Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан Бельгиядағы кездесуде Еуропа Одағының басшылары Қазақстандағы адам құқығы мәселесін көтерді. Бұл туралы Еуроодақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич мәлімдеді. Брюссельдегі кездесулерді қорытындылайтын баспасөз жиынында елші Қазақстандағы конституциялық реформа мен оның инвестициялық климатқа әсері жайлы да сөз етті.
"Еуроодақ басшылары Тоқаевпен кездесуде адам құқығы мәселесін қозғады"
Жұма, 3 шілде күні Еуроодақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич Астанада журналистермен кездесіп, Қазақстан мен Еуроодақ басшыларының кездесуі қалай өткені жайлы пікір білдірді. Елші сапар қарсаңында жолданған құқық қорғау ұйымдарының хатынан хабардар екенін, басшылардың кездесуі кезінде ол хат сөз болғанын мәлім етті.
"Иә, қос президент те ол хатты алды. Адам құқығы құқығы мәселесі қозғалды және ол әсіресе инвестициялық климат тұрғысынан талқыланды. Президенттер хаттағы әрбір жеке істің мән-жайына үңіле қойған жоқ. Бірақ олар бұл хатты атап өтіп, адам құқығын және заң үстемдігін құрметтеу инвестициялық климат тұрғысынан Қазақстан беделін күшейтетінін айтты" деді елші Алешка Симкич Азаттық тілшісінің сұрағына жауап беріп.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Мақсат – кінәлау емес". Тоқаев сапары және Еуроодаққа хат: құқық қорғаушы Роза Ақылбековамен сұхбатЕуроодақтың Астанадағы ресми өкілі хаттағы жеке істер өкілдік пен Қазақстан министрліктері арасында бөлек талқыланатынын мәлімдеді.
"Әділет министрлігімен бөлек форумымыз бар. Білесіздер, біздің мүддеміз қандай болса да, адам құқықтары мен құндылықтары біз үшін әрдайым басымдық болып қала береді. Біз оны көбіне жариясыз, яғни БАҚ-тың қатысуынсыз талқылаймыз. Адам құқығына келгенде мұндай жариялылық әдетте көмектесе бермейді. Бірақ біз әділет министрлігімен қарым-қатынаста бейбіт жиын өткізу еркіндігі, баспасөз еркіндігі және сот жүйесінің тәуелсіздігі сияқты тақырыптарды қозғап жүрміз. Кейде тақырыпқа қарай мәдениет және ақпарат, денсаулық сақтау министрліктерінің өкілдері қатысады" деді Еуроодақ елшісі.
Тоқаев 22-23 маусымда Брюссельге сапарлап, Еуропалық кеңес президенті Антониу Коштамен және Еуропалық комиссия Президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездескен. Сондай-ақ ол "Қазақстан және Еуроодақ" дөңгелек үстеліне қатысып, бірқатар еуропалық компания басшыларын қабылдаған. Сапар қарсаңында штаб-пәтері Брюссельде орналасқан Адам құқықтары бойынша халықаралық серіктестік (International Partnership for Human Rights, IPHR) және Қазақстанның адам құқықтары мен заңдылықты сақтау бюросы Еуроодақ басшыларын Қазақстанмен қарым-қатынаста адам құқықтары мәселесін назардан шығармауға шақырып, елде саяси қудалауға ұшырап отыр деген журналистер мен азаматтық белсенділердің ісін атап өткен.
Ақорда баспасөз қызметі Брюссельдегі сапар жөніндегі хабарларында бұл хатты және адам құқығы мәселесі қозғалғаны туралы ақпарат бермеді.
Конституциялық реформаның инвестициялық климатқа әсері
Жиында Азаттық тілшісі Еуроодақ елшісінен Қазақстанда жаңа конституцияның қабылданғаны инвестициялық климатқа қалай әсер ететінін сұрады. Елші барлығы да конституция тармақтарының қалай іске асатынына байланысты екенін, әзірге жаңа конституцияның қандай да бір әсері болатыны байқалмай отырғанын айтты. Дей тұрғанымен, ол жаңа конституцияның тым жылдам қабылданғанын атап өтті.
