Accessibility links

Зеленский Стив Уиткоффпен және Джаред Кушнермен келіссөз өткізді

Джаред Кушнер (сол жақта) мен  Стив Уиткофф
Джаред Кушнер (сол жақта) мен Стив Уиткофф

22 шілдеде Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілдері Стив Уиткоффпен және Джаред Кушнермен келіссөз өткізген. Axios журналисі Барак Равид бұл мәселемен таныс дереккөздің сөзіне сүйеніп, келіссөз жайлы алғашқы болып хабарлады. Кейінірек Зеленский келіссөз өткенін растады.

Украина президентінің сөзінше, "дипломатияны қалай күшейту және бейбітшілікті қалай жақындату жайлы маңызды әңгіме болған". Ол украиналық және америкалық тараптар тығыз байланыста екенін және талқыланған мәселелер бойынша жұмыс жалғасатынын айтты.

Бұл келіссөз АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың 23 шілдеде Манилада өтеді деп жоспарланған кездесуі қарсаңында өтті. Рубио Лавровпен Ресейдің Украинаға қарсы соғысын талқыламақ.

Бұған дейін Мәскеу Уиткофф пен Кушнерді қабылдауға дайын екенін мәлімдеген. Ресей сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков олардың Ресейге сапармен баруы мүмкін екенін, бірақ нақты мерзімі әлі белгіленбегенін айтты.

Мамыр айының аяғында Зеленский Уиткофф пен Кушнер екі апта ішінде Киевке барады деп үміттенген еді. Алайда ол сапар болған жоқ.

Украина мен Ресей арасында АҚШ-тың араағайындығымен бейбіт келіссөз кейінгі рет биыл ақпан айында өткен. Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты үшжақты келіссөз белгісіз мерзімге шегерілген еді.

Маусым айында АҚШ президенті Дональд Трамп АҚШ-Иран қақтығысын тоқтату Вашингтонға Ресей-Украина соғысын шешуге назар аударуға мүмкіндік береді деп мәлімдеген. Бірақ шілдеде АҚШ пен Иран қайтадан бір-бірін атқылай бастады.

Айдар
XS
SM
MD
LG