"Мама, сабақты түсінбедім". Пошта арқылы сабақ оқудың машақаты

Гүлжан Күлбаева мен екі баласы мектептен пошташы жеткізген жаңа сабақтың материалдарын оқып отыр. Амангелді ауылы, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы. 30 сәуір 2020 жыл.

Түркістан облысы Қазығұрт ауданындағы Амангелді ауылында 174 оқушы сабақты пошта байланысы арқылы оқиды. Ата-аналар мұндай оқу әдісімен бала білім алып жарытпайды деп шағынады. Мектеп әкімшілігі оқытудың басқа амалы жоғын айтады.

"ОҚУШЫҒА ЖАҢА САБАҚТЫ МЕҢГЕРУ ҚИЫНДАДЫ"

Шымкенттен 70 шақырым қашықтағы Амангелді ауылында сексенге жуық үй, алты жүзге тарта тұрғын бар. Ауылдағы жалғыз мектепте 174 оқушы білім алады.

Амангелді ауылына баратын жол. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы. 30 сәуір 2020 жыл.

Қазақстанда коронавируске байланысты төтенше жағдай режимі жарияланғаннан кейін Амангелді ауылында сабақ қашықтан оқытылатын болған. Әр оқушыға жаңа сабақтың материалдары байланыстың бағзы заманғы түрі – пошта арқылы жетеді. Оқушы өзі орындаған үй тапсырмаларын да ұстазына пошташы арқылы жөнелтеді.

Ауыл тұрғыны Гүлжан Күлбаеваның шаңырағындағы бес баланың төртеуі мектеп жасында. Үлкен қызы 10-сыныпта, одан кейінгі қыз – 6, ұлы – 4-сыныпта оқиды, ал кіші қыз мектепке дейінгі даярлық тобына барады.

Балалары қашықтан оқуға көшкелі бері Гүлжанның да жұмысы көбейген. Азаттық тілшісі бұл отбасында балалар күнделікті жаңа оқу материалымен қалай танысып, үй тапсырмасын қалай орындайтынына куә болды.

Амангелді ауылының тұрғыны Гүлжан Күлбаева баласына мектептен пошташы жеткізген жаңа сабақтың материалын оқып отыр. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы. 30 сәуір 2020 жыл.

- Мынау 4-сыныпта оқитын балама математика сабағынан берілген тапсырма, - деді Гүлжан қолындағы бір жапырақ қағазды Азаттықа тілшісіне көрсетіп. Онда пән атауы, жаңа сабақтың тақырыбы мен тапсырмалар жазылыпты.

Тапсырманы әуелі өзі бірнеше рет оқып алған соң Гүлжан ұлын қасына шақырды. "Математика кітабын, дәптерін, таза парақ алып кел" деді анасы. Баласы ақ қағазға бүгінгі күнді және "Үй жұмысы" деп жазып қойды. Одан кейін тапсырманы бір рет оқып шығып, біраз ойланып отырды да, қайта оқыды.

- Мама, сабақты түсінбей тұрмын. Қалай шығарамыз? - деді бір кезде ұлы анасына қарап.

Амангелді ауылының тұрғыны Гүлжан Күлбаева баласына мектептен пошташы жеткізген жаңа сабақтың материалын оқытып отыр. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы. 30 сәуір 2020 жыл.

Гүлжан да жаңа оқу материалын бірнеше рет оқып, түсінбеген соң үлкен қызын көмекке шақырды. Үшеуі қатар отырып, берілген тапсырманы бірнеше қайталап оқып шықты, бір кезде "Не істейміз?" деген кейіппен бір-біріне қарады.

- Міне, күнде осы. Бір сабақты түсінсек, бірін түсінбейміз. Тақырыпты түсінбеген бала берілген тапсырманы қалай орындайды? Оқу бағдарламасын мүлде қиындатып жіберді, - дейді Гүлжан ренішін жасырмай.

Балаларға пошта арқылы келген сабақты меңгеру және тапсырманы орындау қиынға соғып жүр.

Оның ересек екі қызы сабағын өздері оқып, үй тапсырмасын да өздері орындайды екен.

- Ал мектепте "4" пен "5"-ке оқыған ұл мен кіші қызға пошта арқылы келген сабақты меңгеру және тапсырманы орындау қиынға соғып жүр, - деп қынжылады көп балалы ана.

Мысалы, Гүлжанның ұлы ағылшын тілінен үй тапсырмасын орындауға әпкесін көмекке шақырды. Математика пәнінен үйге берілген есептерді де өз бетінше шығара алмады.

ПОШТАШЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ КӨБЕЙДІ

Балаларға үй тапсырмасын орындауға бір тәулік уақыт беріледі. Таңертеңгі сағат 11:00-ден сағат 13:00-ге дейін әр отбасы оқушы орындаған үй тапсырмасын дайындап отыруы тиіс. Пошташы мұғалім берген жаңа материал меп үй тапсырмасын алып келеді, ал балалар өздері орындаған үй тапсырмасын пошташы арқылы ұстазына жібереді.

Пошташы Рысқан Миятбековтен (сол жақта) мектептен беріп жіберген оқу материалын алып тұрған оқушы бала. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы, Амангелді ауылы. 30 сәуір 2020 жыл.

Жергілікті мектеп оқушылары үйден оқуға көшкеннен кейін Амангелді ауылындағы екі пошташының жұмысы көбейген. Олардың бірі Рысқан Миятбеков жұмысын көруге ықылас білдірген Азаттық тілшісін бірге ертіп жүруге келісті. Ауылдағы бір көшеде тұратын төрт отбасындағы он оқушыға арналған оқу материалы мен үй тапсырмасын мектептен алып шыққан Рысқанға ілестік. Балаларға берілген үй тапсырмалары жеке-жеке бөлінген. Ауысып кетпес үшін әр үйге баратын тапсырмалардың белі ақ қағазбен буылып, сыртына сол отбасының фамилиясы жазылған.

Рысқан әр үйдің қақпасының алдына барып, оқушыны дауыстап шақырды. Оның дауысын естігенде бір үйден балалар қуана жүгіріп шықса, енді бір үйден ешкім шыға қоймады. Пошташы үйінен шыққан балалардан орындаған үй тапсырмаларын алып, жаңасын ұстатты. Кей оқушылар "тапсырманы үйге тастай салыңыз" деп пошташыға мән берместен кетіп қалды.

Амангелді ауылы тұрғындарының көбі егін егіп, мал бағып күнелтеді. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы. 30 сәуір 2020 жыл.

Рысқан Миятбеков күнделікті кемінде 7-8 шақырым жаяу үй аралайтын жұмысының өзіндік қиындығы барын айтады.

- Тапсырмаларды әр үйге осылай таратамын. 4-5 сағат уақытым кетеді. Есігінің алдына келіп, шақырып тұрғанымды естісе де шықпайтындар бар. Кей үйде ит бар. Қорқасың. Кейде қолыма таяқ алып жүремін. Осының бәрі жұмыс істеуге кедергі, - дейді ол.

Рысқан жаңа оқу материалын апарған төрт отбасының екеуі бұған дейін берілген үй тапсырмасын орындап бітпегенін айтты. Екеуі орындаған тапсырмаларды пошташыға табыс етті.

АУЫЗ СУҒА ЖАРЫМАҒАН АУЫЛДАҒЫ ЕСКІ МЕКТЕП

Амангелді ауылында интернет, телефон байланысы деген атымен жоқ. Осыдан бес жыл бұрын бұл ауылдың тұрғындары санэпидемстанция "суы ішуге жарамсыз" деп тапқан ескі құдықтың суын пайдаланып отырғаны туралы Азаттық жазған болатын.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазығұртта құрттаған құдық суын ішіп отыр

Амангелді ауылына су құбыры тартылғанымен оның суы ащы болғандықтан ішуге жарамайды. Ауданнан тасымалданатын ауыз судың литрі бір теңгеден сатылады. Ақшасы жоқ тұрғындар әлі күнге амалсыздан ескі құдықтың суын ішуге мәжбүр екенін айтады.

Амангелді ауылындағы ескі құдықтан суды есекке артып алған автокөлік дөңгелегінің ескі камерасына құйып алып, үйіне тасып жүрген бала. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы. 30 сәуір 2020 жыл.

