Совет одағы ыдырағаннан кейінгі алғашқы онжылдықтарда Орталық Азия мемлекеттерінің негізгі заңы салыстырмалы түрде сирек өзгертіліп, көбіне жекелеген түзетулер енгізумен шектелген болса, 2010-жылдардың аяғынан бастап Конституцияны референдум арқылы қайта жазу аймақта қалыпты тәжірибеге айналды. Көп жағдайда мұндай өзгерістер президент билігін күшейтуді көздеді. Тәжікстанда Конституцияға енгізілген түзетулер іс жүзінде қазіргі көшбасшының шексіз үстемдігін бекітті; Қырғызстанда парламенттік басқару моделінен кетіп, мемлекет басшысына кең өкілеттік беріп қойды; ал Өзбекстанда реформа қазіргі президенттің биліктегі мерзімін шыт жаңа етіп, қайта бастаумен қатар жүрді.
ҚАЗАҚСТАН: ҮШ ЖЫЛ ІШІНДЕГІ ЕКІНШІ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ
Қазақстан азаматтары санаулы күннен соң қазіргі Конституцияны өзгерту жөніндегі референдумға дауыс бермек – алдыңғысы өткеніне үш жыл да болған жоқ.
2022 жылғы референдум қанды Қаңтар оқиғасынан кейін өтті. Сұйылтылған газ бағасының өсуіне жұрттың қарсылығы жаппай халық наразылығына айналып, оның аяғы бейберекет дүрбелеңге, жаппай ұстап, қамау мен азаптаулар қатар жүрген ауқымды саяси дағдарысқа ұласты. Сол кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзіне дейін отыз жылдай ел басқарған Нұрсұлтан Назарбаевтан іргесін аулақ салуға ұмтылып, саяси жүйені "жаңарту" қажеттігін мәлімдеген еді.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгертулер енгізу туралы референдум кезінде дауыс беріп жатыр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 5 маусым, 2022 жыл.
Ресми түрде 2022 жылғы реформаны суперпрезиденттік билік моделінен неғұрлым теңгерімді басқару жүйесіне көшу деп таныстырды. Орталық референдум комиссиясының мәліметіне сәйкес, ресми тіркеуде тұрған сайлаушылардың шамамен 68 пайызы дауыс беруге қатысып, соның 77 пайыздан астамы негізгі заңға түзетулер енгізуді қолдаған. Сөйтіп Конституцияның 33 бабы өзгертілді. Негізгі заңнан бірінші президенттің ерекше мәртебесіне қатысты барлық ереже алынып тасталды, ал өзі кейінірек "елбасы" (ұлт көшбасшысы) атағынан айырылды. Бақылаушылардың көбі мұны елдегі саяси жүйеге президент пен экс-президент қосанжарласа ықпал еткен қос билік дәуірі аяқталғанының символына балады.
Жаңартылған Конституцияда президент жеті жылдық бір мерзімге ғана сайланады деп белгіленді. Мұндай шешім ұзақ мерзімге созылатын дара билікке жол бермеу ниетімен қабылданды деп түсіндірілді.
Саясаттанушы Димаш Әлжанов бұл баптың өзі "еңсере алмайтын шектеулер белгілемейді" дейді. Сонымен қатар, 2026 жылғы 15 наурыздағы референдумға шығарылған жоба енгізілетін өзгертулер емес, жаңа Конституция ретінде ұсынылып жатқаны, сарапшының пікірінше, бұған дейін бір рет жеті жылға сайланған іс басындағы президенттің биліктегі мерзімін қайтадан жаңадан бастауға мүмкіндік береді деп түсіндіруге жол ашуы мүмкін.
– Қазақстанда конституциялық құрылым тұрақты емес, ал ондағы рәсімдер мен ережелердің сақталуын парламент пен сот тәуелсіз билік тармақтары ретінде қамтамасыз етпейді, – деп түсіндірді сарапшы. – Бұл бап 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін халықтың наразы көңіл күйін бәсеңдету қажеттілігінен я белгілі бір келісімдер нәтижесінде енгізілді ме, ал қазір соны айналып өтпекші ме – мұны президент сайлау жақындаған кезде білетін боламыз.
