"Шекарасыз тілшілер" халықаралық ұйымы жыл сайынғы баспасөз еркіндігі рейтингін жариялады. Есепке сәйкес, Қазақстан сөз бостандығы индексінде бір жыл ішінде сегіз саты төмендеген. Былтыр 141-орында болса, биыл 180 елдің ішінде 149-қатарда тұр.
"ҚЫСЫМ КҮШЕЙДІ"
Журналистердің құқығын қорғау ұйымы Қазақстанда журналистерге "жалған ақпарат таратты" деген баппен іс қозғау жиілегенін айтады.
Сонымен қатар журналистерді қорқыту, аңду сияқты жағдайлар да кездесетінін, қазірдің өзінде бірнеше тілші кәсіби қызметі үшін қамауда отырғанын, кейбірінің қоғамнан оқшауланғанын мысал еткен. Ұйым мәліметінше, елде тәуелсіз БАҚ сайттарын бұғаттау жалғасып жатыр.
Есепте Қазақстанда журналистерге қарсы жанама қысым тәсілдері күшейгені де жазылған. Атап айтқанда, әлеуметтік желілерде медиа аккаунттарға жаппай шағым түсіру арқылы бұғаттау немесе контентті жойып жіберетін жағдай жиілеген дейді ұйым өкілдері.
– Биыл Қазақстан Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында көрсеткіші ең қатты төмендеген елдердің бірі болды. Әсіресе, қауіпсіздік пен әлеуметтік-мәдени көрсеткіштер бойынша жағдай күрт нашарлаған. Қазіргі уақытта бес журналист бостандығынан айырылып отыр. Бұл қорқыныш пен өзін-өзі цензуралаудың күшейгенін көрсетеді. Ақпаратты бақылау қалыпты жағдайға айналып отыр. Барған сайын қысым түрлері өзгеріп жатыр, – деді "Шекарасыз тілшілер" ұйымының өкілі Жанна Кавелье Азаттыққа.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Астанада журналистер елдегі сөз бостандығы жағдайын талқылады. Жиынға ЕО өкілі қатыстыХалықаралық ұйым есебіне Қазақстанның ақпарат және мәдениет министрлігі жария реакция білдірмеді. Азаттық радиосы есепте көтерілген мәселелер бойынша ведомствоға ресми хат жолдап қойды. Ал бұрынғы ақпара министрі, қазір сенат депутаты Дархан Қыдырәлі алаңдататын жайттар болғанымен, елдегі сөз бостандығы ахуалын жоғары бағалап отыр.
— Бізде сөз бостандығына Конституцияда кепілдік берілген. Ол жаңа Ата заңға да енгізілді, цензура жоқ. Сондықтан заң мен тәртіп қағидаты шеңберінде жұмыс жүргізіліп жатыр деп ойлаймын, — деді сенатор Азаттыққа.
Дархан Қыдырәлі "Шекарасыз тілшілер" ұйымының есебін көрмегенін айтты. "Кейде субъективті пікірлер болуы мұмкін. Журналистер қызметін жалғастырып жатыр" деді сенат депутаты. Дархан Қыдырәлі журналистерге қатысты істерді бақылап отыратынын айтты, бірақ кейде "бопсалау сияқты ойын жүргізетіндер болатынын", "кәсібилікті заң шеңберінен шығумен шатастырмау керегін" айтты.
— Заң шеңберінде жұмыс істеп жұрген журналистер ешқандай қысым көріп жатқан жоқ деп ойлаймын, — деді сенатор.
"ЖУРНАЛИСТЕРГЕ ҚАРСЫ СОТ ІСТЕРІ КӨБЕЙДІ"
Азаттық елдегі сөз бостандығы мәселесін, "Шекарасыз тілшілер" есебін "Құқықтық медиаорталық" баспасөзді қорғау ұйымы заң бөлімінің жетекшісі Гүлмира Біржановамен талқылады.
Азаттық: "Шекарасыз тілшілер" халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымының әлемдік сөз бостандығы индексінде былтырға дейін Қазақстан "сөз бостандығы ахуалы қиын елдер" (very difficult) қатарында болған. 2025 жылдан бастап ең ауыр категория "жағдай өте ауыр" (very serious situation) қатарына кірді. Бұл топта Ресей, Иран, Түркіменстан, Қытай, Солтүстік Корея сияқты ең еркін емес елдер бар. Сіздіңше, кейінгі екі жылда сөз бостандығы ахуалы қалай өзгерді?
"Құқықтық медиа орталық" ұйымының заңгері Гүлмира Біржанова (жеке архивіндегі фото)
Гүлмира Біржанова: Бұл тек менің пікірім емес деп ойлаймын, өйткені рейтингті дәлелдеудің қажеті жоқ. Біздің мемлекеттік органдар, атап айтқанда, Ақпарат және мәдениет министрлігі, құқық қорғаушылар "Шекарасыз тілшілер" рейтингіне сүйенгенді ұната бермейді. Дегенмен, бұл — Қазақстандағы сөз бостандығының қазіргі жағдайының нақты көрсеткіші деп есептеймін.
Біріншіден, сот тәжірибесі нашарлап барады. Яғни, журналистерге қатысты сот істері көбейді. Екіншіден, бұғаттау жағдайлары артты — сайттар да, жекелеген аккаунттар да жабылып жатыр. Үшіншіден, заңнаманың өзі де оң бағытта өзгеріп жатқан жоқ. Соңғы екі жылда қабылданған бірқатар заңдар, өкінішке қарай, журналистердің жағдайын нашарлатты.
Қазақстан бұрын бұл рейтингте қандай орындарда болғанын қарасақ, 2005 жылы, мәселен, Қазақстан 112-орында тұрған. Ал қазір көрсеткіш нашарлап, 180 елдің ішінде 149-орынға түскен. Яғни, 112 — салыстырмалы түрде жақсы болса, 149 — әлдеқайда төмен көрсеткіш.
Медиа-заңгер ретінде 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін, журналистерді қорғаумен айналысамын. Біздің ұйым журналистердің құқығын белсенді түрде қорғап келеді. Кейінгі екі жылда жағдай айтарлықтай нашарлағанын көріп отырмыз. Шынын айтсам, мұның нақты себебін біржақты түсіндіру қиын. Мүмкін, біз үнемі саяси реформалардың өтпелі кезеңінде жүрміз бе — бірде сайлау, бірде билік ауысуы. Бірақ кез келген саяси реформалар кезеңінде ең алдымен журналистердің жағдайы нашарлай бастайтын бір заңдылық байқалады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ботагөз Омарованың ісі: декриминализациялау туралы үндеу және министрдің реакциясыАзаттық: Қазақстан 180 елдің ішінде былтырғы 141-орыннан 149-орынға түсіпті. Бір жылдың ішінде бірден 8 саты түсуіне объективті себептер бар ма?
Гүлмира Біржанова: Әрине, бар. Өйткені біз, дәлірек айтсақ, сіздер — журналистер "жарылғыш үстінде отырғандай" жағдайдасыздар. Яғни, журналистерге қатысты істер де, түрлі талап-арыздар да көбейіп келеді. Бұл көбіне "жалған ақпарат тарату" баптарын қолданатын мемлекет тарабынан ғана емес, жеке және заңды тұлғалар да осы үрдіске атсалысып жатыр, журналистерге қарсы талап қоюға болады деп ойлай бастады. Көп жағдайда олар журналистің ерекше мәртебесі бар екенін, оның кәсіби міндетін атқарып отырғанын ескермейді. Соның салдарынан жалпы сот тәжірибесі нашарлап барады. Сот істерінің саны артты — бұл да сол тенденцияның нақты дәлелі.
Азаттық: Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева "Шекарасыз тілшілердің" бұған дейінгі рейтингіндегі бағалау тәсілдеріне күмәнмен қарап, "бағалау әдістері де, рейтингтер де әртүрлі болады" деген еді. Бұл рейтингтің бағалау критерийлері, оны саралау әдістері қаншалық объективті, негізді деп ойлайсыз?
Гүлмира Біржанова: Бұл рейтинг бойынша сауалнамаларға бірнеше жылдан бері қатысып келемін. Мақсатым — Қазақстанды нашар көрсеткіште көрсету емес. Біз — өз еліміздің патриотымыз. Қазақстанда сөз бостандығы көбірек болсын дегенде, біз елде бәрі жаман деп айтпаймыз. Керісінше, Қазақстанда демократия нығайғанын қалаймыз.
Оның үстіне сөз бостандығы тек журналистер үшін емес — бұл барша қоғам үшін маңызды. Бірақ бұл аргументті жиі естимін. Парламентке барғанда да, жұмыс топтарында да, осы рейтингті мемлекеттік органдарға көрсетіп, "Қараңыздар, көрсеткіштеріміз нашарлап жатыр" дейміз. Дегенмен үнемі "бұл рейтинг объективті емес" деген жауап аламыз. Алайда бұл рейтингті бүкіл әлем мойындап, барлық елдер соған бағдар ұстайтынын айта кету керек. Егер ол объективті емес болса, онда бұл барлық елге бірдей қатысты болуы керек қой. Ал нақты нәтижелерге қарасақ, рейтингінің жоғарғы орындарында көбіне Еуропа, әсіресе, Скандинавия елдері тұр. Финляндия, Швеция алдыңғы орында. Литва сияқты елдер алғашқы ондықтарға кірген. Тарихи тұрғыда бізге жақын елдер болса да, олар жоғары позицияда. Меніңше, бұл — рейтингінің шынайы әрі объективті екенін көрсететін дәлелдің бірі.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Жағдай өте күрделі". Орталық Азия мемлекеттері еркін сөзді басып-жаншып отырАзаттық: Картаға қарасақ, төңіректе басқа түстегі, сөз бостандығы ахуалы көшілгері бірде-бір ел жоқ. Солтүстікте – соғыстың әсерімен сөз бостандығы түгіл мессенджерлердің өзін бұғаттап жатқан Ресей, шығысымызда – коммунистік Қытай, оңтүстігімізде Түркіменстан, Өзбекстан, Қырғызстан тұр. Айтпақшы, Қырғызстан да биыл осы ең ауыр категорияға кіріпті. Бәлкім, сөз бостандығын бұлайша шектеудің геосаяси, аймақтық түсіндірмесі бар шығар?
Гүлмира Біржанова: Иә, мен де жуырда осы туралы ойландым: Қазақстанда сөз бостандығы қаншалықты нашарлап бара жатыр? Бірақ бұл тек Қазақстанға ғана тән құбылыс емес, жалпы мұндай үрдіс әлемде байқалады. Сондықтан бізде бәрі жаман, ал басқа жерде бәрі жақсы деп айта алмаймыз. Бұл — жаһандық саяси тренд, түрлі саяси оқиғалар мен реформаларға байланысты қалыптасып отыр. Мысалы, АҚШ-тағы процестердің өзі басқа елдерге, соның ішінде біздегі сөз бостандығына белгілі бір деңгейде әсер етеді.
Орталық Азияны алсақ, шамамен үш жыл бұрын Қырғызстан сөз бостандығы бойынша өңірдегі алдыңғы қатарлы ел ретінде қарастырылатын. Ол бір жағынан "еркіндік аралы" сияқты еді: журналистерге қылмыстық іс қозғамайтын, пікірін ашық айтуға мүмкіндік бар болатын. Бірақ кейін саяси жағдай өзгеріп, олар да едәуір кері шегінді. Жалпы Орталық Азиямен салыстырғанда, Қазақстанда сөз бостандығы сәл болса да жақсырақ деуге болады. Әйтпесе біз қазір осылай ашық сөйлесе алмас едік. Бірақ соған қарамастан, Қазақстан әрдайым дамуда Ресей немесе Қытай емес, керісінше алдыңғы қатарлы демократиялық елдерді үлгі етуі керек деп есептеймін. Оның үстіне президент айтып жүрген бағыт сол ғой.
