Аптаның үздік жеті хикаясы

Нұр-Сұлтандағы "Республика" қозғалысының митингісі. 9 қараша 2019 жыл.

Күнделікті қарбалас шаруамен жүргенде Азаттықтағы маңызды мақалаларды, видеорепортаждарды, фотогалереяларды көрмей қалуыңыз мүмкін. Осы аптада сайтымызда шыққан жеті үздік хикаяны қаперлеріңізге тағы бір мәрте саламыз.

Алматы мен Нұр-Сұлтанда митингілер қалай өтті?

Қарашаның 9-ы күні Алматы мен Нұр-Сұлтанда Oyan, Qazaqstan және "Республика" қозғалысы митинг өткізді. Полиция шараны бақылағанмен ешкімді ұстамады. Митингіге келген жастар елге қоғамдық-саяси өзгерістер қажет екенін айтып, биліктің бір адамның ғана қолында болуы қауіпті екенін айтты. Толығырақ оқу үшін >>>

HRW: Әлем елдері Тоқаевты уәдесін орындауға көндіруі керек

Әлем елдері Қазақстанның БҰҰ-да жақында есеп беретін сәтін пайдаланып, адам құқықтарын жақсартуға уәде берген жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сөзінде тұруға көндіруі керек. Бұл жөнінде Human Rights Watch халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы қарашаның 4-і күні мәлімдеді. Ұйым мәлімдемесі Қазақстан Женевада БҰҰ-ның Адам құқықтары кеңесінде есеп берерден үш күн бұрын жарияланып отыр. Толығырақ оқу үшін >>>

Зағип әнші Әкімжанның арманы

Туғанынан қос жанары көрмейтін 21 жастағы Әкімжан Өміртай қазір Қызылорда қаласындағы зағиптар қоғамында музыкант болып жұмыс істейді. Жас әнші Азаттыққа тұрмысы мен арманы туралы айтып берді.

Қазақстан мен Ресейде президент келерде неге әбігерге түседі?

Омбыда Қазақстан мен Ресейдің 16-өңіраралық әріптестік форумы өтеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей президенті Владимир Путин қатысатын шара бірнеше сағат қана болатынына қарамастан, қалада жарты жылдан бері қызу дайындық жүріп жатыр. 2018 жылы қарашада осындай форум Қазақстанның Петропавл қаласында өткенде президенттер келгенше асфальт пен көгал төселген. 2006 жылы күзде Оралдағы форум кезінде қаладан үйсіз адамдарды жоғалтып, сарғайған шөпті жасыл түске бояған. Толығырақ оқу үшін >>>

Батыс елдері Нұр-Сұлтаннан митингіге рұқсат беріп, азаптауды тоқтатуды сұрады​

7 қарашада Женевада Қазақстан БҰҰ құқық қорғау органында елдегі адам құқығының жағдайы бойынша есеп берді. Жиында Батыс елдері Қазақстаннан Қылмыстық кодекстің кейбір нормаларын, соның ішінде «Араздықты қоздыру», «Жалған ақпарат тарату» сынды баптарды қайта қарауды ұсынды. Делегаттар Қазақстан сайлау заңнамасы бойынша ЕҚЫҰ ұсыныстарын жүзеге асыру керегін де айтты. Толығырақ оқу үшін >>>

Қазақстанда интернет еркіндігі "тым нашарлап кеткені" айтылды​

Қарашаның 5-і күні Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы "Интернеттегі еркіндік" (Freedom on the Net-2019) есебін жариялады. Онда Қазақстанда "бір жыл ішінде интернеттегі еркіндік тым нашарлап кеткені" айтылған. Ұйым Қазақстанды "интернеті еркін емес ел" деп таныды. Толығырақ оқу үшін >>>

Тар қапас. ДАИШ содырлары қамалған түрме​

Сирияның солтүстік-шығысындағы күрдтердің түрмелерінде 12 мыңдай ДАИШ содырлары отыр. Күрд жасақтарының айтуынша, түрмеде отырғандар арасында сириялықтар, ирактықтар және 54 елдің азаматы бар. AFP агенттігінің суреттері.

Тар қапас. ДАИШ содырлары қамалған түрме