Ақпан айында Reuters агенттігі жаңа Конституцияның қабылдануы іс басындағы президенттің бұрынғы негізгі заң бойынша белгіленген мерзімі жойылады деп бағалауға болатын саңылау қалдырса, онда Тоқаев тағы бір мерзімге сайлануы мүмкін деп жазған . "Қазақстандағы дипломатиялық ортадағы дереккөз жаңа Конституция бойынша жаңа президенттік мерзім болуы мүмкін екенін, бірақ түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын айтты" деген Reuters.
Астана революциялық өзгерістер деп атап отырған өзгерістер қатарында мыналар бар: қос палаталы парламенттен партиялық тізім бойынша сайланатын бір палаталы парламентке (құрылтай) көшу және заң шығару туралы бастама көтеруге құқылы кеңесші орган – Халық кеңесін құру. Жобада бұл кеңес қалай құрылатыны нақты көрсетілмеген. Бірақ бұған дейін Тоқаев оның құрамында 164 адам болады деп мәлімдеген еді. Президент оларды Қазақстан халқы ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің, қоғамдық ұйымдардың және мәслихаттардың (жергілікті өкілді органдардың) өкілдерінен тағайындайтын болады.
Егер депутаттар мемлекет басшысы құрылтай спикері, премьер-министр я вице-президент (оны президент өзі тағайындайды) лауазымдарына ұсынған кандидатураларды екі рет мақұлдамай қойса, онда президент парламентті тарата алады. Ал ондай жағдайда президент заң күші бар жарлықтар шығару құқығына ие болады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Билік ұсынған жаңа Конституция жобасын қолдау мен сынҚазақстандағы кей бақылаушылар жоба мемлекет басшысының билігін күшейтеді деп есептейді. Саясаттанушы, "Тәуекелдерді бағалау тобының" директоры Досым Сәтпаевтың пікірінше, жаңа Конституция жобасы суперпрезиденттік жүйені әлсіретпейді, керісінше, ол неғұрлым кеңейіп, барлық жағынан іргелі болып бекиді.
– Бұл биліктің басқа тармақтарын – парламентті және сот жүйесін – бақылау тұрғысынан да, сондай-ақ мемлекет басшысына қол сұғуға болмайтынын күшейту тұрғысынан да көрінеді. Әу бастан президентке, мемлекетке опасыздық жасаған жағдайдан өзге, кез келген айыптан қорғайтын "индульгенция" беріледі. Ал импичмент жариялау рәсімі одан сайын күрделене түседі және сайлау құқықтары елеулі түрде шектеледі, – дейді саясаттанушы.
Сәтпаевтың айтуынша, жаңа Конституция саяси жүйе жаңарады дегенді білдірмейді. "Бұл – Назарбаевтың басқару моделінің жалғасы", – деп санайды сарапшы.
Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанда Конституцияға енгізуге ұсынылған өзгертулер "тежеу және тепе-теңдік жүйесіне, сондай-ақ адамның негізгі құқықтарына қауіп төндіреді" деп есептейді . Ұйымның пікірінше, бұл түзетулер атқарушы билікті бақылау тетіктерін әлсіретіп, барлық билікті президенттің уысына шоғырландырады.
