Алғашқы Құрылтай мүшелері: 145 депутатқа куәлігі мен төсбелгі тапсырылды

Орталық сайлау комиссиясы жаңа Құрылтай құрамына бес партиядан ұсынылған 145 адамды депутат етіп тіркеді. Тиісті куәлік пен төсбелгі алғандар арасында бұрын мәжіліс пен сенат мүшесі болғандар да, алғаш рет депутат атанғандар да бар. Құрылтайға президенттің жиені де өтті.

Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың мүшелері

27 тамызда Астанада Орталық сайлау комиссиясы бірінші шақырылымдағы Құрылтай құрамына өткен бес партиядан ұсынылған 145 адамды депутат ретінде тіркеп, тиісті куәлік мен төсбелгіні табыс етті.

"Орталық сайлау комиссиясы тіркеген сәттен бастап өкілеттеріңіз күшіне енеді. Енді сіздер елдегі заң шығарушы билікті жүзеге асыратын жоғарғы өкілді орган – Құрылтайдың депутатысыздар", – деген ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров.

Сайлаудың ресми қорытындысына сәйкес, өзара бәсекеге түскен жеті саяси партияның бесеуі: биыл жаңадан құрылған "Әділет" партиясы мен бұрын да парламентте болған "Ауыл", Respublica, "Ақ жол" мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өткен еді. Осы партиялардан Құрылтай депутаты болып сайланған 145 адамның 36-сы бұрынғы парламентте мәжіліс және сенат депутаты болғандар.

Құрылтайдағы 145 депутаттың 49-ы, яғни 33,8 пайызы – әйел. Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұған дейін олардың үлесі осынша көп болмаған.

Алғашқы Құрылтай құрамына 18 жас депутат енді (12,4 пайыз), осылардың ең жасы да әйел – 27 жаста. Ал ең үлкен депутаттың жасы 65-те. Екеуі де "Әділет" партиясынан сайланған.

"Әділеттен" басқа төрт партия өз атынан бір палатадан тұратын Құрылтайда депутат болуға лайық деп ұйғарған адамдарының аты-жөнін бір күн бұрын, 26 тамызда жариялап тастаған. Олардың арасында кейбірі бұған дейін де парламент депутаты болған.

Құрылтай сайлауына қатысқан партиялардан сайланған депутаттар

Сайлауға қатысқан партияларПартия атынан сайлауға түскеніҚұрылтай депутаты болғаныБұрын парламент мүшесі болғаныҚолдау білдірген сайлаушылар үлесі
"Ауыл"691016,26%
"Ақ жол"63835,21%
"Әділет"1861102471,17%
ЖСДП33835,11%
Respublica75955,56%
Барлығы4261453693,31%

Осы сайлауға 72 кандидатын ұсынған Қазақстан халық партиясы (коммунистер) мен 47 кандидат қосқан "Байтақ" жасылдар партиясы Құрылтайға өтуге қажет бес пайыздық межеден аса алмағандықтан, оларға парламенттен орын бұйырмады.

Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы оныншы парламент сайлауында, ресми мәлімет бойынша, сайлау құқығына ие 12,6 миллион қазақстандықтың 9 351 539-ы немесе 74,08 пайызы дауыс берген. Оның 2,51 пайызы "Бәріне қарсымын" деген жауапты таңдап, өз еркін білдірген. Қазір Қазақстан заңы бойынша, дауыс беруге неше сайлаушы қатысқанына қарамастан сайлау өткен болып саналады.

Бұдан бір күн бұрын, Құрылтайға өткен партиялар өз қатарынан кім депутат болатынын жарияламай тұрып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа Құрылтайдың 28 тамыз күні сағат 11-де Астана қаласында басталатыны туралы жарлық шығарып тастаған.

Президент Тоқаевтың бастамасымен биыл 15 наурызда өткен референдумның ресми қорытындысы бойынша қабылданған жаңа Конституцияға сәйкес, президент Құрылтайдың келісімімен Конституциялық соттың, Орталық сайлау комиссиясының және Жоғарғы есеп палатасының басшылығын тағайындайды. Құрылтайдың мақұлдауын қажет ететін тағы бір лауазым – вице-президент. Жаңа Конституцияға сай, вице-президентті президент тағайындайды және босатады, оның қызмет міндеттерін де президент анықтайды. Ал мемлекет басшысы қайтыс болған немесе қызметінен кеткен жағдайда, Конституцияға сәйкес, оның өкілеті вице-президентке өтеді.

