Accessibility links

Мирзияев Ауғанстан келіссөзін қолға алды


Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев пен Ауғанстан президенті Ашраф Ғани. Ташкент, 27 наурыз 2018 жыло.

Ресми Ташкент Ауғанстан үкіметі мен Талибан қозғалысы арасындағы бейбіт келіссөзді ұйымдастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Наурыздың 27-і күні Ташкентте басталған Ауғанстан тақырыбындағы халықаралық конференцияда Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев "ел аумағында Талибан мен Ауғанстан үкіметінің келіссөздерін ұйымдастыруға дайынбыз" деді.

Мирзияев халықаралық қауымдастыққа Ауғанстандағы мәселені шешу үшін жол картасын жасауды да ұсынды.

"Ауғанстанның қауіпсіздігі - Өзбекстанның қауіпсіздігі. Террорлық ұйымдар Ауғанстанды өздерінің орталығына айналдырып алмауы керек" деді Өзбекстан президенті.

Бұл жиынға Ауғанстан президенті Ашраф Ғани, Ресей, Қытай және Түркия премьер-министрлері Сергей Лавров, Ван И, Мевлют Чавушоглу, АҚШ мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер бойынша орынбасары Томас Шеннон, Еуропа одағының ішкі саясат бойынша жоғарғы комиссары Федерика Могерини қатысып жатыр.

Өзбекстан сыртқы істер министрлігінің мәлімдеуінше, конференцияға БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш және БҰҰ-ның Ауғанстандағы арнайы өкілі Тадамити Ямамото Ұлыбритания, Германия, Италия, Франция, Үндістан, Иран, Пәкістан, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері сыртқы істер министрлері де келген. Ташкентке Талибан тарабы келмеді.

Ташкент жиынына қатысушылар. 27 наурыз 2018 жыл.
Ташкент жиынына қатысушылар. 27 наурыз 2018 жыл.

Томас Шеннон Ташкенттегі жиында Талибан Ауғанстан үкіметімен келіссөз жүргізбесе АҚШ бұл ұйыммен күресті жалғастыра беретінін айтты.

Конференцияда тараптар Ауғанстан туралы деклорацияға қол қояды. Шарадан кейін Өзбекстан президенті Ауғанстан президенті Ашраф Ғанимен, Федерика Могеринимен, Сергей Лавровпен жеке кездеседі.

Оқи отырыңыз: Ташкентте жалғасатын "Кабул процесі"

Наурыздың 23-і күні АҚШ және НАТО біріккен күштерінің басшысы, генерал Джон Николсон ВВС арнасына берген сұхбатта "Ресей Талибанды қару-жарақпен қамтамасыз етіп отыр" деп айыптаған. Мәскеу бұл айыпты жоққа шығарады.

32 миллион халқы бар Өзбекстан – Орталық Азиядағы халқы ең тығыз орналасқан мемлекет, ол аймақтағы басқа елдер – Қазақстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Қырғызстанмен шекараласады және Ауғанстанмен де шекараны бөліседі.

Билікке Шавкат Мирзияев келгелі бері Өзбекстанда бірнеше реформа жасалды. Шетелге шығу үшін биліктің рұқсатын алу енді керек емес, валюталық саясатта өзгерістер болды, күш құрылымдары арасында "тазарту" жүргізілді, біраз саяси тұтқындар бостандыққа шықты.

Оқи отырыңыз: Өзбекстандағы өзгерістер "жылымықты" білдіре ме?

Жыл басында Мирзияев кәсіпорындарды жоспардан тыс тексеруге екі жылдық мораторий жариялады, бұған дейін билік кәсіпкерлерді осындай әдіспен қудалап келген еді. Мемлекетте инвесторларға салық жеңілдігін ұсынатын арнайы жеті экономикалық өріс құрылды. Еуропалық қайта құру және даму банкі көп жылдан соң қайтадан Ташкентте жұмысын бастады.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG