"Қудалаушы ел". CIVICUS Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстанда адам құқығы "қатты нашарлағанын" айтады

Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы көшесінде қару ұстап бара жатқан полицейлер. 5 қаңтар 2022 жыл.

Халықаралық CIVICUS азаматтық қоғамды қолдау альянсы Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанның рейтингін "кедергі келтіруші елден" "қудалаушы ел" деңгейіне түсірді. CIVICUS Monitor рейтингінде "қудалаушы ел" деген санатқа қоғам еркіндігі, митингіге шығу және ұйым құру мүмкіндігі қатты шектелетін елдер кіреді.

"ЕСКЕРТУСІЗ ОҚ АТУ БҰЙРЫҒЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТАНДАРТҚА ҚАЙШЫ"

Альянстың 21 маусымда жариялаған есебінде Қазақстанда пікір айту еркіндігіне, бейбіт митингіге шығу құқығына қауіп төніп, қатты нашарлағанын айтады. CIVICUS ұйымының пайымдауынша, бұл тенденция кемі 238 адам қаза болған Қаңтар қырғынында қатты байқалған.

"Билік 2022 жылы қаңтардағы оқиға кезінде митингіге шығушылардың құқығын бұзды. Біріншіден, билік наразылыққа шыққандар мен күш қолданғандарды бөліп-жармай бәрін "бандиттер" және "террористер" деп атады. БҰҰ биліктің барлық адамды бұлай атауын сынап, бұл адам құқығын бұзу екенін және контртеррористік шаралар қате жүргізілуі мүмкін деп ескертті" делінген альянс есебінде.

CIVICUS Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қаңтар оқиғасында "ескертусіз оқ ату" бұйрығын халықаралық стандарттарға қайшы деп санайды.

"Халықаралық стандарттарға сай, мұндай бұйрықтар басқа амал қалмағанда беріледі. Бұған қоса, мұндай кезде адам шығынын болдырмауға барынша тырысу қажет және адам өмірін қорғауға күш салу керек" деп жазылған есепте.

CIVICUS Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасына тәуелсіз тергеу жүргізбегенін, қырғында қаза болған адамдардың тізімін әлі жарияламағанын да атап өткен.

"Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасынан 230 адам қаза болып, 4 мың адам жараланған. Бірақ құқық қорғаушылар зардап шеккендер бұдан да көп дейді. Қаза болғандар арасында бейбіт митингіге шыққандар, белсенділер және тұрғындар бар. Күш құрылымдарының операциясы кезінде наразылық акциясына қатыспаған адамдар мен балалар да өлтірілген" деп мәлімдеді халықаралық топ.

Your browser doesn’t support HTML5

Қаңтар көтерілісі

CIVICUS күш құрылымдарының Қаңтар оқиғасы кезінде адамдарды жаппай ұстағаны, оларға қамауда қысым көрсетіп азаптағаны халықаралық стандарттарды бұзады дейді. Ұйым ұсталғандардың арасында бейбіт митингіге шыққандар да барын, түрмедегі азаптаудан кемі сегіз адам қаза болғанын да атап өтті.

"Президент Тоқаев түрмедегі азаптау мен қысымға қатысты барлық шағым тексеріледі деп уәде бергенімен, әділ, таза және тиімді тергеу жүрмеді және қысым көргендерді қорғай алмады деген күдік бар. Бұдан бөлек, қаңтарда бейбіт митингіге шыққандар не оқиғаны бақылағандар ұсталып, ескерту я айыппұл алды немесе бірнеше тәулікке қамалды. Кейбір белсенділердің үстінен жалған ақпарат таратты деп қылмыстық іс қозғалды. Бұл айып бірнеше рет сөз бостандығын басып-жаншуға пайдаланылған" дейді құқық қорғаушылар тобы есепте.

Ұйым есебіне Қаңтар оқиғасынан соң "жалған ақпарат таратты", "билік өкілін қорлады" деп айыпталып, қамауда отырған оппозициялық белсенді Жанболат Мамайдың да ісін қосқан.

"БИЛІК ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫН БЕЛСЕНДІЛЕРДІ БАСЫП-ЖАНШУҒА ПАЙДАЛАНБАУЫ ТИІС"

CIVICUS Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасы кезінде елде интернетті бұғаттап, "ақпараттық блокада қойғанын", азаматтардың тәуелсіз ақпарат алу құқығын шектегенін сынады. Құқық қорғаушылар тобы Қаңтар оқиғасынан хабар таратқан журналистер қуғындалғанын, ұсталғанын, күштік құрылымдар тарапынан шабуылға ұшырағанына да алаңдаушылық білдірген.

"Журналистерге қысым, шабуыл бойынша бірде-бір адам жауапқа тартылмады. Тоқаев 7 қаңтардағы мәлімдемесінде құқық қорғаушыларды, белсенділерді, тәуелсіз журналистерді сынап, оларды "жауапсыз демагогтар" деп атады және елдегі жағдайға бұлардың да ішінара қатысы бар деп айтты" дейді ұйым есебінде.

Полицей Алматы көшесінде адамдарды ұстап жатыр. 8 қаңтар 2022 жыл.

Азаматтық қоғамды бақылаушы топ Қазақстанда ҚДТ мен "Көше партиясы" оппозициялық қозғалысының белсенділеріне репрессия әлі жалғасып жатқанын да ескерткен. Қазақстан бұл екі қозғалысты "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған еді. Еуропарламент ҚДТ мен "Көше партиясын" бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атайды.

