«Шеруге шықпақ болғаны» үшін жазалау

Жер реформасына қатысты 21 мамырда бүкілқазақстандық митинг өтеді деген ақпарат тарағалы Қазақстанның әр аймағында осы жиынға қатысты әлеуметтік желілерде ой-пікірлерін білдірген азаматтарды жаппай құқық органдарына шақырып, «заңсыз шеруге шықпау» туралы ескертулер жасалды.

Суретте: полиция жасағы Тәуелсіздік ескерткіші қасында ұстаған адамды әкетіп барады. Алматы, 7 мамыр 2016 жыл.

Қазақстан полициясы азаматтарды ұстап әкеткені туралы ақпараттар мамырдың 17-сі күні кешке қарай жиілеп, түн мезгілінде сот оларды 10-15 тәулікке қамауға шешім шығарғаны туралы хабарлар тарай бастады. Ұсталған белсенділерге әкімшілік құқық бұзушылыққа қатысты, қайсыбіріне тіпті қылмыстық кодекс бойынша айыптар тағылып жатыр.

Суретте: белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянның соты өтіп жатқан мамандандырылған сот ғимаратын күзетіп тұрған полицейлер. Атырау, 17 мамыр 2016 жыл.

Атырау соты белсенді Макс Боқаевты 15 тәулікке қамауға шешім шығарды. Сағат 19.00-дан түнгі 2-ге дейін жалғасқан сот отырысына жұртшылық өкілдері мен журналистерді кіргізбеді.

Суретте: Макс Боқаев ауылшаруашылығы жерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсы шеруде сөйлеп тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Атырау қалалық әкімшілік соты шешімімен белсенді Талғат Аян 15 тәулікке қамалды.

Суретте: Талғат Аян жер мәселесі бойынша өткен қарсылық шеруінде тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Алматы қалалық әкімшілік соты белсенді «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожинаны 15 тәулікке қамауға шешім шығарған.

Орал қаласында жер мәселесіне қатысты митинг өткізуге өз атынан өтініш берген белсенді, бард әнші Жанат Есентаевқа қылмыстық кодекстің 174-бабы («алауыздықты қоздыру») бойынша айып тағылып, 17 мамырда белсенді сотқа дейінгі тергеу шарасы аясында үш тәулікке тергеу абақтысына қамалған. Одан бір күн бұрын Есентаевтың пәтеріне полиция тінту жүргізіп, ұялы телефоны мен жеке компьютерін алып кеткен еді. 18 мамырда сот Жанат Есентаевты екі ай қамауда ұстауға санкция берген.

Алматы әкімшілік сотының шешімімен 15 тәулікке қамалған Марат Уатхан. Сонымен бірге сот Сүйіндік Алдабергенов пен Қуат Күнболатов есімді азаматтарға да 15 тәулік әкімшілік қамау жазасын кескен.

Алматының мамандандырылған әкімшілік соты шешіміне сәйкес қала тұрғыны Мөлдір Адылова 15 тәулікке қамалды.

Аcтана қалалық әкімшілік соты «Алаш жолы» қозғалысы белсендісі Мақсат Нұрыпбаевты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алуға шешім шығарғаны туралы оның отбасы хабарлады. Бұған дейін үкімет жанынан жер реформасына байланысты құрылған комиссияға енгізілген Мақсат Нұрыпбаев комиссияның алғашқы отырысынан соң оның құрамынан шығатынын мәлімдеген.

Алматы облысында студент Манас Әбдіманап (суретте) пен жұмысшы Қуаныш Сұлтанәли әкімшілік сот шешімімен 15 күнге қамалған.

Астана әкімшілік соты «Шаңырақ» қоғамдық ұйымы жетекшісі Махамбет Әбжанды 10 тәулікке қамауға шешім шығарған.

Атырау тұрғыны Қасым Қожантаев 18 мамырда әкімшілік сот шешімімен үш тәулікке қамауға алынды. Ол 24 сәуірде өткен шеруде сөйлеп, "жерді сатуға және шетелдіктерге жалға беруге қарсы" екенін мәлімдеген.

Суретте: Қасым Қожантаев (оң жақта) қарсылық акциясында тұр. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Орал әкімшілік сотының шешімімен «Абырой» қоғамдық бірлестігі белсендісі Исатай Өтепов 15 тәулікке қамалды. Белсендіге бұған дейін 24 сәуірде Оралда жалғыз адамдық қарсылық акциясын өткізгені үшін әкімшілік сот 20 айлық есептік көрсеткіш (42 420 теңге) көлемінде айыппұл салған.

Суретте: Исатай Өтепов жалғыз адамдық акция өткізіп тұр. Орал, 24 сәуір 2016 жыл.

ЖСДП белсенділері Құрманғазы Рахметов (суретте) пен Аслан Құрманбаев Астана әкімшілік сотының шешімімен 15 тәулікке қамалған.

Орал әкімшілік соты белсенді Бауыржан Әліпқалиевты «бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет өткізу тәртібін бұзғаны үшін» 15 тәулікке қамады. Дәл осындай айыппен Айболат Бөкенов те 15 тәулікке абақтыға жабылған. Әліпқалиевке бұған дейін 29 сәуірде Оралда жалғыз адамдық қарсылық акциясын өткізгені үшін сот 20 айлық есептік көрсеткіш (42 420 теңге) көлемінде айыппұл салған болатын.

Суретте: Бауыржан Әліпқалиевты (сол жақ шетте) соттан қамау орнына әкетіп бара жатыр. Орал, 18 мамыр 2016 жыл.

Шымкентте әкімшілік сотының шешімімен белсенділер Ибрахим Әлсерке (суретте) мен  Жадыра Дүйсенбекова және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының үйлестірушісі Данияр Құлтаев 15 тәулікке қамалған.

Семейде белсенділер Фарит Ишмухаметов (суретте) пен Кенжебек Сұлтанбеков «рұқсатсыз митинг ұйымдастыру» айыбымен 15 тәулікке қамалған. Бұл екі азаматтың ісін әкімшілік сот 19 мамырға қараған түн ішінде қарап, шешім шығарған.

Орал қаласы әкімшілік соты азаматтық белсенді Лұқпан Ахмедьяровты (суретте сол жақта) 15 тәулікке қамауға шешім шығарды.

Астана әкімшілік соты «Алаш жолы» қозғалысы белсендісі Еділ Мәкенді 15 тәулікке қамауға шешім шығарған. Туыстарының айтуынша, іссапарға кеткен белсендіні полиция Көкшетауда ұстап, Астанаға сотқа жеткізген.

Атырауда 20 мамырға қараған түні өткен сот шешімі бойынша, жергілікті белсенді, кәсіпкер Ерлан Башақов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған. Ол 24 сәуірде Атырауда «жер мәселесі» бойынша шеруге қатысқан еді. Белсенді «рұқсат етілмеген наразылық акциясын» ұйымдастырған деп айыпталған.

Атырауда құқық органдары Макс Боқаев, Талғат Аян, Жасұлан Мұсабеков, Ерлан Башақов, Әлібек Мұсаұлы, Сағынғали Қапизов, Гатауғали Бохан және Құбайдолла Шолақтың үстінен қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу ісін бастағаны мәлім болды. 20 мамыр күні Исатай ауданы Нарын ауылында тұратын зейнеткер Сағынғали Қапизовтың (суретте) үйіне тінту жүргізген билік өкілдері отбасындағы мобиль телефондары, ноутбук және бейнекамерамен бірге зейнеткердің өзін Атырауға алып кеткен.