Парсы шығанағында мұнай танкерлері кептеліп қалды. Олардың көбі Араб елдерінің мұнайын Азияға тасымалдайды. 2 наурызда Иран шығанақтағы Ормуз бұғазын жабатынын мәлімдеген. Тегеран бұғаздан өтетін кез келген кемені шабуылдаймыз дейді. Ормуз бұғазы әлем экономикасы үшін қаншалық маңызды? Мұнай қымбаттаса, мұның Қазақстан экономикасына әсері қандай болмақ?
Оман мен Иран арасында Парсы шығанағы мен Оман шығанағын жалғап жатқан Ормуз бұғазы арқылы әлемдегі мұнай мен газдың 20 пайызы өтеді. Ені небәрі 40 шақырымдай дәлізден жылына 500-600 млрд доллар сауда жүреді. Бұғаз арқылы Сауд Арабиясы, Ирак, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері және Ираннан шыққан танкерлер Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея және Жапонияға барады. Бұғазда Иранға қарайтын аралдар бар, сол себепті Тегеран дәлізді бақылап, оны қысым тетігі ретінде қолдана алады.
Иран былтыр жаздағы Израиль шабуылынан кейін бұғазды жабу туралы айта бастаған. АҚШ пен Израиль Иранға қарсы шабуыл бастаған соң 2 наурыз күні Ислам революциясы корпусының генерал-майоры Ибрагим Жаббари "бұғаз жабылды, өтпек болған әр кемені шабуылдап, өртейміз" деп мәлімдеді. Al Jazeera сайтының жазуынша, содан бері бұғаз маңында 150 кеме зәкір тастап тоқтап қалған, бес кеме бүлініп, екі адам қаза болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Таяу Шығыс: АҚШ пен Израильдің шабуылы, Иранның қарымтасыБір күн ішінде мұнай 8 пайызға, газ 20 пайызға қымбаттады. Америкалық Goldman Sachs банкі ахуал жалғаса берсе, баға 130 пайызға дейін өсуі мүмкін дейді.
Би-би-си сайтының жазуынша, Ормуз бұғазындағы дағдарыс Ресей мұнайына сұранысты арттыруы мүмкін. Бұған дейін Вашингтонның қысымымен Қытай мен Үндістан Ресей мұнайын алуды азайтып, Араб елдерімен саудасын арттыра бастаған. Енді бұл екі ел қайтадан Ресейге жүгінуі ықтимал.
Мұнай қымбаттаған соң, Азияның қор нарығында акциялар жаппай сатылымға шығарылды. Мысалы, Жапония мен Оңтүстік Кореядағы инвесторлар шикізат қымбаттаса, елдің экономикасы зардап шегіп, өндірісіміздің шығыны көбеюі мүмкін деп қауіптенеді. Сондықтан акцияны өткізуге көшті. Жасанды интеллект саласына сұраныс көп болса да, әлемдегі технология алпауыттарына чип шығаратын Тайваньның TSMC компаниясының акциялары құнсызданды. Қытайда ғана жағдай тұрақты көрінеді. 3 наурызда Гонконг қор биржасында индекс сәл көтерілген. Себебі мұнда мұнай-газ компаниялары көп, мұнай қымбаттағаны оларға оң әсер етеді. Соғысқа байланысты инвесторлар қауіпті активтерден құтылуды ойлап, өз қаражатын доллар сияқты сенімді валютаға ауыстырып жатыр.
Шикізаттың өзге түрлері бойынша да өзгеріс байқалады. Инвесторлар доллармен қатар алтын, күміс сынды бағалы металлдарға да иек артады. Дүйсенбіде алтын мен күміс құны 2 пайызға артты.
АҚШ — әлемдегі ең ірі мұнай және газ өндіруші, сондықтан тапшылық айтарлықтай қауіп төндірмейді. Баға күрт көтерілмеуі үшін стратегиялық резервтегі мұнайды сатылымға шығара алады. АҚШ президенті Дональд Трамп америкалықтарға бағалар төмен болады, бензин қымбаттамайды деп уәде етіп отыр.
Ал Еуропаның жағдайы басқаша. Ресейдің шикізатынан кезең-кезеңмен бас тартып жатқан олар мұнай мен газды ашық нарықтан сатып алады, яғни, нарықтағы бағаға тәуелді. Соғыс сенбі күні басталды, дүйсенбіде Еуропа нарығы ашылғанда, газ бағасы бірден 20 пайызға өсіп кетті.
"ИРАН – ТОҒЫЗ ЖОЛДЫҢ ТОРАБЫНДАҒЫ ЕЛ"
Мұнайдың қымбаттауы Қазақстан экономикасына қалай әсер етпек? Азаттық осы және өзге сұрақтарды экономист Қажыгелді Шамбылмен талқылап көрді.
Азаттық: Таяу Шығыстағы кейінгі жанжалдың әлем экономикасына әсері қаншалық?
Қажыгелді Шамбыл: Иран мұнай қоры бойынша әлемдік топ-5 елдің қатарына кіреді. Табиғи газ қоры да өте үлкен. Таяу Шығыс экономикасын қарайтын болсақ, [Иранның] экономикалық көлемі Сауд Арабиясы мен Түркиядай емес, олардан екі-үш еседей төмен. Бірақ соған қарамастан, Таяу Шығыс деңгейінде ірі экономика саналады.
Your browser doesn’t support HTML5
Иранға шабуыл, қаңтарылған танкерлер, Дубайдағы қазақстандықтардың үйі — AzatNEWS l 03.03.2026
Осындай сандық көрсеткіші бар мемлекеттің белгілі бір тұрақсыздыққа немесе соғыс жағдайына түсуі әлемдік экономикаға сөзсіз әсер етеді. Мұнай бағасы арқылы да, табиғи газ арқылы да. Сонымен қатар Иранды тоғыз жолдың торабында орналасқан мемлекет десек, артық емес. Мысалы, біз айтып жүрген Транскаспий маршруты да, Түркия мен Еуропа мемлекеттері үшін Таяу Шығыстан Үнді мұхитына шығу траекториясы Иран арқылы жүзеге асады. Егер осы транспорттық дәліз тоқтаса, бұл әлем бойынша инфляцияның өсуіне алып келеді.
Азаттық: Қазақстанның Таяу Шығыс елдерінің бәрімен де түрлі деңгейде сауда-саттық қарым-қатынасы бар. Бұл жағдай Қазақстан экономикасына тікелей әсер ете ме? Нақты қай салаларға әсер етуі мүмкін?
Қажыгелді Шамбыл: Бірінші кезекте, әрине, мұнай бағасы және табиғи газ. Өйткені тұрақсыздық жағдайы Иранда ғана емес қой. Мысалы, Сауд Арабиясының ірі мұнай өндіру зауыты істен шықты деген ақпарат тарады. Егер де осы тренд жалғасатын болса, онда мұнай бағасы өсетіні сөзсіз.
Бірақ бұл жерде екіжақты мәселе бар. Бір жағынан бюджеттік түсім өсетін сияқты болып көрінгенімен, бюджеттің шығындары одан да үлкен темппен өседі. Яғни, бұл нені білдіреді? Қазақстанның ішінде инфляция үлкен қарқынмен өседі. Ал бюджет дефицитіне енді сандық көлемде өсуіне үлкен бір кері әсер тигізеді.
Сондықтан, Ирандағы жағдайдан Қазақстан пайда табады деген болжамдарға сенбеймін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Соғыстың салдарын ауырлатып, бітімді жақындату. Иранның стратегиясы қандай?Азаттық: Яғни, қысқа мерзімде Қазақстан сатып отырған мұнайдың бағасы өсіп, сол арқылы бюджетке біраз ақша түсуі мүмкін. Бірақ ұзақ мерзімде инфляция оны жеп қоюы мүмкін дейсіз ғой?
Қажыгелді Шамбыл: Ұзақ мерзімде гиперинфляция жеп қоюы мүмкін. Содан кейін Қазақстанның экспорты тек қана мұнай мен газ емес қой. Одан өзге металдар мен астық секілді мәселелер бар. Олардың көбін Транскаспий маршруты бойынша Иранға жеткізіп, одан әрі Үнді, Атлант, Тынық мұхитына шығару жоспарланып қойған.
Ал егер тұрақсыздық ұзақ мерзімге ұласса, онда бұл экспорттық, транзиттік зона жабық болады деген сөз.
Азаттық: Бұл соғыстағы үш тарап – АҚШ, Израиль және Иран елдерімен Қазақстанның сауда қатынасы әртүрлі. Соның ішінде Таяу Шығыста Израильмен сауда деңгейі былтырлары кеміп, 200 млн доллардан төмен түскен. Ал Иранмен арадағы сауда жылына 460 млн доллар деңгейінде. Өсім бар. Тегеран мен Астана алда 10 млрд долларға жетеміз деген меже қойған. Иранның санкция астында отыруы да Қазақстанмен арадағы сауда қатынасына тікелей әсер етеді. Көп шектеулер бар. Ол алынған жағдайда Қазақстанға Иран нарығы қаншалық маңызды болмақ?