"Менен жаңа конституцияның әріптестігімізге қалай әсер ететінін жиі сұрайды. Қазақстанның немесе кез келген өзге елдің конституциясы Еуроодақ араласатын мәселе емес. Әрине біз пікір білдіреміз, бірақ бұл – бірінші кезекте қазақ халқының құзыретіндегі мәселе. Бірақ жаңа конституцияны қабылдау процесі тым тез жүргенін, толыққанды ақыл-кеңеске жол берілмегенін байқадық, айттық. Бірақ конституция қабылданды, енді Қазақстандағы реформалар қалай жүретінін бақылап отырамыз. Барлығы оң сипатта жүреді дегенге сенеміз, содан үміттіміз" деді елші.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Тоқаевтың Брюссельге сапары: күн тәртібіндегі мәселелер қандай?Еуропалық инвесторлардың жаңа заңға көзқарасы қандай деген сұраққа елші олардың Қазақстан туралы біле бермейтінін, бұл ретте Қазақстанда жұмыс істеп үлгерген еуропалық компаниялардың, инвесторлардың тәжірибесі үлкен рөл атқаратынын айтты.
Оның сөзінше, Еуроодақтың "Ғаламдық қақпа" бастамасы аясындағы инвестициясы –бұқаралық қаражат емес, осы еуропалық жекеменшік компаниялардың қаражаты.
"Еуропалық компаниялар қауіп-қатерлерге өте сақ қарайды. Тәуекелдер қаупі тым жоғары ортаға келгісі келмейді. Олар заңнаманың, заң үстемдігінің болжамдылығы (predictability) болғанын қалайды. Олар әдетте нормативті-құқықтық ортаны болжау қиын екенін айтады. Салық және өзге де заңдар жиі өзгереді дейді. Бұл тұрақсыздық олардың инвестициясына төндіретін қауіпті ұлғайтады" деді Алешка Симкич.
Елшінің айтуына қарағанда, еуропалық компаниялар Қазақстандағы дау-дамайлар жүйелі түрде емес, жеке-жеке қаралатынына да шағынған. Олар нақты бір компанияның ыңғайына орай заң қабылдана салатынын, бәрі ортақ жүйелі шешім жоғын, кейде шешімдер әділетсіз болатынын айтқан.
"Сол себепті олар Қазақстан нарығына кірерде сақтық танытады. Бірақ дей тұрғанмен оң факторлар да көп. Соның бірі – адам капиталы. Білімді жұмыс күші көп, [еуропалық компаниялар] олардың біліктілігін одан әрі арттыруға күш салуға дайын. Тағы бір оң элемент – [Қазақстан билігінің] еуропалық инвестицияны көбірек алып келуге деген жалпы ашықтығы" деді Симкич.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Бәсеке тұрғысынан біз мықтымыз". Еуроодақтың Қазақстандағы елшісімен сұхбатЕуроодақ елшісінің сөзінше, еуропалық компаниялар Еуроодақтың Ресейге қарсы санкцияларынан да қорқады. Қазақстанға санкция салынбағанымен, ондағы жекеменшік компаниялар Ресеймен қандай да бір байланысы болса, еуропалық компаниялар беделімізге нұқсан келеді деп қауіптенеді дейді Симкич. Бірақ Қазақстан билігі санкция мәселесін талқылауға ашық дейді ол нақтылап.
Алешка Симкич сондай-ақ келесі жылы Еуроодақ пен Орталық Азия саммиті тағы өтетінін, оның осы аймақта Қазақстаннан өзге елде ұйымдастырылатынын айтты.
Былтыр мұндай саммит Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп, Еуроодақ басшылары өңірге 10 млрд еуро бөлетінін мәлімдеген.