Алайда Астана мұндай уәждерді жоққа шығарып, керісінше, тежеу және тепе-теңдік тетіктері нығаятынын айтып, референдумге шығарылған жобаны "түбегейлі жаңартылған әрі кәсіби тұрғыда әзірленіп, тыңғылықты сараптамадан өткен құжат" деп сипаттайды. Жаңа Конституция жобасының авторы аталып жүрген президент Қасым-Жомарт Тоқаев ол "мемлекетті түбегейлі қайта құру және қоғам санасын жаңа дәуір талаптарына сай жаңарту қажет болғандықтан" жазылды деп түсіндіреді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстандағы "суперпрезидент моделі" және Конституция жобасы: алда не күтіп тұр?ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ "ХАНСТИТУЦИЯ"
Қырғызстанда конституциялық референдум 2021 жылғы 11 сәуірде өтті. Ол 2020 жылдың күзіндегі парламент сайлауынан кейін басталған саяси дағдарыстан соң ұйымдастырылды. Ол уақытта жаппай наразылықтар сайлаудың ресми қорытындысының күшін жоюға, үкіметтің отставкаға кетуіне және Садыр Жапаровтың түрмеден шыға сала билік басына келуіне әсер етті. Жапаров алдымен президент міндетін уақытша атқарушы болды, кейін мемлекет басшысы болып сайланды.
Жаңа биліктің алғашқы шешімдерінің бірі басқару жүйесін өзгерту жайлы болды. Жапаров пен жақтастары 2010 жылғы революциядан кейін енгізілген парламенттік басқару моделі елде бітіп болмайтын саяси жанжалдарға және атқарушы биліктің әлсіреуіне алып келді деп мәлімдеді.
Жаңа Конституция жобасы қысқа мерзімде дайындалып, қоғамда бірден қызу пікірталас тудырды. Сыншылар құжат президент өкілетін күрт күшейтеді және парламентті әлсіретеді деп мәлімдеді. Заңгерлер мен азаматтық белсенділер негізгі заңды талқылау өте тез жүргізілді және толыққанды қоғамдық пікірталас болған жоқ деп сын айтты. Әлеуметтік желі қолданушылар және кей саясаткерлер Қырғызстан күшті көшбасшы моделіне қайта оралғанын меңзеп, жаңа Конституцияны "ханституция" деп атай бастады.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров
"Маған конституциялық реформа бойынша билік бір қолға шоғырланатыны ұнамайды. Иә, Садыр Жапаров барлық жауапкершілікті мойнына алуға дайын екенін мәлімдеді, бұл халықты жігерлендіреді. Бірақ билік бір қолда шоғырланған кезде, халық биліктен айырылғанын түсінген кезде революциялар болады", – деп мәлімдеген еді сол кезде қырғызстандық саясаттанушы Бақыт Бакетаев.
Қырғызстанда Конституция жөнінде референдум өтті деп жарияланды. Ресми деректерге сәйкес, дауыс бергендердің 79 пайызға жуығы жаңа Конституцияға қолдау білдірген. Ал сайлаушылардың 36-37 пайызы дауыс беруге қатысқан (Қырғызстанда референдум өтті деп танылуы үшін кемінде 30 пайыз болу керек). Билік дауыс беру қорытындысын саяси тұрақтылықты көздейтін бағытты қолдау деп атады. Президент Садыр Жапаров Қырғызстан "коалициялар бейберекеті" кезеңін аяқтап жатыр деп мәлімдеді.
Арада бес жыл өткенде, "бір кездері Орталық Азиядағы демократия аралы атанғанын мақтан тұтқан Қырғызстан аймақтағы өзгелер сияқты кейіпке енгенін көрсетеді: билігі орталықтандырылған, өзгеше ойлайтындарды басып-жаншиды және ашық сыннан қорқады", – деп жазды зерттеуші Айгерім Тұрғынбаева "ханституция" қабылдаудың салдары жайында Diplomat журналына шыққан мақаласында.
Freedom House халықаралық ұйымы 2020 жылғы революциядан кейін Қырғызстанды "еркін емес елдер" санатына қосып жүр, ал бұрын мемлекет "жартылай еркін" елдер қатарында болған еді. Бұған себеп ретінде азаматтардың саяси құқықтарын шектеу және азаматтық қоғам институттарына қысым көрсету оқиғалары аталған . Ұйым сарапшыларының пікірінше , Қырғызстан аймақтағы өзге көршілері сияқты "біртұтас авторитар режимге" айналып отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғызстанда Жапаровтың президенттік мерзімі жөнінде дау туды"ЖАҢА ӨЗБЕКСТАН" ЖӘНЕ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЖАҢА МЕРЗІМІ
2016 жылы Өзбекстанда Шавкат Мирзияев билікке келгеннен кейін ел біртіндеп экономикалық және әкімшілік либерализацияны бастады. Валюта нарығындағы шектеулер жеңілдетіліп, халықаралық байланыстар кеңейтілді, мемлекеттік басқару саласында реформалар қолға алынды.