"Қазақстанда Қаңтар оқиғасынан соң азаматтық қоғамда кеңістіктік қатты тарылғандықтан біздің рейтингте де төмендеді. Бұл – Қазақстанда азаматтық қоғам еркіндігінің нашарлауының шарықтау шегі. Жағдайдың нашарлауы біздің алаңдаушылығымызды тудырады" дейді CIVICUS зерттеушісі Арти Нарси.

CIVICUS Қазақстанға қатысты есебінде Нұр-Сұлтанды азаматтардың бейбіт митингіге шығу құқығын шектемеуге, Қаңтар оқиғасына халықаралық деңгейде тергеу жүргізуге, түрмедегі қысым мен азаптауға қатысты әрбір арызды жіті тексеруге, Қаңтар қырғынына қатысты айыпталғандардың сотын әділ өткізуге, ақпарат алу құқығын шектемеуге, журналистер жұмысына кедергі келтірмеуге шақырған.

Ұйым Қазақстан билігі Қаңтар оқиғасын ойын бейбіт түрде айтып жүрген белсенділерді, азаматтық қоғамды және оппозицияны басып-жаншуға пайдаланбауы тиіс деп санайды.

"ҰЙЫМДАСҚАН ТЕРРОРИСТІК ШАБУЫЛ"

Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылық елдің өзге өңірлеріне тез тарады. Қазақстанның көптеген елдімекенінде қымбатшылыққа, жұмыссыздыққа наразы азаматтар жаппай шеруге шықты. Наразылар әлеуметтік проблемалармен бірге билікке саяси талаптар да қойды.

Бейбіт басталған жаппай наразылықтың аяғы бірнеше қалада дүрбелеңге ұласып, мемлекеттік мекемелер, сауда орталықтарын мен басқа да нысандар және дүние-мүлік өртеліп-қиратылды.

Қаңтар оқиғасы кезінде президент Тоқаев Алматыға "ұйымдасқан террористік шабуыл" жасалғанын, елге сырттан "дайындықтан өткен 20 мың бандит" кіргенін айтып, ескертусіз оқ атуды бұйырғанын мәлімдеді. Ол Мәскеудің ықпалындағы Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымынан әскери көмек сұрады. Президенттің шетелден әскер шақырғанын сынағандар көп болды. Тоқаев "бұл амалсыз шара" болды деп ақталды.

Тоқаев қаңтарда Қазақстанға қарсы ұйымдастырылған "террор шабуылы" болғанын кейін де бірнеше рет айтты. Қоғам өкілдері президенттің "террористер" жайлы сөзіне еш айғақ-дәлел жоғын айтып, сынады.

Президент Тоқаев күш құрылымдарына ескертусіз атуды бұйырғаннан кейін оққа ұшып қаза тапқандардың арасында тәртіпсіздікке қатысы жоқ ондаған адам, тіпті балалар да болды. Сол кезде түсірілген видеолар мен атыс оқиғаларын зерттеп-талдаған құқық қорғаушылар кейбір жағдайда "қару жосықсыз қолданылғанын" айтады. Қаңтар оқиғасына байланысты қамауға алынғандардың полиция мен тергеу абақтысында аяусыз азапталғаны, бірнеше адамның содан өліп кеткені мәлім болды.

БҰҰ, Amnesty International, Human Rights Watch және өзге де ұйымдар Қазақстан билігін Қаңтар дүрбелеңі кезіндегі халыққа оқ ату, күшпен ұстау және азаптау, қысым көрсету фактілеріне байланысты қатаң сынап, оқиғаны жан-жақты зерттеу қажетін айтқан. Еуропарламент қаңтар оқиғаларына байланысты қабылдаған қарарында бейбіт наразылықтан кейін өрбіген жаппай зомбылықты айыптап, ресми Нұр-Сұлтанды "терроризм" айыбын оңды-солды тақпауға үндеген.

Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың Қаңтар оқиғасын шетелдік сарапшыларды қатыстыра отырып жан-жақты зерттеу туралы ұсынысын қабылдаған жоқ.

Қантөгістен кейін екі айдан соң "халыққа жолдауында" Тоқаев Қаңтар оқиғасын өзін қызметтен кетірмек болған кейбір жоғары лауазымды шенеуніктер, әскери және арнаулы мемлекеттік қызметтердің басшылары ұйымдастырған деп мәлімдеп, оларды "отанына опасыздық жасағандар" деп атады. Тоқаев ешкімнің аты-жөнін атамады, бірақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасарлары қаңтардан бері тергеу абақтысында қамауда отыр.

15 маусымда Ресейдің "Россия 24" мемлекеттік телеарнасына берген сұхбатында Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде өзіне "ұшаққа немесе тікұшаққа мініп, елден кету" туралы ұсыныс болғанын, бірақ оны тыңдамай, өз резиденциясында түнегенін айтты.

"Төңкеріс атаулының мақсаты – билікке басқа адамдардың келуі. Маған келсек, сол күндері осы жерде, президент резиденциясы ғимаратынан ешқайда шыққан жоқпын. Әрине, осында түнедім. Астанадан кетпейтінімді әу бастан айттым" деген Тоқаев "Россия 24" телеарнасы тілшісі Андрей Кондрашовке берген сұхбатында.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Назарбаевтың "дақ түскен" мұрасы, Тоқаевтың жауапкершілігі және Қаңтар төңірегіндегі жауапсыз сұрақтар"Қаңтар оқиғасы": Қаза болғандар тізімі. Азаттық арнайы жобаны таныстырды"Қаңтар құрбандарының қазасын билік дұрыс тексермей отыр". HRW мәлімдемесі мен үндеуі"Қаралау әдісі". Билік шеруге шыққандарға ақша төленгенін айтады, көпшілік сенбейді"Болашақта қайталануы мүмкін". Тергеудегі адамды азаптағандар жазасыз қала бере ме?