Амангелді ауылындағы мектеп екі қабатты ескілеу ғимаратта орналасқан. Балалар үш ауысымда оқиды. Ауласы тар мектепте барлығы сегіз кішкене бөлме бар екен. Оның біреуінде мектеп директорының кабинеті, енді бірінде мұғалімдер бөлмесі орналасқан.

Ғимаратта асхана, спорт залы, мәжіліс залы, медициналық бөлме, әжетхана жоқ. Жиһаздары тозған, парталары ескі мектепке кіргеннен тозығы жеткен еденнің сықыры анық естіледі. Үйірмелерді айтпағанның өзінде, пән кабинеттеріне бөлме жетіспейді.

Үйден оқып жатқан оқушыларға әзірленген тапсырмалар. Амангелді ауылының мектебі, Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы. 30 сәуір 2020 жыл.

Мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрқұйса Дүйсеннің айтуынша, елде төтенше жағдай режимі жарияланған соң Қазығұрт аудандық білім бөлімі Амангелді ауылындағы оқушыларға пошта байланысы арқылы сабақ беруді міндеттеген.

- Ауылда спутниктен ұстайтын антенна болмаған соң теледидар да көрсетпейді, радио да істемейді. Басқа мүмкіндік болмағасын поштамен оқытуға мәжбүрміз, - дейді ол.

Нұрқұйса Дүйсен пошта арқылы оқытуды бастаудың өзі қиынға соққанын айтады. Оның сөзінше, мектеп мұғалімдері оқушыларға тапсырманы "Дарын онлайн" білім беру платформасынан көшіріп алып дайындайды. Көшіріп, оны қағазға шығару да әуре-сарсаңға салады екен.

Амангелді ауылындағы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Нұрқұйса Дүйсен. 30 сәуір 2020 жыл.

Мұғалімдер интернетке қосылып, тапсырманы көшіріп алу үшін ауыл сыртындағы төбеге шығуға мәжбүр. Оны басып шығару да қосымша шығын. Мысалы, бастауыш сыныптың бір оқушысы үшін күніне 4-5 параққа тапсырма басып шығару керек. Бір сыныпта шамамен 15 оқушы бар десек, мұғалім күніне кемінде 70 параққа үй жұмысын өз қаржысына басып шығарады. Бұл жалақыға күні қараған ауыл мұғалімінің қалтасына түсетін қосымша салмақ.

- Оның үстіне бұлай оқыту оқушылардың біліміне едәуір кері әсер етіп жатыр. Бала мен мұғалімнің арасында эмоционалдық байланыс болмаған соң оқушының жаңа сабақты түсініп, меңгеруі қиын. Бұдан оқушылардың үлгерімі төмендеп жатқанын байқадық. Бірақ елде төтенше жағдай режимі болғандықтан, ауылдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, балаларды оқытып жүрміз, - дейді мектеп директорының орынбасары.

Амангелді ауылындағы жалпы орта мектептің спорт алаңы. Түркістан облысы, Қазығұрт ауданы. 30 сәуір 2020 жыл.

Түркістан облыстық білім басқармасының мәліметінше, облыста "Қазпошта" мекемесінің байланыс қызметі арқылы оқып жатқан үш мектептің екеуі – Қазығұрт ауданында, біреуі – Жетісай ауданында орналасқан. Өңірде жалпы саны 219 оқушы пошта байланысы арқылы білім алып жүр.

Қазақстанда наурыздың 16-сынан коронавируске байланысты төтенше жағдай жарияланғаннан кейін онлайн режимде сабақ беруді енгізбек болған үкімет бұған интернеттің мүмкіндігі жетпейтінін мойындап, оның орнына тікелей видео-байланысты қажет етпейтін қашықтан оқытуға көшкен. Оқушыларға күнделікті телеарналар мен радиодан "Күнделік", "Білімленд", "Дарын онлайн" платформалары арқылы сабақ өткізу қолға алынған.

Сәуірдің 17-іне білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова елде 2,4 млн оқушы мен мұғалім түрлі интернет-платформаларды қолданып, 4 мыңға жуық оқушы пошта байланысы арқылы оқып жатыр деп хабарлаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Интернеті жоқ ауыл студенттері мен оқушылары қашықтан қалай оқиды?