Сол кездегі Конституцияда ел президенті бес жыл мерзімге сайланады және "қатарынан екі мерзімнен артық" сайлана алмайды деп жазылған еді. Мирзияев президент лауазымына екінші мерзімге қайта сайланған кезде, оның айналасындағылар Мирзияевтің билікте қалу мүмкіндіктерін ұзарту амалдарын ойластыра бастады. Сөйтіп, көрші елдер салған сүрлеуге – Конституцияны өзгерту жолына түсті.
2023 жылғы 30 сәуірде елде конституциялық референдум өтті. Билік түзетулерді "Жаңа Өзбекстанның" негізі деп таныстырып, жаңарған Конституция "халықтың еркін" білдіреді және реформалардың құқықтық негізін қалыптастырады деп мәлімдеді. Құжат кәдімгідей өзгеріске ұшырады: мәтіннің шамамен 65 пайызы жаңартылды. Конституцияға алғаш рет кең ауқымды әлеуметтік құқықтар енгізілді: онда лайықты баспана алу құқығынан бастап еңбек және білім саласын қорғауға қосымша кепілдіктерге дейін жазылған. Өзбекстан ресми түрде "әлеуметтік мемлекет" деп жарияланды.
Жаңарған Конституция президенттің өкілет мерзімін бес жылдан жеті жылға дейін ұзартты, ал Негізгі заңның жаңа редакциясының қабылдануымен Шавкат Мирзияевтің бұрынғы президенттік мерзімдері іс жүзінде жойылып, есептелмейтін болды. Ол жаңа заң бойынша, президент лауазымына қайта сайланды. Теория жүзінде Мирзияевтің 2037 жылға дейін билікте қалуға мүмкіндігі бар.
Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев
Реформаны сынға алғандар саяси жүйенің негізгі өзгерістері құжаттың саяси бөлімінде жасалған, ал әлеуметтік құқықтарды кеңейту көбіне декларация сипатында ғана болды деген пікір білдірді.
Лондондағы Central Asia Due Diligence талдау орталығы директоры Әлішер Илхамов Өзбекстанның жаңа Конституциясы жайлы пікірінде кез келген авторитар режим екі факторға сүйенетінін айтты: бір жағынан – саяси легитимдік алу, екінші жағынан – билікке бақылау орнату және өмір бойы билік етуге ұмтылу. Өзбекстан президенті де бұдан құралақан емес.
– Мирзияев осы екі полюс арасында саясат жүргізіп отыр, – дейді Әлішер Илхамов. – Ол осы мақсаттардың біреуін ғана көздей алмайды. Оған саяси легитимдікті қамтамасыз ету маңызды, яғни қоғам мен халықаралық қауымдастық алдында азды-көпті жағымды бейнеде көрінуі керек. Конституцияда ол өкілеттіктерді иемденіп алу жағына, автократияға қарай бұрылып тұр. Бірақ сонымен қатар адам құқықтарына қатысты түзетулер арқылы мұны "жұмсартуға" тырысады.
2022 жылдың жазында конституциялық реформа төңірегіндегі қосымша шиеленіс пайда болды. Сол кезде билік өзге де түзетулермен бірге, Қарақалпақстанның мәртебесін өзгертуді ұсынған еді. Бастапқы жобаға сәйкес, Конституциядан автономды аймақтың Өзбекстан құрамынан шығу құқығы туралы ережелерді алып тастау көзделген. Нөкісте наразылық бұрқ ете түсті. Билік жаппай наразылықты күшпен басып, шамамен 20 адам қаза тапқаннан кейін, Ташкент даулы өзгерістерден бас тартып, аймақтың бұрынғы мәртебесін сақтауға уәде берді. Бұл оқиға тіпті президент билігі күшті жүйеде де реформалар қоғамның елеулі қарсылығына тап болуы мүмкін екенін көрсетті.
