"Аусылға ұқсайды". Ресей мен Орталық Азия биліктері мал ауруының шынайы себебін жасыра ма?

Ресейдің кей өңірінде елдің қолындағы ірі қара малды жаппай жою жалғасып жатыр. Жұрттың наразылығын тудырған шараны билік пастереллез, құтыру ауруымен байланыстырады. Бірақ кейбір мамандар аусыл індеті шыққан болуы мүмкін дейді. Осыған ұқсас мал ауруы Орталық Азия елдерінде де байқалып отыр.

"Мал ашуы – жан ашуы"

Жексенбі, 29 наурыз күні Ресейдің Новосибирск қаласында ондаған адам биліктің фермерлерден ірі қара малын тартып алып, жаппай жоюына наразылық білдірді. Олар ел арасында гайд-парк аталып кеткен алаңға "жазалаушы ветеринарияға" қарсы ұрандар жазылған плакаттар ұстап жиналды.

Шараны ұйымдастырушы Сергей Крупеньконы акцияға бара жатқан жерінен полиция ұстап әкеткенін Ресей коммунистік партиясы (интернационалистер) белсенділері хабарлады . Кейінірек мәлім болғандай, полиция Крупенконы жергілікті биліктің келісімін алмай 1 наурызда митинг өткізген деген айыппен сотқа дейін 48 сағатқа ұстаған.

Куәгерлердің айтуынша, митинг өтеді деп жоспарланған саябаққа билік қар күреуге трактор жіберген. Полиция жиналған жұртқа "қар тазалау басталған сәттен бастап митинг заңсыз болып есептеледі" деп ескерткен. Осыдан кейін наразылар саябақтың кіреберісіне барып, акцияны сол жерде жалғастырған. Бұл жолы ешкім ұсталған жоқ.

Ресейде мал арасында аусыл індеті тараған болуы мүмкін деген әңгіме айтылғалы біраз уақыт болды. Елдің кемінде 10 өңірде билік фермерлердің малын жаппай тәркілеп, жойып жатыр. Бұған наразы болған шаруалар президент Владимир Путинге үндеу жолдап, жәрдем сұрады, оларға тіпті шоу-бизнес жұлдыздары да қолдау білдірді, бірақ әзірге еш нәтиже жоқ. Жойылған жануар саны 100 мыңнан асып кетті, ветеринария қызметтері күштік құрылымдардың көмегімен фермерлерді аралап, малды тәркілеп жүр. Ауыл тұрғындары өлтірілген жануарлар өртеліп жатқан жерден көтерілген қара түтінді видеоға түсіріп, жариялап жатыр.

Биліктің ресми түсіндірмесінде мал арасында пастереллез бен құтыру өршігеніне байланысты карантин шаралары енгізілгені айтылған. Мал дәрігерлері пастереллез қабыну туғызатын, ал ауыр түрі сепсис пен некрозға ұласатын аса жұқпалы ауру екенін айтады. Пастереллезді антибиотиктер көмегімен емдейді, малдан адамға өте сирек жағдайда жұғады және адамнан адамға жұқпайды.

Ресейлік кейбір ветеринар мамандардың пікірінше, ауру малға қатысты қолданылып жатқан шаралар аусыл індеті кезінде жасалатын іс-әрекетке толық сәйкес келеді.

Новосибирск облысы төтенше жағдайлар комиссиясының құжаттарында "аса қауіпті жануарлар ауруы" кең тарап отырғаны айтылған, бірақ нақты қандай ауру екені көрсетілмеген. Індеттің себебін 2026 жылғы 24 ақпаннан бастап Ресейден үй жануарлары мен ауыл шаруашылығы өнімдері импортына уақытша шектеу енгізген Қазақстан билігі де айтқан жоқ.

Ресейлік кейбір ветеринар мамандардың пікірінше, қолданылып жатқан шаралар аусыл індеті кезінде жасалатын іс-әрекетке толық сәйкес келеді. Әйткенмен бұл туралы ресми түрде ешкім мәлімдеме жасаған жоқ.

Айта кету керек, Ресей былтыр аусылдан таза ел мәртебесін алған болатын. Егер бұл мәртебеден айырылса, елдің ет және сүт өнімдерін экспорттау мүмкіндігі күрт шектелуі ықтимал дейді сарапшылар.

"Шараларға қарағанда, бұл аусылға ұқсайды"

Мал шаруашылығы саласының сарапшысы Арсен Исламов шенеуніктер ресми түсіндірмеде пастереллез деп атаған дерттен де ауыр ауруды жасыруға тырысып отырған болуы мүмкін дейді.

"Бұл іс-әрекеттерге қарағанда, аусыл індеті шыққанға ұқсайды", деді ол.

Аусыл – ауыл шаруашылығы жануарлары арасында кездесетін аса жұқпалы вирустардың бірі. Ол негізінен ірі қара малда, шошқада, қой мен ешкіде кездеседі. Емделмейтін бұл ауру малға бір-бірінен жұғады және өте жылдам тарайды.

"Настоящее Время" арнасы Арсен Исламовтан бұл дерт жайлы сұрады.

– Аусыл шыққан деген сөз шындыққа келіңкірейді. Дерт ошағын оқшаулаудың мұндай радикалды шаралары бұл тек аусыл болуы мүмкін екенін көрсетеді. Аусылдың өзі ірі қара жаппай қырылатын дерт емес. Шамамен 10 пайызы өлім-жітімге ұшырайды. Бірақ вирус жануарлардан қоршаған ортаға тарай береді. Бұған қоса, ет-сүт өнімдері экспортына қойылатын шектеулермен бірге егін шаруашылығы өнімдеріне де шектеу салынуы мүмкін екенін ескерген жөн. Яғни бидай, бұршақ, қара бидай, арпа және Ресей негізгі экспорттаушы болып саналатын өзге де өнімдерді айтып отырмын. Бұл жерде мал шаруашылығынан гөрі егін шаруашылығы экспортына көбірек қауіп төнеді. Ал аусылға байланысты шектеулер валюта түсіміне қатты соққы боп тиюі мүмкін.

– Егер бұл шынымен аусыл болса, Ресейдің бидай экспорты зардап шегуі мүмкін бе?

– Әлбетте. Аусыл өршіген өңірлерге егін шаруашылығы өнімдерін экспорттауға шектеу салынады. Бұл аусыл вирусы қоршаған ортада өзін өте жақсы сезінетіндігіне байланысты. Мысалы, минус 5 градуста ол бес күнге дейін, ал плюс 30 градуста үш айға дейін өміршеңдігін жоймайды. Әйткенмен, қара топырақты аймақтармен немесе Ресейдің оңтүстігімен салыстырғанда Сібір өңірлерінен егін шаруашылығы өнімдері экспорты аздау екенін атай кеткен жөн.

Қазір негізгі міндет – індет ошақтарын оқшаулау. Ол үшін төтенше шаралар қолданылады. Бірақ аусылды тоқтатудың бұдан өзге амалы жоқтың қасы, шын мәнінде басқа тәсіл жоқ.

Не істеуге болады? Халықты дер кезінде хабардар етуге, індет шыққанын мүмкіндігінше ертерек мойындауға, өңірлер бойынша белгілі бір жіктеу енгізуге болар еді. Ресей Федерациясында мұндай аймақ бойынша жіктеу тәсілі бұрыннан бар. Осылайша халықты сабасына түсіруге болар еді. Әрине, тәркіленіп, жойылған малға өтемақы төлеуге бюджеттен белгілі бір мөлшерде ақша бөлу қажет болады.

– Егер аусыл індеті шыққаны рас болса, Ресей билігі бұл ақпаратты әдейі жасырып отыр ма сонда?

– Бәрін екшеп қарар болсақ, әдейі жасырып отырған сияқты. Олар бұл шын мәнінде аусыл екенін білмеуі мүмкін емес. Ресейде, Ярославльде аусылды зерттейтін әлемдегі ең үздік институттардың бірі орналасқанын айта кету керек. Сондықтан бәрі бұл жөнінде жақсы білген, бірақ, қалай айтқанда да, шындықты жасырып-жабуға тырысқан.

– Бұл шынымен аусыл болса, салдары қаншалықты ауқымды болуы мүмкін?

– Қазір көріп отырғанымыз – бастамасы ғана. Егер фермерлер мен мемлекет бірлесіп әрекет етпесе, індет әрі қарай өршіп, тарай береді. Яғни фермерлер малды жасыруға, оны басқа жаққа көшіруге тырысады. Бірақ малмен бірге ауру да таралатынын ұмытпау керек.

Аусылдың клиникалық белгілері үш күннен кейін де, бір аптадан кейін де байқалуы мүмкін, бірақ ол кезде мал ауруды әлдеқашан жұқтырған болады. Бұл өлімге апарып соғатын ауру емес. Аусыл малдан адамға өте сирек жағдайда жұғады. Сондықтан мұнда негізгі қауіп экспортқа түседі. Ресейге валюта кірістерінің елеулі бөлігі егін шаруашылығынан түседі.

– Ресей билігі неліктен пастереллез туралы айтып отыр? Бұл аурулар ұқсас па?

– Бұл аурулар бір-біріне мүлде ұқсамайды. Экспортқа ешқандай шектеу қойылмайтын ауру түрлерін әдейі таңдаған. Пастереллез де, құтыру да экспортқа шектеу енгізуді талап етпейді. Яғни, барынша бейтарап әрі жақсы емделетін ауруларды таңдаған. Одан артық ештеңе ойлап таба алмаған сияқты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан Ресейден мал азығын әкелуге уақытша шектеу енгізді

"Карантин енгізу керек, әйтпесе жағдай ушығады"

Қазақстанмен шекаралас Сібір өңірлерінде бірнеше аптадан бері "пастереллез" деген ресми диагноз қойылған мал жаппай жойылып жатқан шақта Орталық Азия елдеріндегі фермерлер мал арасында белгісіз дерт тарағанын айтып, дабыл қағып отыр. Күн өткен сайын көбейіп бара жатқан ауру белгілері аусылға ұқсас болғанымен, ресми билік ондай болжамды жоққа шығарған.

Әлеуметтік желілерде Ферғана алқабындағы жеке шаруашылықтардың бірінде түсірілген видео кең тарады. Онда жергілікті тұрғын қолындағы малы бір аптаға жуық уақыттан бері ауырып жатқанын, көршілерінің малында да дәл сондай белгілер байқалғанын айтады. Осыған байланысты ол биліктен өңірде шұғыл түрде карантин енгізуді сұрайды.

"Біз өңіріміздегі мал базарларын уақытша жабуды сұраймыз. Фермерлер бірігіп, карантин енгізуі керек. Әйтпесе жағдай одан сайын ушығады. Қазір адамдар қорыққанынан ауру сиырларын сатып жіберіп жатыр, артынша ол мал өледі. Соның кесірінен сау мал да жұқтырып жатыр", дейді видеода сөйлеген ауыл тұрғыны.

Жергілікті халықтың айтуынша, жануарлардың ауырғанын сырттай қарап-ақ аңғаруға болады. Ауру малдың ауыз қуысы зақымданып, өне бойындағы қаптаған жара, тыртықтар мен ойықтар вирустық сипаттағы дерт екенін аңғартады. Соған қарамастан, ветеринар мамандар фермерлерді сабырға шақырып, алаңдауға негіз жоқ деп сендіруге тырысады.

KUN.UZ басылымы жариялаған мақалада Ферғана облыстық ветеринария басқармасы өкілдері көктем мезгілінде қой мен ешкіде авитаминоз жиілейтінін, фермада ұсталған мал қажетті заттарды толық ала бермейтіндіктен әлсірейтінін айтқан. Кей жағдайда бұл ас қорыту жүйесі аурулары болуы мүмкін, ал мал таулы және ашық жайылымда бағылғанда ауыз қуысында осындай жара шығуы ықтимал деп түсіндірген олар.

Мұндай пікірді Өзбекстанның Ферғана облыстық вирусология зертханасының жетекшісі Асқарали Ғазиев те растаған.

