2 маусым күні Астана қаласының соты "ұрып-соғу" бабы бойынша айыпталған Feminita белсендісі Жанар Секербаеваның апелляциялық шағымын қарады. Тараптарды тыңдаған судья түстен кейін шағымды қанағаттандырмау туралы ұйғарымын жария етті. Енді алғашқы инстанция сотының шешіміне сәйкес, Секербаева 173 мың теңге (40 АЕК, 373 АҚШ доллары шамасында) айыппұл төлеуі керек.
– Әрине, шағымым қанағаттандырылып, ғажайып болады деп күткен жоқпыз. Дегенмен адам болған соң заңға, құқыққа, мемлекет демократиялық жолды ұстануға тырысады дегенге сенгің келеді. Бірақ бүгінгі соттың үкімі – ЛГБТ қауымдастығына, лесби ретінде маған жасалып жатқан қысымның жалғасы. Өйткені бұл істің менің жыныстық ерекшелігім үшін жасалып жатқан қысым екенін үнемі айтып келемін, – деді Жанар Секербаева.
Feminita белсендісі өзін жазықсызбын деп есептейді.
– Қылмысты мен жасаған жоқпын, керісінше, маған қарсы қылмыс жасалды. Бірінші сатыдағы сот пен іс материалдарын қарасаңыз, мұны түсіну қиын емес. Өйткені онда менің Зиуарды ұрғанымды дәлелдейтін ешқандай айғақ жоқ. Барлық айыптау тек оның сөзіне және 2025 жылы тамыз айының соңында Қоянды ауылында алған дене жарақатына ғана негізделген, – деді ол.
Қылмыстық іске түрткі болған оқиға былтыр күзде Астанадағы дәмханалардың бірінде болған. Секербаева мен оның әріптесі Темірлан Баймаш ЛГБТИК+ қауымы өкілдерімен кездесу өткізбек болғанда оларға қарсы бір топ белсенді кафеге барып, дау шығарған. Кейін солардың бірі – "Өнерпаз ұрпақ" ұйымының төрайымы Зиуар Жұманова ЛГБТ белсенділерінің үстінен арызданған. Артынша полиция Секербаеваны ұстаған.
Кейінірек Жанар Секербаеваның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол сотқа жетті. Сәуірде сот Секербаеваны айыпты деп танып, айыппұл салды.
Құқық қорғаушылар кейінгі айларда Қазақстанда ЛГБТ қауымы өкілдерінің өмірі қиындағанын, оған былтыр желтоқсанда "дәстүрлі емес жыныстық бағытты насихаттауға" тыйым салатын заң қабылданғаны себеп болуы мүмкін екенін айтады. Биыл наурызда күшіне енген бұл заң ЛГБТ белсенділері мен олардың құқығын қорғаушыларға қылмыстық қудалау қаупін төндіреді дейді олар. Қазақстан билігі заң адамдардың жеке өміріне немесе ЛГБТ өкілі болу құқығына тыйым салмайды, тек ақпараттық кеңістіктегі жария насихатты шектейді деп түсіндіреді.