Өзбекстанда бұрынғы бас прокурордың соты басталды

Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров (оң жағынан бірінші)

Ташкентте Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыровқа қатысты сот басталды. Каримов тұсында ықпалды шенеуніктердің бірі болған Қадыров "бопсалау", "қызметтік өкілетін асыра пайдалану", "пара алу" баптары бойынша айыпталып отыр.

ЖАБЫҚ СОТ ПРОЦЕСІ

Рашид Қадыровтың ісінен хабардар өзбек шенеуніктерінің бірі Азаттықтың Өзбек қызметіне Қадыровқа қатысты соттың 7 қаңтарда басталғанын, процестің Ташкент қалалық қылмыстық істер бойынша Юнусабад аудандық сотында өтіп жатқанын айтты.

“Сотқа Ташкент қалалық қылмыстық істер бойынша сот төрағасының орынбасары Акбар Туробов төрағалық етіп отыр. Процестің барысы туралы тіпті айыпталушының туыстары да білмейді, себебі сот жабық жағдайда өтіп жатыр. Бүгінгі процеске нақты қанша айыпталушыны апарғанын айта алмаймын, бірақ шамамен 15 адам шығар деп ойлаймын. Процесс басталмай тұрып сот ғимаратына “жедел жәрдем” көлігі келді, демек сотқа Мираглам Мирзаевты әкелді деп айтуға толық негіз бар” деді ол 7 қаңтарда Азаттықтың Өзбек қызметіне.

Ташкент қалалық прокурорының бірінші орынбасары қызметін атқарған Мираглам Мирзаев ұзақ жылдар бойы Өзбекстан прокуратурасындағы ең ықпалды шенеуніктердің бірі болған. Өткен жылы күзде ол ауыр сырқатқа шалдығып, Өзбекстан ішкі істер министрлігі ауруханасына жеткізілген.

Рашид Қадыров

ҚАМАУ МЕН АЙЫП

Өзбекстанның бұрынғы бас прокуроры Рашид Қадыров өткен жылы 22 ақпанда ұсталды. Оған “бопсалау”, “қызметтік өкілетін асыра пайдалану”, “пара алу” баптары бойынша айыптар тағылды. 24 ақпанда Өзбекстанның бас прокуратурасы Қадыровтың ұсталғанын ресми түрде растады.

Өзбекстанның бас прокуратурасын 15 жыл бойы басқарған, “Каримов гвардиясындағы” шенеуніктердің бірі ретінде аталатын 67 жастағы Рашид Қадыров билікке президент Шавкат Мирзияев келгеннен кейін қамауға алынды.

Бұған дейін оны "ауыр қылмыс жасады" деп бірнеше рет айыптаған Мирзияев өткен жылы мамыр айында экс-прокурордың жақын арада ұлттық телеарнадан сөйлейтінін, "қылмысына өкініп", президент пен өзбек халқынан кешірім сұрайтынын айтқан.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев

Азаттықтың Өзбек қызметі әзірге, айыптау актісін көре алмады.

Өткен жылы маусым айында Өзбекстанның бас прокуратурасы “Қадыров ісі” бойынша 24 адамның ұсталғанын, олардың көбі бұрынғы прокуратура қызметкерлері екенін айтқан. Өткен айдың басында құпия ақпарат көзіне сүйенген Азаттықтың Өзбек қызметі 24 адамның ісі бойынша тергеу аяқталғанын, олардың адвокаттарына 25 желтоқсанға дейін айыптау актілерімен танысуға уақыт берілгенін хабарлаған.

БАС ПРОКУРАТУРА МЕН ЖОҒАРЫ СОТ ЖАУАБЫ

Өзбекстан бас прокуратурасының өкілі 7 қаңтарда Азаттық тілшісіне бұл іс бойынша журналистерге ешқандай ақпарат берілмейтінін айтты.

“Тергеу жабық жағдайда өтті, қазір қылмыстық іс соттың құзырында. Сот қоғамға қандай ақпарат берілетінін анықтайды. Бұл қылмыстық іс бойынша процестің ашық немесе жабық өтетінін де сот шешеді” деді бас прокуратура өкілі.

Ал Өзбекстан жоғары сотының есімін атамаған қызметкері Азаттыққа сот процесінің басталғанын растағанмен соттың жай-жапсарын айта алмайтынын жеткізді.

“Қадыров ісі сотқа түсті, бірақ процес жабық өтеді” деді жоғары сот өкілі.

Рашид Қадыров Әндіжанда дүниеге келген. Өзбекстан ұлттық университетінің заң факультетін тәмамдаған ол 1980 жылдардан бастап Өзбек ССР-і мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (КГБ) тергеу бөлімінде жұмыс істеген.

Өзбекстан коммунистік партиясы Әндіжан облыстық комитетінің бұрынғы хатшысының баласы Рашид Қадыров 1992 жылы Өзбекстан ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары, ал 1994 жылы бас прокурордың орынбасары қызметіне тағайындалған. 2000 жылы Өзбекстан бас прокуроры болып тағайындалған Рашид Қадыров бұл қызметті екі мерзім атқарып, 2010 жылы парламент шешімімен қызметінде үшінші мерзімге қалдырылған.

Сарапшылардың айтуынша, жоғары билікке келгеніне екі жылдан асқан бұрын премьер-министр қызметін атқарған президент Шавкат Мирзияев күштік құрылымдарды тазалау науқанын жүргізіп келеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ықпалды генералдан кейін туыстары да қызметтен кетті

Соның аясында бірқатар жоғары лауазымды басшылар қызметтен алынып, қайсыбірінің үстінен іс қозғалған. Елдеге реформаны жалғастыруға шақырған халықаралық құқық қорғау ұйымдары соңғы кезде Өзбекстандағы адам құқығына қатысты жағдайдың оңала бастағанына мән беріп отыр. Дегенмен Орталық Азия бойынша кейбір сарапшылар Мирзияевтің қолға алған шаралары оның билігін күшейтеді деп қауіптенеді.