Accessibility links

«Шахтер» жанкүйерлері Глазгода құрбан шалмайды


Қарағандылық "Шахтер" командасының жанкүйерлері.
Қарағандылық "Шахтер" командасының жанкүйерлері.

Халықаралық ұйымның наразылығынан кейін «Шахтер» командасы Азаттыққа «Глазгода құрбандық шалмаймыз» деді. Ал бәс тігуші букмекерлер Celtic жеңеді деп болжайды.

Халықаралық РЕТА («Хайуандарға этикалық тұрғыда қараушы адамдар») ұйымы «Шахтер» жанкүйерлерінің шотландиялық Celtic клубымен «Астана Арена» стадионында ойнаған алғашқы матч қарсаңында құрбандық шалғанына наразы болды.

«Біз қазақстандық командаға сәттілік әкеледі деп қой сойылғанына алаңдаймыз. Қазіргі заманда малды құрбандыққа шалуға жол бермеу керек. Бұдан былай әдемі ойын жануардың қанымен былғанбауы үшін УЕФА шапшаң, әрі шешімді әрекет етер деп сенеміз» дейді РЕТА ұйымы директорының орынбасары Мими Бекхечи УЕФА президенті Мишель Платиниге жазған хатында.

Чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңінде, тамыздың 20-сында «Шахтер» мен Celtic («Селтик») командалары Астанада кездесіп, 2:0 есебімен «Шахтер» жеңіске жеткен еді. Осы ойыннан бұрын қарағандылық команда басшылығы мен жанкүйерлері «Астана Арена» стадионында ырымдап, құрбандыққа қой шалған.
Қазақстандағы интернет кеңістігінде тараған "Шахтер" үшін құрбандық шалу" туралы демотиваторлардың бірі.
Қазақстандағы интернет кеңістігінде тараған "Шахтер" үшін құрбандық шалу" туралы демотиваторлардың бірі.

УЕФА-ның баспасөз хатшысы Сергей Борисовтың айтуынша, «ешбір заңда құрбандық шалуға болмайды деп жазылмаған».

– Оған қоса құрбандық командалардың жаттығуы немесе баспасөз мәслихаты сияқты ресми шара кезінде шалынған жоқ, – деп мәлімдеді УЕФА өкілі.

БУКМЕКЕРЛЕР ТАҒЫ ДА CELTIC-КЕ БӘС ТІКТІ

«Шахтер» клубы Чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңінің қарымта матчына қатысу үшін тамыздың 26-сында Глазго қаласына жетті. Командамен бірге Шотландияда жүрген клуб баспасөз қызметі Азаттық тілшісіне «Глазгода құрбандық шалынбайтынын» айтты.

Глазгодағы Celtic пен «Шахтер» арасындағы ойын Астана уақыты бойынша тамыздың 28-інен 29-ына қараған түні сағат 00:45-те басталады.

Матч Еуропадағы ең үздік 50 стадионның бірі, 60 мың көрерменге арналған Celtic Park стадионында өтеді.
"Шахтер" командасының Глазгоға жеткен сәті. (Сурет команданың ресми сайтынан алынды)
"Шахтер" командасының Глазгоға жеткен сәті. (Сурет команданың ресми сайтынан алынды)

«Шахтерді» қолдауға Қарағандыдан бірде-бір жанкүйер аттанбаған. Команданың баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеге қарағанда, «жанкүйерлердің виза алуына уақыт жетпеген, есесіне Ұлыбританияда оқитын екі жүзге жуық қазақстандық студент Глазгода «Шахтерге» жанкүйер болады».

Букмекерлік кеңселер Глазгода өтетін қарымта ойында Celtic жеңіске жетеді деп болжайды. Олар шотландиялық команданың жеңісіне – 1,22 коэффицент, тең ойынға – 5,92 коэффицент, ал «Шахтердің» жеңісіне – 15,74 коэффицент берген. Бәс тігушілер қос ойынның қорытындысы бойынша «Шахтердің» жеңісіне – 2 коэффицент, Celtic-тің жеңісіне – 1,8 коэффицент қойған. (Букмекерлік кеңселердің ережесі бойынша, қай команданың коэффициенті аз болса, соның жеңіске жетуге мүмкіндігі мол – ред.).

Бірақ тамыздың 20-сында Астанада өткен ойын қарсаңында букмекерлік кеңселер Celtic басым түседі деп болжағанымен, 2:0 есебімен күтпеген жерден «Шахтер» жеңіске жеткен.
XS
SM
MD
LG