Ескі де жаңа депутаттар

Сайлауға дейін "Ауыл" мен "Ақ жол" партияларының жетекшілері ауысқан. Көп жыл бойы "Ақ жол" партиясын басқарып, осы партиядан бірнеше рет парламент депутаты болған Азат Перуашевтің орнына Дәния Еспаева келді. Шілденің соңында тараған парламент мәжілісінде төрағасының орынбасары болған Еспаева бұл жолы партия атынан Құрылтай депутаты болып сайланды. Жалпы осы жолы "Ақ жолдан" Құрылтайға сайланған сегіз депутатының үшеуі бұрынғы Мәжіліс депутаттары.

Өткен айдың басында "Ауыл" партиясы басшылығына келген Қайрат Айтуғанов та осы ұйымнан Құрылтайға сайланған он депутаттың бірі. Бұл он адамның біреуі бұрын мәжіліс депутаты болған. Тағы екі адам бұрын Ауыл шаруашылығы министрлігінде лауазымды қызмет атқарған.

Тағы екі саяси партия – Respublica және ЖСДП Құрылтайға басшы ауыстырмай еніп отыр. Respublica партиясынан Құрылтайға өткен тоғыз адамның бесеуі – бұрынғы мәжіліс депутаттары, тағы екеуі Түркістан облыстық және Алматы қалалық мәслихаттарда депутат болған. ЖСДП атынан Құрылтайға енген сегіз адамның үшеуі бұрын Мәжіліс депутаты болған. Тағы үш адам партия аппаратында жұмыс істеген.

Ал биыл көктемде Қазақстанның саяси сахнасына жаңадан қосылған "Әділет" партиясы жаңа Құрылтайдан 110 орын иеленіп, басым күшке айналып шыға келді. Бұл тұрғыда жаңа ұйым құрыла сала өзіне қосып алған, кейінгі ширек ғасырдан бері Қазақстанда биліктің негізгі саяси тірегі болған Amanat (NurOtan) партиясын алмастырғандай болып отыр.

"Әділет" төрағасы Айбек Дәдебай осы партия құрылғанға дейін Қазақсан президентінің әкімшілігін басқарған. Онымен бірге алғашқы Құрылтай қатарына өткендердің арасында бұған дейін парламент депутаты, оның алдыннда білім министрі болған Асхат Аймағамбетов, бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың соты кезінде көпке танылған бұрынғы прокурор Айжан Аймағанова, бұрынғы депутаттар Айдос Сарым мен Ерлан Сайыров, "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау қорының бұрынғы президенті Қарлығаш Жаманқұлова, сондай-ақ ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жиені Дана Медеуова және басқалар бар.

"Әділет" тізімі бойынша Құрылтайға сайланған 110 депутатының 24-і бұрынғы парламентте сенат немесе мәжіліс мүшесі болған. Президент әкімшілігінде істеп келген Абай Алтай мен Ербол Адаев, Қазақстанның Солтүстік Македониядағы бұрынғы елшісі Сатыбалды Бұршақов, қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Дархан Ахмедиев те Құрылтай депутаты атанды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бірінші шақырылымдағы Құрылтай депутаттарының тізімі

Қазақстан билігі, сондай-ақ ТМД, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы сияқты халықаралық ұйымдардан және бірқатар шет мемлекеттерден сайлауды бақылауға қатысқан байқаушылар алғашқы Құрылтай сайлауы заңға сәйкес өтті деп баға берді.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) миссиясының өкілдері 24 тамызда көпшілікке таныстырған алдын ала қорытындысында сайлауға түскен партиялардың бәрі қазіргі президенттің саясатын қолдағандықтан, айқын саяси балама болмағанын, соның салдарынан саяси таңдау мүмкіндігі шектелгенін атап өтті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Алғашқы Құрылтай сайлауы: президент саясатын қолдайтын партиялар өзара жарысқан науқан