысты жалпыға ортақ әскери қызметтен бас тартуға болмайды. Бірақ ресми тіркелген діни ұйымдардың қызметкерлері, оның ішінде Иегова куәгерлері де міндетті әскери қызметтен босай алады.

ШЫҢЖАҢ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРГЕН БЕЛСЕНДІЛЕР

Баяндамада бір топ адам Алматыдағы Қытай елшілігінің алдында пикетін жалғастырып, Шыңжаңдағы туыстары туралы ақпарат беруді талап етіп отырғаны да назардан тыс қалмаған. Наразыларды бірнеше рет полиция күш көрсетіп алып кеткен. Қыркүйекте Қазақстанға Қытай басшысы Си Цзиньпин келердің алдында наразыларды ұстап, айыппұл салған. Биыл наразылық та, биліктің оларға көзқарасы да өзгерген жоқ.

2022 жылдың аяғындағы жағдайға қарағанда, билік Қытайдағы қудалаудан қашып келген екі қазаққа босқын мәртебесінің мерзімін бір жылға, тағы екі азаматқа бір және үш айға созып берген. Олар Азаттыққа шетелге шығайын десе, Қазақстаннан азаматтық не жол жүруге мүмкіндік беретін құжат ала ала алмай отырғанын айтты. Баяндама авторлары 2021 жылы қаңтарда Алматы мен Астанада екі босқынға (Қайша Ақан мен Мұрагер Әлімұлы) белгісіз біреулер шабуыл жасағанын, жыл аяғындағы дерек бойынша, күдіктілер әлі табылмағанын мысалға келтірген.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ 2683 МЕШІТ ЖӘНЕ БИЛІКТІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев 12 тамызда Орталық Азиядағы ең үлкен мешіттің ашылу салтанатына қатысты. Былтырмен салыстырғанда, қазір елде мешіт саны көбейген. Бірақ билік пен ақпарат құралдары ұсынған статистика деректері әртүрлі және бір-біріне қайшы келеді. Дін істері жөніндегі комитеттің дерегінше, былтыр елде 2744, 2021 жылы 2683 мешіт болған.

Баяндама авторлары 2022 жылғы 10 қаңтарда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы кеңесінің кезектен тыс сессиясында Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылдың басында болған жаппай наразылық пен тәртіпсіздік туралы айтқанда, "діни радикалдар, қылмыстық элементтер, бандиттер, тонаушылар мен ұсақ бұзақылар болды" деді. Осыдан кейін ақпарат құралдарының көбі Қаңтар оқиғасына "діни радикалдар" мен "террористерді" кінәлады. Баяндамада "Қазақстан билігі жаппай тәртіпсіздікке діни экстремистердің қатысы бар дегенге дәлел келтіре алмады" делінген.

Жоғары лауазымды шенеуніктер ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтауға үндеп тұрады. Тоқаев 4 қарашада шетелдік дипломатиялық миссиялардың басшысымен кездесуде билік "азаматтық қоғамның рөлін арттырып, ұлтаралық және дінаралық сенім мен толеранттықты күшейтуге, "еститін мемлекет" принципін жүзеге асыруға мүдделі" деді.

Баяндама авторларының мәліметінше, Астанада өткен әлемдік және дәстүрлі дін басшыларының съезінде Тоқаев "Дәстүрлі дін – гуманистік идеалдарды сақтайтын басты тірек" деген. Кейінірек қарашада Атырауда сөйлеген сөзінде президент "Қазақстан – өркениетті ел, бірақ толерант мемлекет болу радикал ағымдар мен діни сепаратизмге көз жұма қарау дегенді білдірмейді" деді.

Қазақстан билігі азаматтарды діни себеппен қудалайтынын жоққа шығарады. Билік мемлекеттік органдар ешқандай дін өкіліне жеңілдік немесе басымдық бермейтінін айтады.

Суретші Дәурен Макин жеті жылға сотталды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:41 0:00

АҚШ-тың халықаралық дін еркіндігі бойынша комиссиясы бірнеше жылдан бері мемлекеттік департаментке дін еркіндігі саласында "салмақты заңсыздықтар" жасағаны үшін Қазақстанды арнайы бақылау тізіміне енгізуді ұсынып келеді. Бұл тізім былтыр қарашада жаңарған, онда Қазақстан жоқ. USCIRF АҚШ үкіметіне Қазақстанды діни қызметі немесе көзқарасы үшін қамалған азаматтарды түрмеден босатып, азаптауды тоқтатып, зерттеу жүргізуге үндеу керек деп ескертті.

Мемлекеттік департамент баяндамасындағы дерек бойынша, көп ел үкіметі діни азшылық өкілдерін қудалауды тоқтатпай отыр. АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен дүйсенбі, 15 мамыр күні баяндаманы таныстырып, Бельгия, Бразилия, Канада, Еуроодақ пен Орталық Африка Республикасында дін еркіндігі күшейгенін атап өтті.

"Үкіметтер азаматтарға басқа дінге тартуға, Құдайға тіл тигізуге, дінді бұзуға тосқауыл қоятын заңдарды қолданады, ал бұл заңдар адамдардың діннен бас тартуына мүмкіндік бермейді" деді Блинкен. Оның сөзінше, Ұйғырларды қорғау кампаниясы мен Адам құқықтары жөніндегі ұйғыр жобасы сияқты үкіметтік емес ұйымдар негізінен Шыңжаңдағы ұлты ұйғыр мұсылмандарға жасалған геноцид пен адамзатқа қарсы қылмыстарды құжаттаумен айналысып жатыр.

"АҚШ дін ұстану еркіндігі құқығы қоғам өкілдерінің де, үкімет өкілдерінің де қатысуымен жиі бұзылатын елдерде осы құқық түрін қорғауға атсалыса береді" деді АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Блинкен.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG