Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюросы (ҚАҚХБ) бұрынғы православие діни священнигі Иаков Воронцовты психоневрологиялық диспансерге мәжбүрлі түрде жіберу туралы сот шешімін сынға алып, Қазақстан билігін оның құқықтарын қалпына келтіруге шақырды.
Алматының тергеу соты 18 мамырда Иаков Воронцовты бір айға Талғар ауданындағы психиатриялық мекемеге сараптамадан өтуге жіберу туралы қаулы шығарған. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Адвокаттар апелляцияға шағым түсірген.
Құқық қорғаушылардың мәлімдеуінше, Воронцовқа қатысты тергеу мен сот процесінде қылмыстық іс жүргізудің негізгі қағидаттары бұзылған. Бюро сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында тараптардың теңдігі мен бәсекелестігі сақталуы тиіс екенін атап көрсеткен. Бұған қоса бюро Воронцовтың келісімімен тәуелсіз сот-психиатриялық сараптама жүргізуді және Қазақстанға қатысты БҰҰ Адам құқықтары комитетінің ұсынымдарын орындауды талап еткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Сот Воронцовты психиатриялық сараптамаға жіберу туралы қаулы шығардыИаков Воронцов — 2022 жылы Ресей әскерінің Украинаға кең ауқымды басқыншылығын ашық айыптаған Орыс православие шіркеуінің санаулы діни қызметкерлерінің бірі. Ол Қазақстанда Мәскеуге бағынбайтын тәуелсіз православие шіркеуін құру бастамасын көтергеннен кейін қысымға ұшырағанын мәлімдеген. Ақпанда Воронцов алдымен әкімшілік іс бойынша 10 күнге қамалып, кейін қылмыстық іс аясында қайта ұсталған.
23 ақпанда оған Қылмыстық кодекстің 302-бабы ("есірткі притонын ұйымдастыру") және 296-бабы ("есірткі сақтау") бойынша айыптар тағылып, 72 сағатқа қамауға алынған. Кейін сот оны екі айға тергеу изоляторына қамау туралы шешім шығарды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Бұрынғы дін қызметшісі Иаков Воронцовтың қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылдыВоронцов өзіне тағылған айыптарды теріске шығарып келеді. Әкімшілік қамауда отырған кезде жазған хатында ол пәтеріне есірткі әдейі тасталғанын және өз үйінде "есірткі притоны" болуы мүмкін емесін айтып, бұл істі тәуелсіз православие шіркеуін құру талпынысымен байланыстырған.
Қорғаушылары Иаков Воронцовтың денсаулығына байланысты оның бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе кепілге ауыстыруды сұрағанымен, сот ол өтінішті орындамады.
Бұған дейін Иаков Воронцов өзіне қарсы қозғалған "экстремизм" ісі тоқтатылғанын айтқан. Сондай-ақ ол Алматы қаласының әділет департаментін діни бірлестікті тіркеуден заңсыз бас тартты деп сотқа берген. Воронцов Қазақстандағы қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты ашық сыни пікірлерімен танылған. 2023 жылы Ресей православие шіркеуі оны діни қызметтен шеттеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
АҚШ комиссиясы абақтыда отырған Иаков Воронцовты сенім-нанымы үшін қудаланғандар тізіміне қостыНаурыз айында АҚШ-тың халықаралық діни бостандық жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Иаков Воронцовты сенімі үшін қудаланған адамдар тізіміне енгізді.
Қазақстандық бюро Иков Воронцов туралы мәлімдемесінде БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетінің 2019 жылғы 28 қазандағы "Зинаида Мухортова Қазақстанға қарсы" ісі бойынша қабылдаған шешімін еске салған. Балқаштық адвокат Мухортова бірнеше рет психиатриялық емханаға мәжбүрлі түрде жатқызылған. Human Rights Watch, Халықаралық заңгерлер комиссиясы және қазақстандық құқық қорғаушылар оның ісін кәсіби қызметіне бола психиатрияны қысым құралы ретінде пайдаланудың мысалы деп бағалаған. Мухортова жергілікті билікке қарсы шағымдарынан кейін бақылауға алынып, кейін Қазақстаннан кетуге мәжбүр болған.