HRW 1 ақпанда жариялаған есебінде полиция бейбіт наразылар мен басқа да адамдарды жөн-жосықсыз ұстағаны жайлы "сенімді ақпарат" алғанын жазады. Олардың кейбіріне қатігездік көрсеткен, электрошокермен азаптап, шоқпармен ұрған деп жазады халықаралық құқық қорғау ұйымы.
"Қазақстанда бейбіт наразыларды күштеп ұстағаны, ұсталғандарға дөрекі қарым-қатынас көрсеткені қатты алаңдатады, — дейді HRW Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон. — Қазақстан билігі асыра сілтеуді доғарып, әрбір ұсталған адамның құқығын қорғауға жағдай жасап, ұрып-соққандар мен азаптағандарды жазалауы керек".
HRW өкілдері Қазақстанда 12 адамнан сұхбат алған. Оның ішінде 3-4 қаңтарда Алматыда ұсталып, кейін босатылған адамдармен, жаппай тәртіпсіздікке қатысы бар деген айыппен қамауда отырған адамның туысымен, адвокаттармен сөйлескен. Сонымен бірге ақпарат құралдарындағы материалдар мен биліктің ресми мәлімдемелерін пайдаланған.
КУӘГЕРЛЕР НЕ ДЕЙДІ?
Алматыда тұратын 55 жастағы азамат 3 қаңтарда қымбатшылыққа қарсылық білдіріп жатқан Жаңаөзен жұртына қолдау білдіру үшін өзгеоермен бірге наразылыққа шыққанда ұсталғанын айтқан. 2 қаңтарда Қазақстанның батысындағы Жаңаөзен тұрғындары сұйытылған газдың қымбаттауына қарсы митингіге шықты. Кейін тұрмыстың қиындағанын айтқан наразылықтар басқа өңірлерге тарап, бірнеше қалада тәртіпсіздік пен қантөгіске ұласты.
Your browser doesn’t support HTML5
"200 метр ғана жүріп өттік, арнайы жасақ жолымызды бөгеді. Бізді күтіп тұрды. Қолымызда плакат болмады. Бізді полиция бөлімшесіне апарды... Қысым көрсетті, психологиялық қысым да [болды]" дейді белсенді.
Ол қамауға алынғандарға туысына хабарласуға, өзі қалаған адвокаттың көмегіне жүгінуге рұқсат бермегенін айтады. Оларға мемлекеттік адвокаттарды жіберген.
Қала көшелерінде ұсталған адамдар өздерінен бірнеше сағат жауап алғанын, содан кейін онлайн сот отырысында "заңсыз жиынға қатысушы" ретінде 15 тәулік әкімшілік қамауға жібергенін айтты. Қамауда болған тағы бір адамға бір апта бойы қандай айып тағылып отырғанын айтпаған. "Мұндай ұстаулар адамдардың негізгіт құқықтары – жиналу және сөз еркіндігінің негізгі құқықтары бұзылғанын көрсетеді" деп атап өткен ұйым өкілдері.
Бір азаматтық белсенді қамауда болғанда соққыға жығылғанын айтты.
"Алты адамға арналған камерада сегіз адам отырдық. Жерде жаттық, — деді соққыға жығылған белсенді. — [Полиция] бізге тіл тигізді, былапыт сөздер айтып балағаттады. Адамдарды азаптап, соққыға жығып жатқанын естідім… Олар күні-түні айғайлап жатты. Камерадан шыққан сайын бізді ұрып-соғатын. [Полиция] жасамаған қылмысты мойындауға мәжбүрледі. [Камерамдағылардың кейбірінің] басына қап кигізді".
Алматыда тұратын екі адвокат өздері қорғайтын адамдардың да соққыға жығылып, азапталғанын хабарлады.
12 қаңтарда адвокат Жанар Балғабаева екі қорғалушысына бірнеше күн бойы хабарласа алмағанын мәлімдеді. Ол билік енгізген төтенше жағдай кезінде полиция бөлімшелерін әскери қызметкерлер қорғап тұрғандықтан қамауға алынғандар туралы ақпарат ала алмаған.
Your browser doesn’t support HTML5
Адвокат Ғалым Нұрпейісов маска тағып, камуфляж киген полиция қызметкерлері қорғалушысы Мұратбек Есенғазыны қатты соққыға жыққанын айтты. "Ол адвокатсыз сұраққа жауап беруден бас тартқан соң, оны он минут бойы оң жақ саны мен бүйрегінен резеңке дубинкамен ұрған", — деді Нұрпейісов.
Алматы облысы Бесағаш ауылының тұрғыны, 58 жастағы Есенғазы 27 қаңтарда қамаудан шықты. Бірақ оған жаппай тәртіпсіздікке қатысты деген айып тағылып отыр. Есенғазы сегіз жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
"ШАМАДАН ТЫС КҮШ КӨРСЕТУ"
HRW Атырауда тұратын белсенді Сергей Шутовтың да жағдайын мысалға келтірген. Ол қалада ұсталғандардың жаппай соққыға жығылғанын хабарлаған.