– Мирзияев осының бәрінен қандай да бір сабақ алды ма, оны айту қиын, өйткені негізгі көздегені Қарақалпақстанның мәртебесін өзгерту емес еді, – дейді Әлішер Илхамов. – Негізгі мақсат – президенттік мерзімдерді өзгерту болатын. Билік түзетулер енгізуді біршама уақытқа шегерді – әлгіден шығарған қорытындысы сол ғана. Елдегі және Қарақалпақстанның өзіндегі жағдайдың сәл тұрақтануына мүмкіндік берді. Сосын бұл мәселеге қайта оралып, адам құқықтарына қатысты нормаларды көбірек қосты, осылайша Конституцияны тиімді қылып көрсететіндей жарнама жасауға тырысты. Алайда мән-мазмұны мен себептерін жақсы түсінетін зерек адамды бұл түзетулермен жаңылыстыру қиын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттық зерттеуі: Мирзияев Өзбекстанды үлкен әулетімен бірге басқарып отырТӘЖІКСТАНДАҒЫ ШЕКТЕУСІЗ САЙЛАНУ ҚҰҚЫҒЫНА ИЕ "ҰЛТ КӨШБАСШЫСЫ"
Тәжікстанда Конституцияны өзгерту туралы референдум 2016 жылғы 22 мамырда өтті. Елдегі билік құрылымына, саяси партияларға және жоғары мемлекеттік қызметтерге үміткерлерге қойылатын талаптарға қатысты бірқатар өзгерістер енгізу дауысқа қойылды. Референдумның басты нәтижесі – президент Эмомали Рахмонның ерекше мәртебесі заң жүзінде бекітілді. Конституцияға "Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – ұлт көшбасшысы" туралы ережелер енгізілді. Бұл мәртебе елді 1992 жылдан бері басқарып отырған Эмомали Рахмонға президент сайлауына кандидат болып қатысуына шек қоймайды. Көптеген бақылаушылар референдумды Рахмонның саяси позицияларын одан әрі нығайтуды көздеген қадам деп бағалады.
Түзетулер Конституцияның басқа да маңызды ережелеріне әсер етті. Атап айтқанда, президенттік лауазымына үміткер адамның жасына қойлатын талап өзгерді: оның шегі 35 жастан 30 жасқа дейін төмендетілді. Сол кезде сарапшылардың көбі бұл норма болашақ билік транзитіне дайындықпен байланысты болуы мүмкін деген болжам айтқан еді.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон
Бақылаушылар болашақта президент болу ықтимал кандидат ретінде Эмомали Рахмонның ұлы Рустам Эмомалиді атайды. Ол Тәжікстан астанасының мэрі әрі парламенттің жоғарғы палатасын басқарады. Тәжікстанның саяси жүйесінде спикер лауазымы маңыздылығы жағынан президенттен кейінгі екінші тұлға саналады. Конституцияға сәйкес, президент өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан немесе қайтыс болған жағдайда мемлекет басшысының міндетін жоғарғы палата төрағасы атқарады.
Ресми мәлімет бойынша, референдумге дауыс беруге азаматтардың 92 пайызға жуығы қатысып, шамамен 94,5 пайызы Конституцияны өзгертуді қолдаған.
