Астана халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) соты ресейлік "Газпром" компаниясын Украинаның "Нафтогаз" ұлттық компаниясына 1,4 миллиард доллардан астам ақша төлеуді міндеттеген Халықаралық арбитраж сотының (ICC) шешімін қуаттайтыны жайлы бұған дейін өзі шығарған шешімнің күшін жойды.
Соттың веб-сайтында жарияланған қорытынды шешімде судья Лорд Фолкс ICC шешімін мойындауға және орындауға АХҚО-ның заңды құзыреті жоқ деп көрсеткен және судья Эндрю Спинктің бұйрығын жойған.
Лорд Фокс АХҚО юрисдикциясы заңда тікелей қарастырылған даулар санаттарына ғана қолданылатынын айтқан. Ол "Газпром" мен "Украина Нафтогазы" арасындағы дау қаржы орталығы сотының құзыретіне кірмейді деп мәлімдеді. Ал арбитраж шешімдерін мойындау туралы ережелер кез келген халықаралық арбитражға емес, көбіне АХҚО арбитраж орталығының шешімдеріне ғана қолданылады, деді судья.
Бұған қоса сот судья Спинктің бастапқы шешімді "Газпромның" қатысуынсыз және оны алдын ала хабардар етпей шығарғанын айтты. Істі қайтадан қараған кезде сот екі тараптың да уәждерін тыңдап, ICC шешімін орындауға өкілеті жоқ екені туралы ұйғарымға келген.
Бұған дейін Қазақстанның әділет министрі Ерлан Сәрсембаев АХҚО сотының шешімі Қазақстанда орындалмайтынын мәлімдеген еді. Оның сөзінше, бұйрық жауапкердің қатысуынсыз біржақты түрде шығарылған. Бұған қоса шенеунік Қазақстан заңында елдің немесе АХҚО сотының юрисдикциясына қатысы жоқ шешімдерді орындаудың заңды тетіктері қарастырылмағанын айтқан.
Компаниялар арасындағы дау Украина арқылы ресейлік газ транзиті туралы 2019 жылғы келісімшартқа байланысты туған. 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін Сохрановка газ өлшеу станциясы арқылы өтетін газ транзиті тоқтатылды. Украина газды басқа жер – Суджа станциясы арқылы айдауды жалғастыратынын мәлімдеген еді.
"Газпром" келісім шарттары бұзылды деп мәлімдеп, транзит үшін толық төлем жасаудан бас тартқаннан кейін "Нафтогаз" оған қарсы талап арызбен Швейцарияда орналасқан Халықаралық арбитражға жүгінген.
2025 жылғы маусым айында ICC "Газпромды" украиналық компанияға қарыз бен үстеме қаржыны және арбитраж шығындарын төлеуге міндеттеп шешім шығарған. 2026 жылғы қаңтарда Швейцарияның федералдық трибуналы Ресей тарапының апелляциясын қанағаттандырмай, бастапқы шешімді күшінде қалдырды.
Осыдан кейін "Нафтогаз" "Газпромнан" алашағын қайтарып алу үшін әртүрлі юрисдикциялардағы соттарға арыздана бастаған. Қазақстан сот бұл дау бойынша осыған дейін халықаралық арбитраж шығарған шешімді АХҚО жүйесі арқылы орындауға рұқсат берген алғашқы ел болды. Бірақ қазір АХҚО соты сол шешімін өзі жойып отыр.