Алайда әлеуметтік желідегі видеоның астына қолданушылар қалдырған пікірлерден ресми нұсқаға жұрт сенбейтіні аңғарылады. Желі қолданушылардың көбі мұны аусыл деп санайды және жергілікті билік шынайы жағдайды жасырып отыр деген күдігі барын айтады.

"Жұрт амалсыздан малын сойып жатыр"

Аусылға ұқсас жағдайлар Қырғызстанда да тіркеліп отыр. Бұл мәселе тіпті парламентте көтерілді. Жогорку Кеңеш депутаты Кубанычбек Самаковтың айтуынша, Нарын және Ат-Башы аудандарында мал ауруы жаппай таралып жатыр.

"Нарын мен Ат-Башыда дерт кең тарап жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі неге "аусыл жоқ" деп отырғанын түсінбеймін. Күн сайын 200-300 қоңырау түседі. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысты мәселе. Егер қазір тоқтатпасақ, ертең ет бағасы мың емес, екі мың сом болады. Өйткені адамдар амалсыздан малын сойып жатыр", деді депутат.

Соған қарамастан, Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі "жағдай тұрақты" деп отыр. Министрлік өкілі Дайырқұл Сатқынов "елдегі эпизоотиялық ахуал қалыпты, жұқпалы мал аурулары тіркелген жоқ" деп мәлімдеді.

Қазақстан Ресейден экспортты шектеп, малға вакцина егуді шұғыл қолға алды

Ал бұл уақытта Қазақстан Ресеймен шектесетін аймақтарда, ең алдымен шекаралық өңірлерде, үй жануарларына жаппай вакцина егу басталғанын хабарлады.

Аграрлық сала сарапшысы, "ФБРК" телеграм-арнасының негізін қалаған Кирилл Павлов қазіргі жағдайды жүйелі дайындықтың әлсіздігінен туындаған дағдарыс деп бағалайды.

"Жоғарыда тәртіп болмаса, төменде бәрі дұрыс болады деп күту – бос әурешілік. Қазір біз тағы да өртті ақшамен сөндіріп жатырмыз. Шекаралық аудандарды шұғыл түрде малға вакцина егуге кірістік. Бірақ мұның бәрін төтенше жағдайда емес, жоспарлы түрде бұрыннан жүргізу керек еді", дейді ол.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан Ресеймен шектесетін аймақта ірі қара малға екпе сала бастады

Павловтың пікірінше, Қазақстанның ветеринария саласы мұндай індетке толық дайын емес. Әсіресе ауылдық зертханалардың техникалық жарақтануы әлсіз, мамандардың жалақысы төмен, ал республикалық ветеринария қызметі басшылығына қатысты дау-жанжалдар жағдайды күрделендіріп отыр.

Осыған байланысты Қазақстанның Ауыл шаруашылығы министрлігі Ресейден мал мен ет өнімдерін әкелуге шектеу енгізді. Ресми түсіндірмеде бұл шешім "аса қауіпті аурулардың елге енуі мен таралуына жол бермеу мақсатында" қабылданғаны айтылған. Бұған дейін билік мұны мал контрабандасы мен көлеңкелі экспортқа қарсы күреспен байланыстырған еді.

Кирилл Павлов бұл түсіндірмеге де күмән келтіреді.

"Бізге мал контрабандасына тоқтау салып жатырмыз, сұрғылт экспортпен және реэкспортпен күресіп жатырмыз деп айтты. Бірақ іс жүзінде олар мал шаруашылығы өнімдерін экспорттаумен айналысатын шекара маңындағы аймақтар екенін көрдік қой", дейді сарапшы.

Жуырда журналистермен әңгіме кезінде Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев үкімет елдегі барлық мал басын қорғау үшін аусылға қарсы вакцинаны көбірек сатып алуға дайын деп мәлімдеді. Оның айтуынша, егер мемлекеттік ветеринария қызметінің күші жеткіліксіз болса, жекеменшік зертханалар да жұмысқа тартылуы мүмкін. Сарапшы Кирилл Павлов ондай зертханалардың инфрақұрылым желісі жақсы дамыған және олар елдегі ауылдық округтердің басым бөлігінде жұмыс істейді дейді.