Құрылтайға "Әділет" партиясынан ұсынылған тізімде Тоқаевтың жиені де, ескі Amanat мүшелері де бар

"Әділет" партиясының кезектен тыс 3-сиезі делегаттары. Астана, 10 шілде, 2026 жыл.

Астанада кезектен тыс 3-сиезін өткізген "Әділет" партиясы Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде 186 адам енген тізімді бекітіп, сайлауалды бағдарламасын қабылдады. Тізімде ел президентінің жиені де, бұрынғы билік партиясына мүше болғандар да жүр.

10 шілде күні Астанада өткен кезектен тыс 3-сиезінде "Әділет" партиясы алдағы айда өтетін Құрылтай сайлауына партиядан ұсынылған кандидаттар тізімін бекітіп, Ақорданың саясатын қолдайтын жаңа саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасын қабылдады.

"Әділет" партиясынан Құрылтай депутаттығына ұсынылған 186 адамнан тұратын тізімде осы саяси ұйымның төрағасы, мұның алдында Қазақстан президентінің әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай, Forbes Kazakhstan басылымы қазақстандағы бай кәсіпкерлер тізіміне қосқан Шахмұрат Мүтәліп, "Qarmet" және "Allur" компанияларының жетекшісі Андрей Лаврентьев, өткен айдың соңында өкілеті аяқталған ескі парламентте депутат болған Асхат Аймағамбетов, Жанарбек Әшімжан, Айдос Сарым, Ерлан Сайыров, Снежанна Имашева, Сергей Пономарев, Максим Рожин, "Әділ сөз" қорының президенті Қарлығаш Жаманқұлова, "Қазақ тілі" қорының жетекшісі Рауан Кенжеханұлы, "Президент" хабарын жүргізуші Әділ Балтабаев, журналист Ирина Тен, оқу ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және басқалар бар.

Your browser doesn’t support HTML5

Қарин, министр, Тоқаевтың жиені. "Әділет" партиясы Құрылтайға кімдерді ұсынды?

Олармен бірге "Әділет" партиясы тізіміне бұған дейін мемлекеттік кеңесші (бұрынғы мемлекеттік хатшы қызметі) қызметін атқарған, жаңа Конституция күшіне енер қарсаңда президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары лауазымына тағайындалған Ерлан Қарин де енді.

Сондай-ақ Құрылтай сайлауына "Әділет" партиясынан ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Дана Медеуова да түскелі отыр. Ол – Тоқаевтың қарындасы Қарлыға Ізбастина мен оның күйеуі, бұрын Қазақстанның Болгариядағы елшісі болған дипломат Теміртай Ізбастинның қызы.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Еркіндік қанаты" қоры Құрылтай сайлауын бақылауға қатыспайтынын мәлімдеді

Биыл көктемде президент Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын қолдайтынын мәлімдеген бір топ адамның бастамасымен құрылған жаңа саяси партия көп ұзамай ресми тіркелген соң билік партиясы Amanat-ты өзіне қосып алған. 1999 жылы елдің бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабы негізінде партияға айналған Amanat партиясы (бұрын "Отан", "Нұр Отан" деп аталған) ширек ғасыр бойы елде басым саяси күш саналып келген.

Президент Тоқаевтың бастамасымен биыл наурызда өткен жалпыұлттық референдумның ресми қорытындысы бойынша жаңадан қабылданған Конституцияға сай, енді 145 депутаттан тұратын бір палаталы парламент – Құрылтай құрылады. Алғашқы Құрылтай сайлауы 23 тамызға белгіленген.

Қазақстанда 1995 жылы тамыз айының аяғында қабылданып, биылғы 1 шілдеге дейін күшінде болған бұрынғы Конституция бойынша, елде отыз жылдан астам уақыт екі палата – мәжіліс пен сенаттан тұратын парламент жұмыс істеп келді. Соңғы мәжілістің 69 депутаты партиялық тізіммен, ал 29 депутат – бір мандатты округтерден сайланған еді. Сенаттың 40 депутатын аймақтар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат депутаттары сайлап, 10 депутатты президент тағайындайтын.

Биылғы шілденің басынан күшіне енген жаңа негізгі заңға сәйкес, Құрылтай депутаттары партиялық тізіммен ғана сайланады, ал бір мандатты округтерден депутат сайлау ережесі кезекті рет жойылды.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы Құрылтай сайлауына елде ресми тіркелген жеті партия қатысатынын мәлімдеген. Қазіргі дейін олардың барлығы кезектен тыс сиездерін өткізіп, партиядан ұсынылатын кандидаттар тізімін бекіткен. Көпшілігі партия басшылығын жаңартқан.

Отыз жыл жоғарғы заң шығарушы билік органы болған ескі парламенттің ақырғы жиынында сөйлеген сөзінде президент Тоқаев Amanat партиясы мен басқа саяси күштердің бірігуін реформаларға серпін беретін қадам деп атап, алдағы сайлаулар ашық әрі бәсекелі өтуі тиіс деп мәлімдеген.

Ал тәуелсіз талдаушылар бұл жеті партияның "бір-бірінен айырмашылығы шамалы" деп есептейді.

Сарапшылар алғашқы Құрылтай сайлауы елде авторитаризм нығайып, билікке шынайы бәсеке болатын саяси күш қалыптастырғысы келген белсенділер партияларын жылдар бойы тіркете алмай машақат көріп, оппозициялық көзқарастағы азаматтарды саяси астармен қудалау жалғасып жатқан шақта өткелі жатқанын айтады. Үкімет Қазақстанда азаматтардың құқықтары мен еркіндігі заң жүзінде қорғалған, елде ешкім саяси пікір-көзқарасына бола қудаланбайды дейді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ЖСДП атынан Құрылтай сайлауына 33 адам түсетін болды"Ауыл" партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидаттар тізіміне 69 адам ендіҚұрылтай сайлауы алдында қазақстандық партиялар бір-бірін сынады"Ақ жолдың" партиялық тізіміне 63 адам ендіRespublica-ның партиялық тізіміне 76 адам енді