Қажыгелді Шамбыл: Иран халқы 90 миллионның айналасында. Содан кейін Иран мемлекеті дәл Еуропа мемлекеттері секілді дамыған деңгейде емес қой. Сондықтан, егер де Қазақстанда бір өңдеу өнеркәсібі немесе агро сектордан бір үлкен кәсіп орны ашылса, аталған кәсіпорын үшін ең бірінші кезде тұрған нарық – Иран нарығы.
Өйткені картаны қарайтын болсақ, жалпы осы 2000 жылдардың басында Батыс Қытай – Батыс Еуропа жолы аясында Қытайдан Қазақстан мен Ресей арқылы Еуропаға дәліз шығады деген. Енді Украинадағы жағдайға байланысты, бұл дәліз жабылды.
Енді Қытайды қарайтын болсақ, Қытай мен Тайвань арасындағы проблема бар. Қытай мен АҚШ арасындағы сауда соғысы жылдан-жылға өршіп барады. Сондықтан, Қытай арқылы АҚШ нарығына ену де жылдан-жылға қиындап бара жатыр. Осы ретте үлкен бір тартымдылығы бар, үлкен бір бәсекеге қабілетті күші бар транспорттық зона – бұл Иран еді. Транскаспий маршруты.
Бұл ретте енді Иран жабылса, онда Транскаспий маршрутын Азербайжан, Армения, Түркия арқылы жіберуге тура келеді. Бірақ бәрібір де Иранның артықшылығы бар: онда Түркия, Оңтүстік Кавказдағыдай үлкен таулы қыраттар жоқ. Жазықтау дала, әрі Парсы шығанағы бар, Ормуз бұғазы бар. Бірнеше географиялық мүмкіндіктері бар.
Сондықтан да бұл ретте бұл экспорттық потенциалға инвестицияларды тартуда бір кедергі болатыны рас. Енді мұны ары қарай Қазақстан өзге факторлар есебінен өтеуі қажет. Толыққанды, кешенді қауіп-қатерге қарсы тұратын жаңа саясат, концепция қажет.
Азаттық: Кейбір сарапшылар Таяу Шығыс елдеріндегі мұнай мен газ экспортының тоқтауы, сол арқылы олардың қымбаттауы Еуропаға қолайсыз екенін, бірақ АҚШ-қа тиімді екенін айтады. Ал Украинаға қарсы соғысқа қаражатты осы мұнай арқылы тауып отырған Ресейге қалай әсер етпек?
Қажыгелді Шамбыл: Енді Еуропаға қолайсыз болатыны рас. Ал енді АҚШ-қа келетін болсақ, мұнда 50/50. Неге? АҚШ қазіргі таңда мұнайдан бензин сияқты өнім отын шығарудан гөрі мұнай-химия, күрделі полимер секілді дүниелерді шығаруға, өңдеуге бағыт алып жатыр.
Ал мұндай мәселеде мұнай бағасының неғұрлым төмен болғаны дұрыс. Сондықтан бұл ретте Ирандағы тұрақсыздықтың ұзаққа созылуы АҚШ-тың өзіне де кері әсерін тигізеді.
Ал енді Ресейге келетін болсақ, мұнай бағасы жоғарыласа, онда әрине Ресейдің бюджеттік табысына оң әсер етуі мүмкін. Бірақ мұнда екінші мәселе бар. Ресей мұнайы эмбаргоға байланысты көп жеңілдікпен, яғни арзан бағада сатылады. Егер де мұнай бағасы одан әрі өсетін болса, бұл инфляция тізбегін арттырады.
Азаттық: АҚШ-тың қорғаныс министрі Пит Хегсет Иранға қарсы операция "шексіз соғысқа ұласпайды" деді. Осындай сөзді Израиль премьер-министрі де айтты. Шын мәнінде осылай болып жатса және атыс-шабыс тоқтаса, газ бен мұнай бағасы қайта төмендей ме?
Қажыгелді Шамбыл: Бұл ретте мәселе мынада. Ұзақ болмаса да, оның зардабы қандай болмақ? Мысалы, бірнеше күн бұрын Иранның бір ракетасы Сауд Арабиясының мұнай өңдеу зауытына түсті, зауыт тоқтап қалды деген ақпарат шықты. Мысалы сол Иранның өзіндегі мұнай-химия кешендері аман қала ма? Егер мұнай инфрақұрылымына үлкен зақым түсетін болса, онда баға жоғары деңгейде қалуы ықтимал. Өйткені нарықта белгілі бір мұнай тапшылығы пайда болуы мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылы Ресейдің Украинадағы соғысына қалай әсер етпек? Ханна Ноттемен сұхбат