Accessibility links

2014 жылғы халықаралық рейтингтегі Қазақстан


Transparency International ұйымының 2014 жылғы жемқорлық рейтингісін әлем картасы арқылы суреттеуі. Сары түс - жемқорлық деңгейі төмен, қызыл түс - жемқорлық деңгейі жоғары елдің сипаттамасы.
Transparency International ұйымының 2014 жылғы жемқорлық рейтингісін әлем картасы арқылы суреттеуі. Сары түс - жемқорлық деңгейі төмен, қызыл түс - жемқорлық деңгейі жоғары елдің сипаттамасы.

Биыл Қазақстанның инновация және жемқорлықпен күрес бойынша рейтингісі жоғарылады, ал көркею және сөз бостандығы рейтингтері нашарлады.

Азаттық Қазақстанның 2014 жылғы әлемдік рейтингтердегі көрсеткіштеріне шолу жасап шықты.

БИЗНЕС ИНДЕКСІ – 77-ОРЫН

Дүниежүзілік банк пен Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC) әзірлеген Doing Business рейтингісінде Қазақстан өткен жылмен салыстырғанда бір орынға төмендеп, 77-орынды иеленді. Қазақстан жеке мүлікті тіркеу, халықаралық сауда, келісім-шарттарды орындауға жағдай жасау және төлем қабілетcіздігіне рұқсат ету салаларында біршама жетістікке жеткен. Бірақ бизнесті бастау, құрылыс жүргізуге рұқсат ету, несие беру, электр желілеріне қосылу, инвесторларды қорғау, салық салу критерийлері бойынша Қазақстанның көрсеткіштері нашарлаған.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ИНДЕКСІ – ЖАҒЫМСЫЗ

Қаржы нарығында сараптамалық зерттеулермен айналысатын халықаралық ықпалды агенттіктердің бірі Standard&Poor's рейтинг агенттігі Қазақстан экономикасына қатысты рейтинг болжамын «тұрақтыдан» «жағымсызға» өзгертті. Агенттік елдің ішкі жалпы өнімінің өсіміне қатысты болжамын 4,5 пайызға төмендетті. Агенттік сарапшылары бұл болжамын ішкі жалпы өнімнің халықтың жан басына шаққандағы өсімінің баяулауына байланысты түсіндіреді. Ал Қазақстандағы сарапшылар болжамның өзгеруін ЕАЭО аясындағы Ресеймен интеграция орнатумен байланыстырған.

КӨРКЕЮ ИНДЕКСІ – 55-ОРЫН

Қазақстан Legatum Institute ұйымының «Көркею индексінде» биыл былтырғыдан сегіз орынға төмендеп, 122 елдің арасында 55-орынға тұрақтады.​

Қазақстанның мемлекеттік басқару жүйесі 106-орында, әлеуметтік капиталы 35-орында.

Бұл индекс – әлем елдеріндегі экономика, білім, денсаулық сақтау, жеке бостандық, қауіпсіздік, кәсіпкерлік мүмкіндіктері, мемлекеттік басқару, әлеуметтік капитал бойынша көрсеткіштер негізінде түзілген. Қазақстан ең төменгі көрсеткішті мемлекеттік басқару жүйесі (106-орын) бойынша алған, ал ең жоғары көрсеткішті әлеуметтік капитал бойынша (35-орын) көрсеткен.

ИННОВАЦИЯЛЫҚ РЕЙТИНГІ – 79-ОРЫН

Еуропалық INSEAD бизнес-мектебі, америкалық Корнелл университеті мен дүниежүзілік зияткерлік меншік қауымдастығы жариялаған инновациялық рейтингте Қазақстан 142 елдің арасында 79-орынды иеленді.​

Қазақстан бұл көрсеткіштер бойынша Ресей мен Беларусьтен артта, Орталық Азиядағы көрші елдерден алда.

Инновацияға жұмсалған шығын жағынан 69-орын алған Қазақстан инновациялық нәтижелер көрсеткіші бойынша – 101-орында, тиімділігі жағынан – 126-орында тұр. Бұл ел білім және технологиялар саласы бойынша 82-орында, шығармашылық саласы бойынша 106-орында.

Қазақстан бұл көрсеткіштер бойынша Еуразия экономикалық одағындағы көршілері Ресей (49-орын) мен Беларусьтен (58-орын) артта қалған, бірақ Орталық Азиядағы көрші елдерден алда.

ЖЕМҚОРЛЫҚ ИНДЕКСІ – 126-ОРЫН

Халықаралық Transparency International ұйымының жемқорлық туралы 2014 жылға арналған есебінде Қазақстан былтырғы 140-орыннан ілгерілеп, биыл 175-елдің арасында 126-орынды иеленген. ​

Қазақстан 2013 жылғы жемқорлық есебінде 140-орында тұрған.

Ұйым Қазақстандағы жемқорлық деңгейінің төмендеуін заңнаманы реформалауға күш салып жатқанымен байланыстырса да, ол заңның әсіресе сот жүйесінде нашар қолданылатынын ескерткен. Ұйым сонымен бірге ірі трансұлттық компаниялар табысы пен төлейтін төлемдерін ашық көрсетпейтінін сынап, елдегі 55 трансұлттық компанияның ашықтық рейтингі бойынша төмен балл алғанын мәлімдеген.

ИНТЕРНЕТІ – ЖАРТЫЛАЙ ЕРКІН, БАСПАСӨЗІ – ЕРКІН ЕМЕС

Халықаралық Freedom House ұйымы «Желідегі бостандық – 2014» есебінде Қазақстанды «интернеті жартылай еркін елдер» қатарына кіргізген. Ұйым ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылы мамырда қол қойған «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңнан кейін жемқорлық туралы жазған журналистерге «мемлекеттік лауазымды тұлғалар құпиясын жариялады» деген айып тағу қаупі төнгенін айтқан.

Қазақстанның сөз бостандығы есебінде кері кетуіне тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым көрсетуі әсер еткен.

Жыл басында «Шекарасыз тілшілер» ұйымы «Интернеттің жаулары» деп аталатын жыл сайынғы есебінде де Қазақстанда интернетті шектеу жылдан-жылға күшейіп келе жатқанын жазған еді.

Халықаралық Freedom House құқық қорғау ұйымы әлемдегі сөз бостандығына арналған есебінде Қазақстанды баспасөз еркіндігі төмен яғни «еркін емес» ел ретінде сипаттап, 187-орынға қойған еді. Осылайша былтыр бұл ұйымның рейтингісінде 182-орында тұрған Қазақстан бес орынға төмен сырғыды. Қазақстанның сөз бостандығы есебінде кері кетуіне елдегі тәуелсіз ақпарат құралдарына қысым көрсету оқиғалары әсер еткен.

ЕР МЕН ӘЙЕЛ ТЕҢСІЗДІГІ РЕЙТИНГІ – 43-ОРЫН

Дүниежүзілік экономикалық форумның гендерлік айырмашылық индексінде Қазақстан әйелдер мен ерлердің теңдігі рейтингісінде 142 елдің арасында 43-орында тұр. Рейтинг бойынша, бұл елде әсіресе жоғары лауазымды орындарда әйелдердің үлес салмағы аз екені байқалады. Былтыр Қазақстан бұл тізімде 32-орында тұрған.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG