Бұрынғы діни қызметкер Иаков Воронцовтан "есірткі притонын ұйымдастыру" айыбы алынды

Иаков Воронцов

Қазақстандағы Орыс православ шіркеуінің бұрынғы діни қызметкері Иаков Воронцовқа тағылған "есірткі притонын ұйымдастыру" айыбы күшін жойды. Қылмыстық кодекстің 302-бабының 1-бөлігінде қарастырылған айып Воронцовқа берілген прокурор актісінде жоқ деп хабарлады оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов Азаттық Азияға.

Қорғаушы айыпты алып тастауға не себеп болғанын білмейді. "Прокурор оны айтқан жоқ. Ол айып тағушы ғой. Біз тек айыптауға келіспейтінімізді білдірдік", – деді Нұрпейісов.

40 жастағы Воронцовқа "есірткі заттарын сату ниетімен заңсыз өндіру, өңдеу, сатып алу, сақтау немесе тасымалдау" (296-баптың 4-бөлігі бойынша) айыбы да тағылған. Бұл айып әлі күшінде.

Воронцов биыл 13 ақпанда ол "есірткі заттарын тұтынған" деген күдікпен әуелі 10 күнге қамалған. Соның алдында түнде оның Алматыдағы үйінде тінту жүргізген полиция тыйым салынған зат салынған үш пакет табылғанын хабарлаған. Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Ол 23 ақпанда 10 күндік қамаудан босап шығуға тиіс еді, алайда сол күні таңертең оны тергеушіге жауап беруге әкеткен. Адвокатының айтуынша, сол кезде оны "есірткі притонын ұстаған" және "сату мақсатын көздемей есірткі заттарын сақтаған" деген күдікпен екі айға қамаған.

Иаков Воронцов 2022 жылы Ресей Украинаға қарсы бастаған соғысты тоқтатуды талап еткен православ діни қызметкерлерінің ашық үндеуіне қол қойғандардың бірі ретінде көпшілікке танылған. 2023 жылы тамызда Орыс православ шіркеуі оны діни дәрежесінен айырды. Содан кейін Воронцов Қазақстанда Мәскеу патриархатына бағынбайтын, өзін-өзі басқаратын дербес православ діни бірлестігін құруға талпынды. Алматы қаласының әділет департаменті ол ұйымды тіркеуден бас тартты. Бұған келіспеген Воронцов әділет министрлігінің үстінен сотқа жүгінген еді, бірақ бірнеше күннен кейін өзі ұсталды.

Воронцов қамауда болған кезде билік оны мәжбүрлеп емдеуге Алматы облысындағы психиатриялық ауруханаға бір айға жатқызды. Сол кезде қазақстандық адам құқықтары және заңдылықты сақтау бюросы дәрігерлер Воронцовтың денсаулығынан ешқандай психикалық ауытқу таппады деп хабарлаған. Кейін оны қайтадан тергеу абақтысына ауыстырды.

Тамыз айының аяғында Иаков Воронцовтың үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, материалдары сотқа жіберілгені мәлім болды.

Сот процесі өткен жұмада басталуы керек еді, бірақ отырыс кейінге қалдырылды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бұрынғы дін қызметшісі Иаков Воронцов психиатриялық ауруханадан тергеу абақтысына ауыстырылдыАпелляция соты экс-священник Иаков Воронцовты психиатриялық емханада қалдырдыРепрессив тактика ма, заңды сараптама ма? Иаков Воронцов ісіHRW: Воронцов психоневрологиялық диспансерден босатылуы тиісАҚШ комиссиясы абақтыда отырған Иаков Воронцовты сенім-нанымы үшін қудаланғандар тізіміне қосты