Азаттық: Қазақстанға баға берген "Шекарасыз тілшілер" "заң қатаңдап, медиаға жанама қысым күшейе түсті, репрессияшыл саясат онлайн ақпараттық кеңістікті де қамти бастады, баспасөзге қарсы қылмыстар жазасыз қалып отыр" деп сипаттайды. Мұндай қорытындыны сарапшылар қандай негізге сүйеніп жасайды, оларға Қазақстаннан кім кеңес береді?
Гүлмира Біржанова: Бұл рейтингіге қатысатын сарапшылар туралы ақпарат жабық. Яғни, оны айтқым келмейді емес, шын мәнінде өзім де нақты кімдер екенін білмеймін. Сауалнамалар сөз бостандығы мәселесімен айналысатын адамдарға — құқық қорғаушыларға жіберіледі. Олардың қатарында журналистер де, мемлекеттік орган өкілдері де болуы мүмкін. Яғни, бұл — әртүрлі санаттағы сарапшылар. Бірақ нақты кім екені жарияланбайды. Мен сарапшы ретінде қатысамын. Жалпы, бұл рейтинг жеткілікті түрде объективті деп есептеймін. Өйткені онда қойылатын сұрақтар қарапайым "иә" немесе "жоқ" форматында емес. Жауаптар аясы кең: бейтарап нұсқа бар, "келіспеймін, себебі…" деген сияқты түсіндірмелі жауаптар қарастырылған. Яғни, тек "сөз бостандығы нашарлады ма — иә/жоқ" дегендей қарапайым бағалау емес, әлдеқайда тереңірек талдауға мүмкіндік береді. Сондықтан бұл рейтинг, шын мәнінде, сапалы әлеуметтік сауалнамаға ұқсайды. Сараптамалық деңгейі жоғары, жүйелі түрде жүргізілетін зерттеу деп айтуға болады.
Азаттық: Қазақстан неліктен мұндай рейтингтерді мойындағысы келмейді?
Гүлмира Біржанова: Меніңше, жалпы Қазақстан өз ішінде адам құқықтарының бұзылатынын мойындауға дайын емес. Бұл тек сөз бостандығына ғана қатысты емес. Мысалы, бейбіт жиналыстар өткізу құқығын алсақ, оны жүзеге асыру өте қиын. Діни сенім бостандығы да белгілі бір шектеулерге тап болады. Яғни, мәселе жалпы адам құқықтарына қатысты.
Біз қазір тек "Шекарасыз тілшілер" рейтингін талқылап отырмыз, ол тек сөз бостандығына қатысты. Бірақ жалпы адам құқықтарына байланысты басқа да халықаралық рейтингтер бар. Өкінішке қарай, Қазақстанның ол жерде де жағдайы мәз емес. Кей көрсеткіштер бойынша кері кету байқалады.
Неліктен мойындағысы келмейді? Бұл сұрақ бұрын да қойылған. Мысалы, кезінде министр Аида Балаева Жәмила Маричеваның кейсіне қатысты "Біз тек Қазақстан Республикасының заңдарын бұзбайтын журналистерді қорғаймыз" деген еді. Осы ұстанымға сүйене отырып, ресми түрде "бізде сөз бостандығы бар" деген тұжырым жасалады. Бірақ іс жүзінде не болып жатқанын бәріміз көріп отырмыз.
Әрине, пессимист болғым келмейді. Дегенмен, мысалы, Азаттыққа қатысты сот процесі бір жылдан бері жалғасып келеді. Бұл да жағдайдың күрделі екенін көрсетеді. Соған қарамастан, позитив ойлауға тырысамын.
Алайда, егер қазіргі тенденция сақталса, келесі жылғы рейтингіде Қазақстанның көрсеткіші одан әрі төмендеуі мүмкін деген қауіп бар. Жылдың өзі-ақ референдуммен байланысты қысымдардан басталды, журналистерге сауалнама жүргізгені үшін де түрлі шаралар қолданылған жағдайлар болды. Бар-жоғы 4 ай өтсе де, өкінішке қарай, шынайы сөз бостандығына қарай беталыс жоқ сияқты.