Халықаралық ұйым Азаттықтың Жасұлан Анафияев жайлы видеосына да сілтеме жасаған: көп балалы әкені қаңтар оқиғаларынан кейін үйінен алып кетіп, рұқсат етілмеген митингіге қатысты деген айыппен әкімшілік жолмен қамаған. Бірнеше күннен соң отбасы мәйітханадан сау-тамтығы жоқ денесін алған. Анафияевтің қайтыс болғаны туралы куәлікте оның "созылмалы панкреатиттен" қаза тапқаны айтылады.
HRW археолог Ерлан Жағыпаровтың да өліміне назар аударады. 6 қаңтарда ол досына телефон шалып, ұлттық ұлан қызметкерлері ұстап алғанын айтып үлгерген. 12 қаңтарда мәйітханадан Жағыпаровтың денесін алған ағасы онда жарақат ізі барын, қолы кісендеулі болғанын айтқан. Оның қайтыс болғаны туралы құжатта ол оқ тиіп қаза тапты делінген.
Қызылордалық белсенді Айтбай Әлиевтің ұлы 5 қаңтарда полиция әкесін үйінен алып кеткенін журналистерге хабарлаған. 9 қаңтарда ол бас жарақатын алған әкесінің денесін Қызылорда мәйітханасынан тапқан.
25 қаңтарда Қазақстан бас прокуратурасы тергеушілерге қатысты 109 шағым түсіп, қарулы күш өкілдерінің қызметін асыра пайдалануына байланысты өтініштер бойынша 21 іс қозғалғанын хабарлады. Прокуратурадағылар азаптау туралы жеті іс тергеліп жатқанын, тағы жиырма өтініш қарастырылып жатқанын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Мүліктен гөрі адам өміріне басымдық берілуі керек". HRW Қаңтар оқиғасын бейтарап тергеуге шақырды"Қазақстан билігі күшпен ұстауды доғарып, қамаудағыларды босатуы керек. Ұсталғандарды ұрып-соғуды, зәбірлеуді тоқтатып, бейбіт наразылар мен белсенділерді азаматтық және саяси құқықтарын жүзеге асырғаны үшін қудаламауы керек. Билік заң негізінде ұсталғандардың заңда белгіленген процестік құқықтарының толық сақталуына, отбасыларымен кездесуіне және медициналық көмекке қол жеткізуіне жағдай жасауы тиіс және адвокаттардың кәсіби қызметіне кедергі келмеуі керек" делінген HRW есебінде.
HRW Қазақстанның халықаралық әріптестерін Нұр-Сұлтанды адам құқықтарын сақтауға шақырды. "Егер Қазақстан әрекет етпесе, Еуроодақ, оған мүше мемлекеттер, АҚШ пен басқа да серіктестер қаңтар оқиғаларының, оның ішінде ұсталғандардың өтініші мен қарулы күштердің асыра күш қолданғанын халықаралық деңгейде зерттелуіне қол жеткізуі керек" делінген HRW есебінде.
Өткен аптада президент Қасым-Жомарт Тоқаев адам құқығын қорғау ұйымдарының, оның ішінде HRW ұйымының халықаралық зерттеу жүргізу өтінішін қабылдамайтынын айтты. Ол 29 қаңтарда мемлекеттік телеарнаға берген сұхбатында "Өзіміздің шамамыз жетеді" деді.
Your browser doesn’t support HTML5
Қаңтардың басында елдің батысында басталған бейбіт наразылықтар біршама өңірде және Алматы қаласында қантөгіске ұласты. Наразылықтар кезінде билік интернетті өшіріп, мобильді байланысты шектеді.
Тоқаев наразылықтардан соң шетелде дайындықтан өткен "20 мың террорист" Алматыға шабуыл жасағанын мәлімдеді. Бірақ сөзіне еш дәлел келтірмеді. Тоқаев Ресей басқарып отырған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымынан көмек сұрады.
Ол қарулы күштерге "ескертусіз оқ атуға" бұйрық бергенін жария түрде айтты.
Қазақстан билігі 227 адамның, оның ішінде 19 күш құрылымы өкілінің қаза тапқанын хабарлады.
Адам құқықтарын қорғау ұйымдары қаза тапқандар бұдан да көп болуы мүмкін дейді. Олар күш құрылымдары өлтірген адамдардың арасында бейбіт наразылар мен шерулерге еш қатысы жоқ адамдар да болғанына дәлелдер келтіріп жатыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Мемлекет шабуылдарды терроршыл топтар ұйымдастырғанына еш дәлел келтіре алмады". Сарапшы қаңтар оқиғалары туралы"Қанды қаңтардан" соң Тоқаевқа халық сенім арта ма?"Cүйекті қазып аламыз дегені жығылғанға жұдырық". Эксгумацияға қарсы отбасының сергелдеңі"Жауапты шенділерге санкция". Еуропарламент Қазақстандағы жағдайды талқылап, қарар қабылдады