Реформаның тағы бір жаңалығы – елде діни негізде партия құруға тыйым заң жүзінде бекітілді. Билік мұны мемлекеттің зайырлы сипатын қорғау және саясаттың радикалдануына жол бермеу қажеттігімен түсіндірді. Ал сыншылар бұл өзгерістер саяси бәсекелестік кеңістігін одан әрі тарылтқанын айтты.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ұмытылған, сырттай сотталған һәм даңқынан айырылған... Орталық Азиядағы тұңғыш президенттердің қазіргі мұрасыТҮРКІМЕНСТАН: КОНСТИТУЦИЯНЫ ОТБАСЫЛЫҚ ТРАНЗИТ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛДЫРУ
Түркіменстанда кейінгі жылдары билік архитектурасы бірнеше рет өзгертілді, бірақ олар референдум өткізбей-ақ жасалды. 2020-2021 жылдары елде екі палаталы парламент енгізіліп, жоғарғы палата – Халк Маслахаты пайда болды. Билік мұндай өзгеріс "басқаруды жетілдіру" және саяси жүйеде қоғам өкілдігін күшейту үшін қажет болды деп түсіндірді. Алайда бақылаушылардың көбі бұл өзгерістерді билік транзитіне дайындық деп бағалады.
Елді 2006 жылдан бері басқарып келген президент Гурбангулы Бердімұхамедов жаңадан құрылған жоғарғы палатаның төрағасы да болды. Сарапшылар мұндай құрылым оған мемлекет басшысы лауазымынан кеткен жағдайда да саясаттағы ықпалын сақтап қалу үшін қажет болды деген болжамдар айтқан-ды.
2022 жылы Түркіменстан президенті лауазымына Ғұрбанқұлы Бердімұхамедовтің ұлы Сердар Бердімұхамедов сайланды. Ал бұрынғы президент саясаттан қол үзбей, ұлттық көшбасшы мәртебесін сақтап қалды.
2023 жылы Түркіменстанда саяси жүйенің құрылымы тағы да өзгерді. Екі палаталы парламент таратылды, ал Халк Маслахаты парламенттік жүйеден шығарылып, халық билігінің жеке жоғары органы ретінде қайта құрылды. Қазір Ғұрбанқұлы Бердімұхамедов соның төрағасы болып отыр.
Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов әкесі Ғұрбанқұлы Бердімұхамедовтың суретінің алдында тұр.
Заң жүзінде елді президент Сердар Бердімұхамедов басқарады, алайда ерекше мәртебесін сақтап қалған әкесі Ғұрбанқұлы Бердімұхамедов саяси шешімдерге елеулі ықпал етіп отыр. Билікті жақтайтындар мұны сабақтастық пен тұрақтылық символы деп дәріптесе, сын айтушылар бұл іс жүзінде отбасылық басқаруды институт ретінде енгізген жүйе дейді.
– Жалпылама баға берер болсақ, аймақтағы елдердің бәрі саяси моделі мен басқару формасы ұқсас президенттік автократияға жатады, – дейді қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжанов. – Конституциялық дизайндағы болмашы айырмашылық түбегейлі рөл атқармайды және бұл елдердің ешқайсысын жалпы үрдістен бөліп-жармайды.
"Тәуекелдерді бағалау тобы" директоры Досым Сәтпаевтің пікірінше, Орталық Азия елдеріндегі конституциялық реформалардың басым көпшілігінің көздегені – президент билігін күшейту болған.
– Өзбекстанда 2023 жылы президент лауазымына жеті жыл мерзімге екі рет сайлануға болады деп бекітілді, іс жүзінде Шавкат Мирзияевтің мерзімі қайтадан басынан есептелді. Бұл – президент билігі ұзартылып, мерзімі тұрғысынан күшейтілгенінің нақты мысалы, – дейді Досым Сәтпаев. – Дәл сондай жағдайды біз 2021 жылы Қырғызстанда да көрдік, онда жаңа конституциялық реформа парламенттік-президенттік басқару жүйесін жойып, кең өкілеттіктері бар президенттік басқару жүйесін қайта енгізді. Орталық Азия елдерінің бәрі суперпрезиденттік мемлекетке жатады. Сондықтан олардың арасында ұқсастық: конституциялық реформалардың басты міндеті – президенттік билікті нығайту. Бұған әртүрлі себептер, түрлі жағдайлар – саяси, әлеуметтік-экономикалық факторлар әсер етуі мүмкін, бірақ түпкі мақсат нақ сол болып қала береді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Өзбекстан мен Қазақстанның "сәтсіз" тәжірибесінен соң династия транзитін жеделдеткен "арқадағ"